ТҮРКІСТАНДА ТАЙҚАЗАН
Түркістандағы Тайқазан
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігінен аттаған жанның көзіне ең әуелі қазандық бөлменің қақ ортасында тұрған қасиетті Тайқазан түседі. Бойына талай сыр бүккен бұл қазанды «бабалардың көзі» деп танып, оған жақындап, тіпті қолмен ұстап көруге әркім құмар.
Құйылу тарихы және жазулар
Кесенені салдырған Көреген Әмір Темірдің тапсырысымен Тайқазан 1399 жылы 25 маусымда (хижра 801 жыл, 20 шәууәл) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жердегі Қарнақ елді мекенінде сирек кездесетін асыл металдар қоспасынан құйылған. Салмағы — екі тонна, сыйымдылығы — үш мың литр.
Қазанның сыртында арабтың гүлденген сүлүс және куфи жазуымен үш қатар мәтін өрнектелген. Бірінші қатарда оның шайхылардың сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны айтылады.
Екінші қатарда он сегіз рет қайталанатын «Мубарак бад» тіркесі «құтты болсын», «берекелі болсын», «береке дарыған орын» деген мағынаны береді.
Көне дәстүрдегі қазанның орны
Қазақстан мен Қырғызстан аумағында жүргізілген археологиялық қазбалардан табылған қазандарды ғалымдар екі түрге бөледі: біріншісі — сақтық (конусты) қазандар, екіншісі — тұғырсыз қазандар. Түркістандағы Тайқазан сақтық типке жатады.
Алып қазан жасау көне сақ, ғұн дәуірлерінен жалғасқан дәстүр екендігін деректер мен айғақтар растайды. Елдік санасы жоғары, отбасылық құндылықтарды қадірлеген қоғамдар үшін қазан — береке мен бірліктің, молшылық пен елдіктің нышаны болған. Мұны ауыз әдебиетінен де кездестіреміз. Мәселен, Махамбет жырларындағы «Қара қазан, сары бала қамы үшін…» деген жолдар — соның айғағы. Ал төңкерілген қазан, керісінше, нәубет пен қасіреттің белгісі саналған.
Бір қазанның буы — бір елдің тынысы
Халық ұғымында бір шаңырақтың қазаны күн сайын кешке қайнап тұрса, бұл — сол елде соғыстың жоқтығы, тыныштықтың белгісі. Ал буы бұрқырап, жілік-жілік ет пісіп жатса — тоқшылық пен молшылықтың нышаны. Бұл түсінік бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.
Сондай-ақ, мұндай алып қазандардың кей кезеңде билеушілер мен жоғары лауазымды қолбасшылардың қабіріне қойылуы — марқұмның ауқатты, жоғарғы топтан болғанын білдіретін белгі ретінде түсіндіріледі.
Геродот дерегіндегі бірлік символы
Геродот келтірген мәлімет қазанның мәні одан да терең екенін аңғартады: сақтардың Ариант есімді патшасы жауынгерлерінің әрқайсысына садағының бір ұшын алып келуді бұйырып, кейін сол темірлерді балқытып алып қазан құйдырған.
Көшпенділердің жорықта алып жүретін үлкен қазандары болғаны белгілі. Бірақ мұнда жасалу тәсілі де, қызметі де ерекше: сансыз жауынгердің әрқайсысы өз үлесін қосады; әкелген садақ ұшы қазанның бөлінбес бөлшегіне айналғандай, әр жауынгер де тайпаның бөлінбес мүшесі ретінде ұйысудың, беріктіктің кепіліне айналады.
«Куббалар» және аналық құрмет
Қазан сыртындағы үш қатар жазудың төменгі жағындағы отызға жуық томпақтарды ғалымдар «куббалар» деп атайды. Халық арасында бұл бөлшектерді «қазанның емшектері» де дейді. Осы атаудың өзі олардың мәнін аша түседі: бұл — Ұмай анаға табынған сақ тайпаларының дүниетанымында өмірдің шырағын жағушы, шаңырақ отын тұтатушы, ұрпақ жалғастырушы ананы қадірлеудің көрінісі.
Сопылық дәстүр және Тайқазанның рәсімдік қызметі
Ғалымдар сопылықты мұсылман әлемі рухани тоқырауға ұшырап, дін қасаң қағида мен жансыз догмаға айналған кезде оған қарсы туған құбылыс деп түсіндіреді. Дегенмен сопылық ілімі әуелден бар еді: Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзі тірісінде кей сахабалардың түн ұйықтамай құлшылық етуі, рухани кемелдікке ұмтылуы сопылыққа жақын сипаттар болатын.
Қазақстан мен Орта Азияға исламның кең тарауы да осы сопылық дәстүр арқылы жүргені белгілі. Зерттеушілер сопылықтың өміршеңдігін оның жергілікті мәдениетке мән беріп, соны бойына сіңіре алуымен байланыстырады. Осындай үдерістер барысында көшпенді әдет-ғұрыптары түрленгендей, қазандар да өз символикасын сақтай отырып, діни рәсімдерде нақты мақсатқа қызмет ете бастады.
Белгілі шығыстанушы М. Массон еңбектерінде жұма күндері Түркістандағы қазан суға толтырылып, жұма намазынан кейін адамдар айнала алқа құрып отырып зікір салатыны айтылады.
Су туралы түсінік: ғылым мен сенімнің тоғысы
Рухани кеңістікте «жай тұрған» судың өзі ерекше күйге еніп, табиғаты өзгеше болатыны жайлы түсінік бар. Судың белгілі жағдайларда сапасы артатынын ғылым да жоққа шығармайды. Соңғы жылдары зерттеулерде судың химиялық және физикалық қасиеттерімен қатар психологиялық қыры туралы пікірлер де айтылады: яғни, судың «жадысы» бар деген тұжырымдар тарады.
Мұндай көзқарас бойынша, судың кристалдық құрылымы айналасындағы ортаға, айтылған сөзге, көңіл күйге тәуелді өзгеруі мүмкін; кері эмоциялар әсер еткенде құрылым ретсізденіп, адам психологиясына ауыр әсер ететін «ауыр су» пайда болады деген пайым бар. Осыдан келіп, былапыт сөз көп ортада қылмыс деңгейі жоғары болуы ықтимал деген пікірлер де айтылады.
Осы тұрғыдан қарағанда, бабалардың ант беру кезінде «ант суын ішетін» рәсімінің астарында да терең таным жатуы мүмкін.
Құран аяты мен хадистегі мағына: адамға қызмет
Қазан жазуының бірінші қатарында Құранның «Тәубе» сүресінің 19-аятынан және Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінен үзінділер келтірілуі — Тайқазанның суға арналғанын аңғартады.
Аят (мазмұны):
«Сендер зияратшылардың шөлін қандырғанды, мешіттерді жөндеуді Аллаға, ақырет күніне сеніп, әрі Алла жолында күрескен кісімен тең көресіңдер ме?»
Хадис (мазмұны):
«Алла жолында құдық қаздырып, мешіт салғандарға ол дүниеде Алла үлкен хауз (хауыз) орнатады.»
Бұл жердегі түйін — адамға қызмет ету. Жақсылығы өз басынан артылмаған жанның діндарлығы да толық емес. Адамзат бір-бірін алаламай, жақсы-жаманына, дініне, ұлтына қарамай, қолдан келген көмегін көрсете алғанда ғана мінсіз қоғамға жақындайды деген ой жатыр.
«Мүлік Алланыкі»: аманат ұғымы
Екінші қатарда куфи жазуымен жиырма рет қайталанатын «Әлә, әл-мүлки лиллә» сөзі «Байқаңдар, мүлік Алланікі!» деген мағынаны білдіреді. Абайша айтқанда: «Адам ғапыл, дүниені дер менікі. Менікі деп жүргеннің бәрі — Онікі…»
Адамның дүниеге құр алақан келіп, құр алақан кетуі — қолындағының бәрі уақытша екеніне дәлел. Тірі кезде тұтынған, пайдаға асырған дүниенің бәрі — Жаратушының белгілі бір мерзімге берген аманаты. Денсаулық, табиғат, Отан секілді құндылықтарға жасалған қиянат — аманатқа жасалған қиянат болып шығады.
«Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» деген мақал да осы түсініктің халқымызға жат болмағанын аңғартады.
Әмір Темір туралы аңыз
Аңыз бойынша, Әмір Темір қайтыс боларында: «Жаназам шығарылғанда екі алақанымды ашып қойыңдар. Өзіммен бірге әкетіп бара жатқан ешқандай мүлкім жоғын ел көрсін. Менің жорықтарым олжа үшін емес, Құдайдың әділдігін орнату мақсатында болды», — деген екен. Содан оны Самарқан жеріне апарып жерлегенде, айтқаны бойынша, алақаны ашық күйде қойылыпты.
Эрмитажға әкетілуі және тарихи отанына оралуы
1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургтегі әйгілі Эрмитаж музейіне Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына апарады. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, тек 1989 жылы 18 қыркүйекте ғана тарихи отанына қайтарылады.
Бұл істе мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Тайқазанды «Иран мәдениетінің еншісіне» телуге ұмтылған көзқарастардың астарында білместіктен гөрі орталықтандырылған саясаттың лебі жатқандай. Шындығында, иран ұсталарын жалдап, ақысын төлеп құйдырғаны ғана болмаса, Тайқазанның идеясы мен дәстүрлік негізі — көшпенділер мәдениетінің төл мұрасы.
Қазіргі күні коммерциялық мақсатта түрлі елдерде мұсылман қауымы тұтынатын бұйымдардың жасалатыны сияқты, жасалған жеріне қарап, оның мәдени-рухани тегін басқаға телу әрдайым қисынды бола бермейді.
Бүгінгі мәні
Бүгінде Тайқазан ғасырлар бойы мемлекетіміздің жүрегі саналған рухани астанамыз — киелі Түркістандағы Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұр. Ол Қазақстан атты үлкен шаңырақтың берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып келеді.
Данияр Садуақасов
Түркістан