Кеңес орыс адамдары
Естелік, соғыс және ұрпақ жалғастығы туралы толғаныс
Соғыстан қайтқан солдаттың жолы — бір ғана адамның жолы емес. Ол жолда сағыныш та бар, үнсіз жауапкершілік те бар, аналардың сұрағы да бар.
Сағыныштан басталған жол
Станса басынан колхозға қарай созылған қара жолмен аттылы-жаяу талай өткен. Сол жолдың бойымен жолқапшығын арқалаған, жеңіспен оралып келе жатқан солдат келеді. Дәл қазір оның қай майданда, қандай бөлімде соғысқаны аса маңызды емес. Ең маңыздысы — туған ауылынан жырақта өткен соғыстан кейін туған жерін, қазақ ауылын сағынып келе жатқаны.
Бірақ солдаттың жанын қинайтын бір сұрақ бар. Алдынан шыққан ақ шашты ананың: «Менің ұлымды көрмедің бе?» — деген сауалы. Ана ұлынан қара қағаз алған. Мүмкін, солдат пен ананың ұлы құлын-тайдай тебісіп бірге өскен шығар. Мүмкін, екеуі майданға да бір мезетте аттанған шығар. Алайда соғыс алақандай ауылдың көлеміндей жерде өткен жоқ қой: олар екі түрлі майданда болған шығар. Солдат көрмеген.
Артынша қара торы келіншек үмітпен сұрайды: «Тілектестің көкесін көрмедің бе?» Одан да қара қағаз келген. Бірақ солдаттың аман оралуы — біреудің сүйегі жат жерде қалғанына кінәлі деген сөз емес.
Ән ішіндегі есеп
Рашид Мұсабаев орындайтын «Жеңіс күні» әніндегі (музыкасы Д. Тухманов, сөзі В. Харитонов, аудармасы Бегілдә Алдамжар) мына жолдарда соғыстан оралған солдаттар аналарға есеп бергендей:
Асыл ана, оралмадық бәріміз,
Көк шалғында сайрандармыз әлі біз!
Еуропаны шарлап шығып көп айда, —
Осы күнді жақындаттық қалайда.
Бұл шумақта жеңімпаз рух бар. Иә, бәрі бірдей оралмады. Бірақ тірі қайтқандардың өз шындығы да осы: «Осы күнді жақындаттық». Жеңіс туралы хабар естілгенде, сан мың адам жылапты дейді. Өйткені олар қайғыны көп көрген еді. Бұл Жеңіс — сол қайғыға тоқтау салған Жеңіс болатын.
1945: адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталуы
1945 жыл — адамзат өмірінде бұрын-соңды болмаған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған жылы. Бұл соғыс 1939 жылғы 1 қыркүйекте Германияның Польшаға басып кіруінен басталып, 1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапонияның тізе бүгуімен аяқталды.
Деректерде соғысқа 61 мемлекет қатысқаны, 40 мемлекеттің жерінде ұрыс қимылдары жүргені, соғыстың соңында фашизм толық күйрегені айтылады. Фашизмнің күйреуі Батыс Еуропада демократиялық құрылымдардың орнығуына жол ашты. Ал фашизмді жеңуде КСРО халықтары шешуші рөл атқарды.
Нюрнбергтегі «адам» туралы сөз
1946 жылғы Нюрнберг процесінде Кеңес айыптаушысы Р. Руденко Германияның екінші басшысы Герингтен: «Қылмыс жасағаныңызды мойындайсыз ба?» — деп сұрағанда, Геринг: «Бұл қылмыс емес, үлкен қате» — деп жауап береді.
Ол қандай «қате» туралы айтты? Геринг Кеңес Одағының өнеркәсіптік қуатын, соғысқа дайындық деңгейін, ұшақ, танк, зеңбірек санын шамалап білгенін айтады. Бірақ, оның сөзіне қарағанда, бұдан да күшті бір нәрсе болған: адамның күші. Кеңес адамдарының төзімі мен қуатын немістер алдын ала толық бағаламаған. «Оларды қазір де түсінбейміз» дегені де бар.
Бұл «адам» деген ұғымның ішінде қазақтардың да күші бар еді. Геринг қазақтарды жеке атап айтпаса да, сол ортақ қайсарлықтың бір бөлшегі — біздің де тағдырымыз.
Кеңес адамдарының күші фашизмді жеңді. Бірақ бұл Жеңістің құны аса ауыр болды. Бір дерек бойынша, тек 1923 жылы туған кеңестік жауынгерлердің 80 пайызы соғыста қаза тапқан. 1941 жылы олар енді ғана он сегізге толған өрімдей жастар еді.
Соғыстан қайтқан қазақ жауынгері үшін колхоздың атауы, ауылдық кеңестің нөмірі маңызды емес. Қазақстанның қай түкпіріне бет алғанымен, оның көкейіндегі ең үлкен сезім — оқ-дәрінің иісінен кейін туған елдің түтінін, туған жердің исін аңсау.
Әке құжаттары сөйлегенде
Әкемнің атына берілген бір анықтамада: 1943 жылы армияға кетіп, 1944 жылы келген деген жолдар бар. Қызмет орнындағы жеке іс парағы да 1943 жылдың наурызынан 1944 жылдың тамызына дейін Ленинград майданының солдаты болғанын көрсетеді.
Кейінгі жолдарда оның түрлі қызметтері тізіледі: Жданов колхозының басқарма хатшысы; одан соң Жданов атындағы мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі; Аранды ауылдық кеңесіне қарасты оқу үйінің меңгерушісі; ауылдық кеңес хатшысы; М. Горький колхозының кітапхана үйінің меңгерушісі. Құжаттардың бірінде сол жақ шетінде №11 Сартөбе ауылдық кеңесі атқару комитетінің мөрі басылған.
Ерте жылдардан қалған айғақ
Оқушы күнінде берілген мақтау грамотасында: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №9 Аранды ауылдық кеңесіне қарасты М. Горький мектебінің 7-сынып оқушысы Қожахметов Қолғанатқа өте жақсы оқып, үлгілі тәртіпті болғаны үшін берілді — деген жазу бар. Төменінде: 1942 жыл.
Анықтамалардың тілі
Бір анықтамада: №9 Аранды ауылдық кеңесіне қарасты, 1925 жылы туған; 1943 жылы армияға кетіп, 1944 жылы келген; №11 «Социализм» колхозында мұғалім — деп көрсетіледі.
Екінші құжатта: 1944 жылдың тамызында келгені; 1944–1947 жылдары мұғалім болғаны; кейін №9 Аранды ауылдық кеңесіндегі оқу үйін басқарғаны жазылған.
Рекомендация: сенім мен мінез туралы
1950 жылы жазылған құжатта Жданов колхозының төрағасы Ә. Сағымбаев: 1943 жылдан бері партия мүшесі екенін, Қожахметов Қолғанатты 1933 жылдан бері білетінін, оның «бөтен бұзық мінезі болмағанын», міндетін жауапкершілікпен атқарып жүргенін атап, партия кандидатурасына ұсынатынын жазады. Артынша бастауыш партия ұйымының хатшысы да қол қояды.
Анам да осы Жданов колхозында туған. Неке куәлігінде екеуінің туған жері Жданов колхозы, некенің тіркелген орны Максим Горький колхозы деп көрсетілген. 1948 және 1950 жылдары дүниеге келген тұңғыш екі ұлдың туу туралы куәліктері де қалған. Өкінішке қарай, олар кішкентай күнінде дүниеден өтті. Қолда қалғаны — бөлек-бөлек үлкейтілген сәби фотосуреттері мен құжаттар ғана.
1944 жылдың 9 наурызынан кейін толтырылған жарақат туралы анықтамада әкемнің сол күні кеңестік Отан үшін шайқаста жараланғаны жазылған. Тағы бір құжат — әскер қатарынан босатылғаны жөнінде. Онда Ленинград қаласы көрсетілген және №268 әскери эвакуациялық госпитальдің дөңгелек мөрі басылған.
Деректер бойынша, Ленинград қоршауы 1943 жылғы 18 қаңтарда бұзылып, қала 1944 жылғы 27 қаңтарда толық азат етілді. Ал 1944 жылдың тамызына дейін созылған Ленинград шайқасының нәтижесінде облыс та жаудан тазартылған. Сол от-жалыннан шығып келе жатқан әкем де, жоғарыдағы әңгімедегі солдат сияқты, туған колхозын сағынып қайтқан шығар деп ойлаймын.
Әке рухына арналған сөз
Бұл әңгіме — әкемнің рухына арналады. 1977 жылдың 8 желтоқсанында елу екі жасында дүниеден өткен әкеме 1975 жылы Қазалы аудандық партия комитеті жолдаған құттықтауда: Ұлы Отан соғысы майданында ел сенімін ақтады, жауға қарсы тайсалмай шайқасты, сөйтіп Жеңіс күнін жақындатуға лайықты үлес қосты — деген мазмұндағы жолдар бар. Мұндай мәтін сол жылдары көзі тірі соғысқа қатысушыларға ортақ болғаны түсінікті. Бірақ ішіндегі бір ұғым ерекше мәнді: «Жеңіс күнін жақындатуға үлес қостыңыз».
Демек, «День Победы» әнінің аудармасында айтылатын: «Оралмадық бәріміз… Осы күнді жақындаттық» — деген сөздерде тек орыс ұлдарының ғана емес, қазақ ұлдарының да тағдыр-тағылымы өріліп жатыр.
Ұрпаққа қалған сарғайған қағаз
Он сегізде еді олар, ең кемі,
Одан да жас — емес соғыс ертегі.
Енді олардың құжаттары сарғайған,
Ұрпағына тағдырдан сыр шертеді.
Жалғасты ұрпақ, өседі ұлан — ұлыңды ұқ,
Олардан да дәстүрге сай ұғым күт.
Ұрпақтары жауынгердің кешегі,
Өзіңді де күзетіп тұр бүгін нық.
Өтті зұлмат, уақыт алға көшеді,
Болашақтың самалы алдан еседі.
Жалғанады шөбере боп, шөпшек боп
Ұрпақтары жауынгердің кешегі.
Бұл мәтін соғыстың жеңісімен бірге келген үнсіз ауыртпалықты, аналардың сұрағын, сарғайған құжаттардың астарындағы адам тағдырын және ұрпаққа жалғасқан аманатты еске салады.