Сабақ барысы

Міндеттер және күтілетін нәтиже

1) Мазмұнға байланысты

  • Қадыр Мырзалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет алады.
  • Өлеңнің тақырыбы мен идеясын түсініп, мазмұнын меңгереді.

2) Сыни ойлау

  • Өлеңді нақышына келтіріп оқуға дағдыланады.
  • Шығарманың эстетикалық мәнін ұғынып, шығармашылықпен жұмыс істейді.

3) Топтық жұмыс

  • Пікір алмасып, ортақ қорытынды жасайды.
  • Алған білімін бекітеді.

Қызығушылықты ояту

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!

Оқушылардан өлең авторын анықтау сұралады. «Топтастыру» стратегиясы арқылы Қадыр Мырзалиевтің тұлғасына қатысты ұғымдар жинақталады.

Топтастыру нәтижелері

  • Біртуар тұлға
  • Ақын
  • Балалар ақыны
  • Ән мәтіндерінің авторы
  • Бұрынғы әнұран авторларының бірі
  • «Иірім», «Жазмыш кітабы» еңбектерімен танылған

Мұғалімнің әрекеті

Хронологиялық кесте арқылы ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасалады.

Қыран туралы алғашқы ой

Мұғалім қыран суретін көрсетіп, оқушыларға: «Бұл қандай құс? Қайда тіршілік етеді?» деген сұрақтар қояды. Оқушылар «еркін жазу» стратегиясы бойынша ойларын қағазға түсіріп, жауаптары тыңдалады.

Қыран туралы толық мәліметті биология пәнінің мұғалімі Абуова Жаннат береді. Ол «Бүркіт атаулары» кестесін пайдаланады.

Бүркіт атаулары (жасына қарай)

  • 1 жастабалапан
  • 2 жастақантүбіт
  • 3 жастатірнек
  • 4 жастатастүлек
  • 5 жастамұзбалақ
  • 6 жастакөктүбіт
  • 7 жастақұмтүлек
  • 8 жастажаңа түлек (қутүлек)
  • 9 жастамайтүбіт
  • 10 жастабарқын, кәрі түлек
  • 11 жастабаршынақ түлек
  • 12 жасташөгел, ақырғы түлек

Мұғалім бейнетаспадан қыранның тіршілігін көрсетіп, негізгі ерекшеліктерін түсіндіреді.

Мақал-мәтел және көркем сөз

Қыран — жеті қазынаның бірі. Оқушылар қыранға қатысты мақал-мәтелдер мен өлең жолдарын еске түсіреді. Бір оқушы Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінен үзінді жатқа оқиды.

Мақал-мәтелдер

  • Қыран қазасы — қияда.
  • Құс патшасы — бүркіт, аң патшасы — арыстан.
  • Сұңқар қанаты ұшқанда қатаяды.
  • Аттың бәрі тұлпар емес, құстың бәрі қыран емес.
  • Қайырсыз сұңқардан қайырлы тұрымтай артық.

Мұғалім қорытындылайды: халық біртуар тұлғаларды қастерлейді, «қырандай алғыр, қырандай биікке самға» деп ақ тілек айтады. Осындай қырандай тұлғалардың бірі — Қадыр Мырзалиев.

Мағынаны тану: «Кәрі қыран» өлеңі

Оқу және талқылау

Мұғалім «Кәрі қыран» өлеңін жатқа оқиды. Оқушылар өлеңді нақышына келтіріп оқығаннан кейін жетекші сұрақтар қойылады:

  • Қыран өліміне не себеп болды?
  • Жас бүркіт неліктен қорықты?
  • «Қыранша өмір, өлім — бақыт» дегенді қалай түсінесің?

Әдеби-теориялық талдау

Өлшемі мен ұйқасы

  • 11 буынды, 3 бунақты.
  • Ұйқасы: а а б а — қара өлең ұйқасы.
  • 1 шумақ — 4 тармақ.

Мәтіннен көркемдегіш құралдарды тапқызу арқылы мұғалім символ туралы қысқаша түсінік береді.

«Екі жақты күнделік»

Таңдалған цитата

Қанатынан қаңтардың қары бүркіп,
Көретұғын көргенде бәрі де үркіп.
Қырағы көз бүгінде қарауытып,
Қалғып отыр қияда кәрі бүркіт.

Неліктен таңдалды?

Бұл үзінді қыранның жастық шағындағы айбыны мен қартайған кездегі күйін салыстырады. Бір кездері бәріне үрей салған қырағы көз уақыт өте бұлдырап, қиядағы қыраны қалғып-мүлгудің шегіне жетеді.

«5 жол өлең» стратегиясы

  1. 1-жолҚыран
  2. 2-жолкәрі, жас
  3. 3-жолұшады, өледі, аулайды
  4. 4-жолҚыран — еркіндіктің, тәуелсіздіктің нышаны.
  5. 5-жолЖыртқыш құс, түз тағысы.

Ой-толғаныс: Қыран бейнесі және ұлттық рәміздер

Сұрақ: бүгінгі сабақпен байланысы қандай?

Мұғалім Қазақстан туы, Алтын адам және әнұран туралы көрнекіліктерді ұсынып, олардың өлеңмен және «қыран» символымен байланысын талқылайды.

Алтын адам

Алтын адам — б.з.б. V ғасырдағы сақ жауынгері. Ол Алматы облысы, Есік қаласы маңынан табылған. 1969 жылы археолог Кемал Ақышев зерттеп, ғылыми айналымға енгізді. Киім әшекейлерінде аң бейнелері кездеседі. Бүгінде Алтын адам Қазақстанның азаттық символына айналды.

Тудағы қыран

  • Бейбіт, салмақты мінезді аңғартады.
  • Күн астындағы қыран қанатымен бақыт нұрын алып келе жатқандай әсер береді.
  • Қозғалыста бейнеленіп, асқақ арман мен асыл мақсатқа ұмтылысты білдіреді.

Қазақ дүниетанымында қыран еркіндік, асқақтық, қайрат-жігер, биік мұрат, кеңпейілдік және жан тазалығы ұғымдарын ойға оятады.

Әнұран және авторлық

Әнұран — мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. «Гимн» термині гректің gimneo сөзінен тарайды және салтанатты ән деген мағынаны білдіреді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында мемлекеттік әнұран 1992 және 2006 жылдары бекітілді. 1992 жылғы нұсқада музыкалық редакция сақталып, авторлар ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди көрсетілді. Мәтін авторлары құрамында Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева болды.

2006 жылы «Менің Қазақстаным» әні негізінде жаңа әнұран қабылданды. Әннің музыкасын 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған. Мемлекеттік әнұран мәртебесіне сай болуы үшін мәтін өңделіп, 2006 жылғы 6 қаңтарда Парламент бірлескен отырысында бекітілді.

Қорытынды ой

Мұғалім тұжырым жасайды: егер қыран — тәуелсіздіктің белгісі болса, тәуелсіз елдің қырандары — бүгінгі жас ұрпақ. Қадыр Мырзалиевтің әнұран авторларының бірі болуы — зор мәртебе. Соңында оқушылар хормен мемлекеттік әнұранды орындайды.

Бағалау және үй тапсырмасы

  • Сабақта белсенділік танытқан оқушылар бағаланады.
  • Үй тапсырмасы: «Кәрі қыран» өлеңін жаттау.
  • Шығарма: «Мен — тәуелсіз елдің қыранымын» тақырыбында эссе жазу.