Барымта мен партия, Бәрі мастық жұрт құмар

Кобзардың жалынды гуманизмі мен бостандықты аңсауы, өз халқына деген перзенттік адалдығы, бауырмалдығы мен әділдігі жұртқа шексіз қымбат. Ақынның колониализм мен милитаризмді әшкерелеуі, қорлық пен қанаушылықтың қай түріне болса да ерлікпен қарсы тұруы, шыншыл да отты жырларымен адамдарды жігерлендіруі бүгін де бізге жақын.

Дәйексөз

Бұл ойлар кезінде «Правда» газетінде Тарас Шевченко шығармашылығы туралы жазған сыншы О. Гончардың «Бессмертие Кобзаря» мақаласынан алынған.

Абай мен Пушкин туралы даулы теңеу және оның салдары

Осы жолдарды қазақ әдебиетінің асқар шыңы Абай Құнанбаев пен жерлесіміз, тарихшы-ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің партия тақырыбындағы өлеңдерін шолуға кіріскенде, бір жазып, бір өшіргенім бар. Бұған соңғы кезде кейбір зиялылардың: «Сендер Абайды қазақтың Пушкині дейсіңдер, сөйтіп Абайдың қадірін қашырасыңдар. Одан да Пушкинді қазақтың Абайы десек, өмір бойы өзгеге кетіп келе жатқан есебіміз сәл де болса қайтып, еңсеміз тіктеліп, елдігіміз айшықтала түспес пе еді?» деген пікірлері себеп болды.

Әділін айтсақ, бұл уәж алғашқы қарағанда қарапайым халықтың намысын қорғағандай көрінуі мүмкін. Алайда ой таразысына салсақ, мұндай тұжырым қазақ оқырманы үшін әлемдік әдебиет аталатын ортақ рухани қазынаға шектеу қоюға ұрындырады. Бұдан кімнің не ұтатыны белгісіз, бірақ бір нәрсе анық: әдебиет «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген қағидамен өрлемейді. Бұл ұстаным әдебиетке жүрмеген, жүрмек те емес.

Негізгі түйін

Әлемдік әдебиетпен салыстыру — кеміту емес; керісінше, ұлттық сөз өнерінің деңгейін айқындайтын, ой-өрісін кеңейтетін өлшемдердің бірі.

Үндестік: Кобзар, Абай және Мәшһүр-Жүсіп

Ұлы Абай да, аруақты ақын жерлесіміз, философ әрі тарихшы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев те Украинаның Кобзары — Тарас Шевченко секілді колониализм мен милитаризмді әшкерелеу тұрғысынан, қорлық пен қанаушылықтың қай түріне болса да азаматтық ар-ождандарымен қарсы тұру тұрғысынан үндеседі. Сонымен бірге екеуі де халқымыздың ұлттық мінезіндегі кемшіліктерді — шаруаға қырсыздықты, білімге құлықсыздықты — ашына айтады.

Абайдың күйініші

Абай «Болды да партия» өлеңінде партия отының онсыз да алауыз ел ішіне шоқ тастап, жұрттың берекесін кетіргенін күңірене сөз етеді:

Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тия,
Дауың мен шарыңды.

Мәшһүр-Жүсіптің нақтылауы

Мәшһүр-Жүсіп «Қазақтың қылып жүрген жұмысы» өлеңінде мәселені басқа қырынан ашып, партияшылдықтың астарындағы зымиян айланы аңғартады:

Бөлініп жұрт екі жақ партиялап,
Қалмайды ұрғашыдай сол қиялап.
Басқа орын босағадан тимейтінді,
Бас қылып, бас жегізіп, тәрбиелеп.

Ақынның «Басқа орын босағадан тимейтінді» деген жолына ерекше салмақ түскендей. Мұнда ол партия қуғандарды бай-кедейге бөліп, таптық өлшеммен танудан гөрі, партияны жүргізушілердің ел іргесі бүтін кезде пәтуалы істен гөрі іріткі салуға бейім, содырлыққа жақын, ақыл аясы тар, көрсеқызар, «ұр да жық» адамдар екенін меңзейді. Сөйтіп, соларды «бас қылып», «тәрбиелегенсіп», ертең партияға мойынсұнбайтын жұртты итше айтақтауға әзір ниетті астарлап жеткізеді.

Ескерту ретінде айтылған ой

Мұндай «партияшылардың» қазақты тығырыққа тірейтіні, берекені кетіріп, ынтымақты жоғалтатыны — ақындардың жан күйігімен айтылған ортақ ескерту.

Бөгде сөздер арқылы ашылған түп-тамыр

Абай:

Барымта мен партия,
Бәрі мастық жұрт құмар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар.

Ал Мәшһүр-Жүсіп:

Сол күнде азғырушы толып жатыр,
Шайтан да помогайтшыл болып жатыр.

Мұнда «пияншік», «помогайтшыл» сияқты бөгде сөздердің әдейі қолданылуы — партия кеселінің түп-төркіні сыртқы ықпалдармен де сабақтас екенін ишаралайтын көркем тәсіл. Бұл, түптеп келгенде, колониализм мен милитаризмді әшкерелеудің бір қыры емес пе?

Ұрлық, өтірік және жалған татуласу

Абай да, Мәшһүр-Жүсіп те қазақ бойындағы қырсық пен кесірді — ұрлық пен өтірікті, берілген сертке, тіпті батаға берік еместікті — өткір сынайды. Абайдың: «Ел қағынды, мал сабылды, ұрлық, өтірік гу де гу» дегені де, Мәшһүр-Жүсіптің: «Мал сойысып болады татуласқан… ет жеу үшін бас қосып татуласқан…» деп жалған татуласуды әшкерелеуі де бір арнаға құяды.

Ортақ сарын

  • Партияшылдық — ел ішіне жік салатын, берекені қашыратын індет.
  • Қоғамдық кеселдің түп-тамыры сыртқы ықпалдармен де, ішкі мінез-құлықпен де байланысты.
  • Ақындық сынның мақсаты — кемсіту емес, ояту.

Әділ ескертпе және бүгінгі күнге сабақ

Бір жайтты арнайы атап өткен жөн: бұл мақалада Мәшһүр-Жүсіпті Абаймен тең қою ниеті жоқ. Айтпағымыз — көздерінің тірісінде-ақ аты аңызға айналып, алты алашқа мәлім болған қос тұлғаның өз замандарындағы партияға және қазақтың оған қатысына қатысты көзқарастарының көп жағдайда үндес шығуы; бірін-бірі толықтырып, тереңдетіп отыруы.

Екі ақын да партия ісіне араласқан замандастарына ризашылықтан гөрі кейіс білдіреді. Себебі партияның қазаққа әкелер жақсылығы шамалы екенін олар данышпандықпен аңғарған. Сондықтан бүгін де партия құрып, шала бүлініп жүргендер үшін — уақыт алшақтығына қарамастан — зер салып оқыса, тәлім аларлық, ой түйерлік тұстар жеткілікті.

Сүлеймен Баязитов