Сәтбаев қаласы
Кәріғұлов Дәуіт, 9-сынып, №7 мектеп, Сәтбаев қаласы
Жетекшісі: Кузембаева Толқын Қабиевна
Қазақстан — менің туған елім, менің сүйікті Отаным
Халқымызда «Отан — отбасынан басталады» деген өнегелі сөз бар. Шын мәнінде, әр бала үшін ең алғашқы Отан — өз отбасы, туған үйі. Ал басқа әлем әуелде жат көрінуі мүмкін.
Менің екінші Отаным — менің туып-өскен қалам, Сәтбаев қаласы. Қазақтың ғұлама ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен аталатын бұл шаһар — таза, көркейген, жайқалған, көрікті қалалардың бірі. Мен өз қаламды әлемдегі ең сұлу әрі бай мекендердің қатарында деп санаймын.
Туған жердің көркі
Айналасы жасыл желекке оранып, әсем гүлзарларымен көз тартатын туған өлкем — Сарыарқаның кең даласы. Бұл далада бірде алтын түстес жазық төселсе, бірде жайлауда жасыл кілемдей құлпырған табиғат көз қуантады.
Қаламыз күн санап көркейіп, жаңарып келеді. Көшелер үнемі тазартылып, гүлзарлар күтім көріп тұрады. Қараған сайын көз тоймайды, жаза берген сайын сөз жетпейді.
Жастарға жасалған мүмкіндік
Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Спорттық-сауықтыру кешендері, түрлі үйірмелер мен аула клубтары бізге әрдайым есігін айқара ашып, қызмет көрсетеді.
Қаланың таза әрі жайқалып тұруына біз де өз үлесімізді қосамыз: тазалық сенбіліктеріне белсенді қатысып, шаһарымыздың сәулетті, көрікті болуына атсалысамыз.
Өсу мен жаңару
Ұстаздарымыз әр сабақта әр азамат өз елінің патриоты болуы керектігін санамызға сіңіреді. Менің қалам — 40 жылдық тарихы бар, шағын болса да, әсем қалалардың бірі.
Қаламыз күннен-күнге алға жылжуда: орталықта да, шет аймақтарда да құрылыс жүріп жатыр. Саябақтарда ағаштар отырғызылып, жастар демалатын орындар жеткілікті.
Әр адамға өз туған қаласы бәрінен де ыстық. Демалыс күндері басқа қалаларға барып қайтсақ та, өз қалам маған әрдайым ең әдемі, ең көрікті болып көрінеді.
Елге қызмет — ортақ міндет
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа жолдаған Жолдауларында Отанымызды, елімізді, жерімізді көркейтетін болашақ — жастар, яғни біз екенімізді жиі атап өтеді. Қазақстан бүгінде дамудың, өркендеудің даңғыл жолында.
Мен де ертең есейіп, өз жолымнан таймай, елімнің білімді азаматы болуды мақсат етемін. Қолымнан келгенше Қазақстанның өркендеуіне елеулі үлес қосқым келеді.
Қорытынды ой
Қайырымды болу керек, білемін,
Әжемнің берген ақылын ойға түйемін.
Немқұрайлық ешқашан танытпай,
Оттан да ыстық Отанымды сүйемін.
Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы