Жәнібек хан боп тұрды орнын басып, Өнері Керей ханнан тұрды асып

Тәрбиелік-тарихи кештің мазмұны

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылындағы №31 Т. Бигелдинов атындағы жалпы орта мектебінде ұйымдастырылған тарихи-танымдық кештің негізгі идеясы — Қазақ хандығының құрылу тарихын кеңінен таныту.

Кештің тәрбиелік өзегі: оқушыларды отаншылдыққа, бірлікке және ынтымаққа баулу.

Ұйымдастыру
Тәрбие ісі бойынша директордың орынбасары: Қалыбаева Гүлазия Сақбаевна
Тақырып
Қазақ еліне — 550 жыл (Қазақ хандығының 550 жылдығы)

Кіріспе бөлім

Мұғалім тарихи кештің мақсатымен қысқаша таныстырады.

1-жүргізуші

Биылғы жылдың еліміздің тарихындағы, халқымыздың тағдырындағы орны ерекше. Биыл біздің мемлекетіміз — Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл.

Рәсімдік бөлім

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.

2-жүргізуші

Қазақ халқының түрлі мемлекеттік бірлестіктерге бытырап, саяси бөлшектенуін жоюға әрекет жасау Жошы ұрпақтары — Керей мен Жәнібектің үлесіне тиді.

Оқушының өлең жолдары

Рухы мен тілін жанындай сүйген,

Адамдар неге санаулы?

Ұлт үшін дәуір отына күйген,

Аталар болды алаулы.

Армандай асқар, жолдарға бастар,

Ісіңнен ұрпақ от алар.

Қалмайсың көштен, шықпайсың естен,

Тағдыры шыншыл аталар.

Тарихи жағдай және шешуші қадам

Қазақ жеріндегі саяси бытыраңқылық, әсіресе Әбілқайыр ханның билігі тұсында, шарықтау шегіне жетті.

Көрініс: «Сұлтандар кеңесі»

Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан сұхбат құрып отыр. Үйге бір топ ақсүйек кіреді.

Ақсүйектер

— Ассалаумағалейкум, ағалар!

— Уағалейкумассалам, төрлетіңіздер.

— Біз бір маңызды мәселемен келіп тұрмыз. Елді бейберекетсіздік басып алды. Хан соғыстарды үдетіп, салықты көбейтті. Әскери дайындықсыз, батырларды құдалау арқылы ойраттардан жеңілгені де мәлім. Бөлінетін кез келмеді ме?

Жәнібек

— Иә, сөздеріңіз рас. Ханның қаһарына жергілікті сұлтандар да, қарапайым халық та ілігіп отыр. Өз алдымызға ел болатын күн келді.

Керей

— Бар қазақты біріктіретін уақыт келгенін халық та түсінді. Артымыздан ереді деп сенемін.

Жәнібек

— Елдігімізді сақтау үшін туған жерден жырақтауға тура келеді. Моғол ханы Есен Бұға туысымыз дулаттардың көмегімен хан тағына отырды. Бірақ бауыры Жүніс Темір әулетімен одақтасып, ағасына қарсы шықты. Есен Бұға інісіне қарсы одақтас іздеуде. Сол жаққа жол тартсақ қайтеді?

Керей

— Иә, көшсек көшейік. Сол жаққа барып, Ұлы жүзбен бірігейік.

Сұлтандар

— Біз дайынбыз. Көшті бастаңыздар. Біз сіздермен біргеміз!

Жәнібек

— Кереке, ұзақ жолға шыққалы тұрмыз. Бір бата беріңіз.

Керейдің батасы

Жолыңды Алла қолдасын,

Жаманшылық болмасын.

Кетілмесін тұлпарыңның тұяғы,

Қайырылмасын сұңқарыңның қияғы.

Барған жерде құшақ жая қарсы алсын

Жақсы адамдар, жайсаң жандар, зиялы.

Жалпақ емес, жақсы жермен танысқын,

Алла жебеп, ұшқан құспен жарысқын.

Көңілің шат, ат-көлігің арымай,

Отбасыңмен аман-есен табысқын.

Әумин.

1-жүргізуші

— Сонымен, Керей мен Жәнібек бастаған 200 мың адам Жетісуға бет алды.

Тарихшылар дерегі: көштің мәні

2-жүргізуші

Бұл туралы тарихшылардың айтқандарына құлақ түрейік.

Мұхаммед бен Уәли
Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақ аймағында өз жауларының балаларын жеңген кезде, Жошы ханның ұлы Тоқа Темір хан ұрпақтарының кейбіреулері — Керей мен Жәнібек — бағыну шеңберінен шығып, отанынан кетуді жөн көрді. Мойындауға лайықты адамдармен бірге олар Моғолстанға апаратын жолды таңдады.
М.Х. Дулати
Сол уақытта Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды көп мазалады. Жәнібек пен Керей одан Моғолстанға көшті. Есен Бұға оларды ықыласпен қарсы алып, Шу мен Қозыбасы өңірін берді. Әбілқайыр өлген соң Өзбек ұлысы ыдырап, көп бөлігі Керей мен Жәнібекке көшіп, олардың төңірегіне жиналғандар 200 мыңға жетті. Олар «өзбек-қазақтар» деп аталды. Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан басталады (1465–1466).

Қазақ хандығының шаңырақ көтеруі

1465–1466 жылдары Керей мен Жәнібек Батыс Жетісуды құтты мекен етіп, Шудағы Қозыбасыда Қазақ хандығының туын тігіп, Орда құрды. Бұл оқиға көшпелі қазақтың ел болып, еңсе көтереміз деген үмітін нақты іске айналдырды.

Суы мол, топырағы құнарлы, жер жаннаты Жетісу — қалың қазақтың мақтанышына айналды.

Жетісу туралы жырлар мен ой-толғам

Асан Қайғы туралы дерек
Жетісуда болған кезде Асан Қайғы бабамыз Шу өңірі жайлы: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты. Мына ну қамысың елді ешбір жұтқа бере қоймас», — деген екен.
Өлең жолдары

Ғасырдың құрдасы, ақындар жырлаған,

Көненің сырласы, тарихты тыңдаған.

Шежіре шертеді көшесі, әр тасы,

Ғажайып ертеңі — Жетісу алқасы.

Өлең жолдары

Ежелден ел мақтаны, жыр дастаны,

Арайлы шуақ тұнған нұрлы аспаны.

Атанған жер жаннаты — Жетісуым,

Ақынның өзіңменен сырлас жаны.

Атыңнан айналайын, жерім, нұрым,

Жанардан алаулатқан көңіл гүлін.

Бергендей табиғаттың өзі-дағы,

Құлпырған келбетің — көрімдігім.

Өлең жолдары

Жетісуым, жерің таулы, далаң жаз,

Көлдеріңде қиқулаған балаң қаз.

Көріктісі-ай, көкорайлы алқаптың,

Көрген сайын көңіл шалқып, болам мәз.

Көк орманға құстар қонса дүрлігіп,

Күн сәулесі жапырағыңда тұр күліп.

Ақ көңіл ғой аңқылдаған бұл далам,

Ақынынан көрген емес сыр бүгіп.

Қасиетті мекенге тағзым

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүбірлеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.

Сарылып сал-сері кеткен жер,

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер!

Ән-әуенмен өрілген сәт

Жетісудың оңтүстік-батысындағы Қозыбасы тауы мен Үшқоңыр жайлауы — Керей ханның жайлауы болған өңір. Бұл — Елбасымыз Н. Назарбаевтың әнге қосқан туған топырағы ретінде де кең танылады.

Орындау

«Үшқоңырым» әні

Хандар сабақтастығы: елдік жолы

Керей — хан, Жәнібек — тірек

Жаңадан құрылған Қазақ хандығының тағына Керей мен Жәнібектің екеуінің де отыруға құқығы болды. Сол кезеңдегі тәртіп бойынша мұрагерлікпен қатар, жасы үлкендігі де ескерілді. Сондықтан хан тағына Керей отырды, ал ақылдасар тірегі Жәнібек болды.

Оқушының өлеңі (Керей туралы)

Керей хан боп аталды алты алашқа,

Әділдіктен тарады әрбір нұсқа.

Ханның әділ болғаны — елдің бағы,

Мінезі өзгермейді жазы, қыста.

Елдің басын құрады, ердің басын,

Шақырып берекеге ықыласын.

Ерте ойлап, әрбір істі алдын болжап,

Кеңесіп пішуші еді істің басын.

Керей ханнан кейін таққа Әз-Жәнібек отырды.

Оқушының өлеңі (Жәнібек туралы)

Жәнібек хан боп тұрды орнын басып,

Өнері Керей ханнан тұрды асып.

Ел жігін, жердің шетін қолына алып,

Халқына әділдіктен үлгі шашып.

Не қиын мәселеге жауап тапты,

Ақылдың бітіп жатқан көзін ашып.

Қасым хан

Керей мен Жәнібектен кейінгі хандар мемлекет іргесін нығайтып, хандықтың туын жықпауға күш салды.

Хан өтпес әділдікте Қасым ханнан,

Атадан арналғандай озып туған.

Аталып «Қасым ханның қасқа жолы»

Мұра боп кейінгіге содан қалған.

Жәнібек ханның ұлы Қасым хан тұсында қазақтар тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде Орта Азия мен Шығыс Еуропаға танылды.

Әз-Тәуке

1680–1715 жылдары хан болған Әз-Тәуке — көреген саясаткер, ақылды дипломат, құдіретті хан. Ол хандық билікті билердің көмегімен күшейтіп, ел ішіндегі тәртіпті бекемдеуге ықпал етті.

Аталып Тәуке хан боп ел биледі,

Айырмай жарлы, бай деп тең биледі.

Артық қайрат, тапқыр ой болғандықтан,

Ешкім де айта алған жоқ кем биледі.

Абылай хан

Абылай — көреген саясаткер, даңқты батыр, өткір ойлы дипломат. Ішкі-сыртқы саясаты арқылы Қазақ хандығын біртұтас мемлекет ретінде нығайтып, халық рухын көтерді.

Күңіреніп ойлағанда Алаш жайын,

Жанымды орай берсе ұлы уайым,

Кеудемде күннің нұры толғандай боп

Жырлаймын алты Алаштың Абылайын.

Тарихи сабақтастық: тұлға және тәуелсіздік

Күлтегін жазбасы және елдік ой

Көне Күлтегін ескерткішінде: «Елін елдікті етті, жауын бейбіт етті» деген сөздер бар. Бұл тасқа қашалған тұжырым Керей мен Жәнібекке де, Дінмұхаммед Қонаевқа да, Нұрсұлтан Назарбаевқа да арналғандай әсер береді.

Дінмұхаммед Қонаев туралы

Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ халқының ірі тұлғаларының бірі — Д. А. Қонаев. Ол Қазақстанды ширек ғасырдан астам уақыт басқарып, ел игілігі үшін ауқымды істер атқарды.

Өлең жолдары

Қонаевтың зиялы заманында

Қадау-қадау жайғасқан дала, құмда

Жұрттың бәрі көгеріп көктен өскен,

Дән жинаған бидайдың сабағында.

Қазақтың ел бастаған серкесі едің,

Айбарлы Алатаудай өркеші едің.

Ықтасын қорғаны боп, орманы боп,

Кеудеңді дауылдарға сен төседің.

Сүйредің елдің көшін асуларға,

Қасқая қарсы тұрып жасындарға,

Қазақты күншуаққа алып шыққан,

Қалады ұлы істерің ғасырларға.

Таныттың жер жүзіне Алты Алашты,

Кім мұндай шаттық күнін аңсамас-ты.

Әлемдік мінбелерден сөз сөйлесең,

Айбындап абыройым қаншама асты.

Нұрсұлтан Назарбаев туралы

Арманы асқақ еліміздің ұлы көшін халқымыздың ардақты перзенті, әлемге әйгілі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жарқын болашаққа бастады деген ой кеш мазмұнында айқын көрінеді.

Өлең жолдары

Қазақта ең бірінші батыр да өткен,

Қазақта ең бірінші ақын да өткен.

Қазақтың ең бірінші ханы да бар,

Ең алғаш тақтың дәмін татып өткен.

Ел болдың, ерік алдың астаналы,

Енді кімнен қазағым жасқанады?!

Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі

Нұрсұлтанның атымен басталады.

Нұрсұлтан — Елбасымыз көш бастаған,

Ардақтап жырына атын қоспас па адам?

Асылдың сынығысың таза гауһар,

Ешқашан абыройын тот баспаған.

Бағаламай болмайды ер еңбегін,

Өзіңсің күллі әлемде еленгенім.

Қазақ елі гүлденді жасыл байтақ,

Болған соң Нұрсұлтандай кемеңгерім.

Қорытынды ой: елдік тамыр және Мәңгілік Ел

Қазақ хандығы — елдігіміздің түп-тамыры. Ал Тәуелсіз Қазақстан — халқымыздың азаттық жолындағы сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырған кезең.

Оқушының толғауы

Тәуелсіздік! Тәу етем, хақ тағалам,

Сенің биік төбеңнен бақ тараған.

Тіл мен көзден сақтасын бір өзіңді,

Өткен-кеткен саған бір жалт қараған.

Сенде қаны бабамның, ағалардың,

Сені сом алтынға мен бағалармын.

Баға жетпес қадірің, қасиетің —

Мекені Қазақ елі даналардың.

Беу, азаттық, киелім, орның көкте,

Мен Тәуелсіздік гүлдерін үздім, өптім.

Еңбек пен білім тасқындаған,

Біз жетейік сол елге күшті көппен.

Оң шапақты, шадыман Тәуелсіздік,

Сен үшін біз талай жыр, әуен сыздық.

Мәңгілік Ел шырағы сөнбейтіндей,

Көрінетін болайық әлемге үздік.

1-жүргізуші

Мәңгілік елге жеткізетін — Нұрлы жол екенін әрдайым жадымызда ұстайық!

2-жүргізуші

Бабалар жазған ұлы тарихы бар, Нұрлы жолы бар менің халқым — Ұлы халық.

Қорытынды ән

«Атамекен» әні орындалады.