Есігін аша алсам

Таксидің есігі: бір күндік әурешілік, бір өмірлік сабақ

«Куртулушқа барамын!» — деп шофер айқай салған сәтте-ақ мен таксидің есігіне жармаса кеттім. Добалдай тұтқаны шап беріп бұрадым, бірақ есік ашылар емес. Тұтқа тырп етпей тұрып алды.

— Солға бұра! — деп ақыл берді шофер.

Солқылдатып солға қарай тарттым. Болмады. Шофердің дауысы зорайды: — Солға деп отырмын ғой, бейау, солға! Сен немене, солдатта болмағансың ба?

«Апырым-ау, мен оңым қайсы, солым қайсы екенін шынымен ұмытып қалдым ба?» деп ойлап үлгергенше, арт жақта жеңіл көліктер, автобустар, жүк машиналары іркес-тіркес тізіліп қалыпты. Жол сілтеуші ысқырып, шыбын жаны шырқырап тұр.

— Солға қарай бұрасаңшы! — Бауырым-ау, бұралмай тұрған жоқ па!

Шофер еңкейіп, қолын созды да, есікті оп-оңай аша салды. Мен кіріп отыра қалдым. Машина қозғала берісімен, ол бұрқырай жөнелді: «Үлкеннің тамағын ішіп, баланың ісін істейтіндер толып жатыр! Ата сақал ауыздарына біткенше оң мен солын айырмайды…»

Ұяттың аты — тұтқа

Мақтанғаным емес, мен — жер қозғалса да мыңқ етпейтін адаммын: қате өзімнен болса, азаннан кешке дейін балағаттаса да мән бермеймін. Бірақ шофердің шүйлігіп сөйлегені жанға батады: «Тым құрыса есік аша алмаған соң, несіне тірі жүрмін дейді екен… өл де маған!»

Ұялып өліп барамын. Оның үстіне жолаушылар да шоферді құптап, бірі «Осының бәрі олақтықтан» десе, енді бірі «Қазір жұрт немқұрайды болып кетті» деп нықтай түседі. Біреуі тіпті «Осы жұртты жиып алып, курс ашып оқыту керек: есікті қалай ашуды сонда ғана үйренер» дейді.

Эминеню алаңына жеткенде әлгі төртпақ түспек болды. Қырсыққанда, есік тағы ашылмады.

— Оңға бұра, бей! Тұтқаны оңға бұра! — Бұралмайды, бауырым! — Әй, сен солға бұрап тұрсың ғой! Тіфу… Кірерде солға, шығарда оңға бұралады!

Бірақ бұл жолы тұтқа оңға да, солға да қыңқ етпеді. Шофер тағы еңкейіп өзі ашты. Төртпақ ырсылдап әрең шықты. Ал менің ойым біреу-ақ: «Куртулушқа жетпей-ақ түсіп құтылайыншы…» Бірақ «есікті аша алмай тағы масқара боламын» деген қорқыныш аузыма сөз түсірмейді.

Бір мезет: — Өңшең ынжық! Бозөкпе!

— Шофер, мен түсемін… — дедім де, тұтқаны ұстап, бұл жолы оңға бұрап қалдым. О, тәңірім, ашылды! Сәті түсті. Шофердің есікті қалай ашқанын текке байқамаппын екен.

Бір қала, мың түрлі есік

Бірақ оқиға мұнымен бітпеді. Тағы такси тосып тұрмын. — Куртулушқа ма? — Иә…

Машина дәл жаныма тоқтаған. Шофер ұрыспасын деп, тұтқаға тезірек жармасып, солға қарай бұрай бастадым. Ашылмайды. Қос қолдап бұрадым, қолым қарысып қалды.

— Жоғары тарта көтер, жоғары! — деп айқайлады шофер.

Жоғары көтергенім сол еді — есік ашылды. Әлгі шофер де осал емес: «Стамбулдықтар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай…»

Жолаушылар қостай жөнелді: «Көшеде көлбеңдеп жүргеніне мәз бұлар»; «Таксидің есігін аша алмаған соң, адаммын деудің не керегі бар?..»

Есік ашылмайды

Біреуі түспекші болса — тұтқа қимылдамайды. «Көтер!» дейді. «Итер!» дейді. «Қос қолда!» дейді. Ақыры шофердің өзі ашады.

Ұят жұқпалы

Біреудің масқарасы тоқтамайды — келесісі басталады. Бір есікке бір амал жүрсе, екіншісіне жүрмейді. Сенің «білгенің» келесі таксиде күлкі болады.

Қаракейде тағы түстім: кейін есікті қайта аша алмай қаламын ба деп қорықтым. Сандалып жүріп тағы бір таксиді әрең таптым. Оның тұтқасын солға да бұрдым, оңға да бұрдым — ашылмайды. Көтеремін — жоқ. Басамын — жоқ.

— Итерсеңші, итер! — Қай жаққа итерейін? — Қай жаққа итеру керек болса, сол жаққа! Ішке қарай итер!

Ішке қарай итергенде ашылатын есікті көрмеппін. Сөйтсем, «есікті» емес, «тұтқаны» итер дейді. Ақыры, әупірімдеп жүріп есік ашылды.

Жабылмайтын есік және «айыппұл»

«Шофер аузын ашпай отырған шығар» деп ойлайсыз ба? Қайдағы. Ол жаңа ғана сөз бастады: «Жолаушылардың бәрі де ақпақұлақ…»

Алдыңғы орында отырған жолаушы да қыстыра қойды: «Адам емес, парықсыз бірдеңелер…»

Осы сәтте шофер дүр ете қалды: — Есік жабылған жоқ!

Әлгі жолаушы есікті тартып қалды — жабылмады. Тағы тарс еткізді — тағы жабылмады. Бірі «қаттырақ тарт» дейді, бірі «ақырын жап» дейді. Шофер зекіп: — Өзіңе жиырма бес куруш айып салып сорлатайын ба?!

Ақыры есікті өзі жапты. Бірақ сөзін жаппады: «Есікті апта сайын жөндеумен-ақ есім шықты… Тапқан-таянғанымның бәрін осы жұтады…»

«Әр машинаның есігі әрқалай ашылады»

Тағы бір такси. Тағы Куртулуш. «Отыра қал» деу оңай, ал отыру үшін алдымен есігін ашу керек қой. Тұтқаға қол салдым: жоғары-төмен жүрмейді, оңға-солға бұрылмайды, итергенге де көнбейді. Терге түстім.

— Өзіңе қарай тарт!

Сөйтсем, құпиясы басқа екен. Шофер білмегенім үшін миыма ине шаншып алғандай сөйлейді. Сонда шыдамым таусылды:

Менің уәжім

— Әй, ағайын, бері қараңыз, — дедім шоферға. — Әр машинаның есігі әрқалай ашылады. Біреуінікі оңға, біреуінікі солға бұралады. Үшіншісін көтеру керек, төртіншісін басу керек. Бірін итересің, бірін тартасың. Мұны біз қайдан білуіміз керек?

Шофер шалқалап күліп жіберді де, «дәрісін» оқи жөнелді: Фордтың есігі солға бұрасаң ашылады, студебеккер — оңға, шевроле — тұтқаны итеру керек, хильман — тарту керек, фиат — оңға бұрап тұрып басу керек… Ал бьюик болса, әуелі солға, кейін оңға, аздап тарт, сәл көтер, түсір, қайта тарт, төмен баса итер…

Ол тізіп айтқан сайын, менің «мәселе менде емес, жүйеде» деген күмәнім күшейе түседі. Бірақ «Осындай ұсақ-түйекті білмеу — тұп-тура кещелік!» деп ол сөзін тізгіндеп те үлгерді. Қасындағылар да шашбауын көтеріп: «Стамбулда тұрып мұны ажырата білмесең, теңізге барып тұншығып өлу керек…» деп қостады.

Қақпанға айналған «де сото»

Тәксім алаңында түсем деген біреу есікті аша бере ойбайлап қоя берді: бармағын қысып алыпты. Қаны сорғалап, есікті де, өмірді де қарғап-сілеп тұр.

Харбиеге жеткенде тағы бір жолаушы мінбек болды. Бірақ есік тас қамалдың қақпасындай тарс жабық. Шофер: — Бас! Бассаңшы! — Нені басайын? — Түймешікті бас!

Сөйтсем, түймешік тұтқаның үстінде емес, ішкі жақта — терезе жақтауының тұсында. Мен іштен басып, ол сырттан тұтқаны қимылдатып еді, есік әрең ашылды. Мен дереу ытқып шықтым: «Одан әрі жаяу-ақ кетейін».

Сол арада тағы бір көлік тоқтады. Егде шофер екен, «бұл тым болмаса балағаттамас» деп үміттендім. Ішінде үш жолаушы отыр.

— Бұл қай марка? — дедім, тұтқаға қол созар алдында. — Де сото!

Ал де сотода тұтқа да көзге түспейді. «Итер!» — итердім. «Бас!» — бастым. «Тарт!» — тарттым. «Бұра!» — бұрадым. — Неше рет? — Екі рет. — Үш рет бұрау керек!

Шофердің өзі де кірісті, жолаушылар да жабыла кетті: төртеуі іштен, мен сырттан жұлқылап — есікті әрең аштық. Енді жабыңызшы… Екеуміз кезек-кезек тартқылаймыз — болмайды. Ақыры жұлқып-жұлқып жібергенімде, қаусаған машина қалтаң етіп, бірдеңесі салдыр-гүлдір етті де, есік жабыла кетті. Шофер қуанып: — Ә, бәле, жабылды!

Жүріп кеттік. Ол көлігі елу мың лира тұратынын айтып, жолаушылардың бір жылдың ішінде шағып тастағанын зарлап келеді. Ай сайын жөндейді. «Миғұла жұрт» деп күңіренеді. Әйтеуір, бұл жолы оның сөздері тікелей маған қадалмады.

Куртулушқа жеткенде… шығу мүмкін болмай қалды

Ақыры Куртулушқа да жеттік. Енді түсу ғана қалды. Жолаушылардың бірі есікті аша бермек болғанда, өзімді «көргені көп» адамдай көрсетіп: — Бұл де сото. Әуелі тұтқаны көтер, сосын солға бұра… — деп көсемси бастадым.

Екінші жолаушы да, үшіншісі де іске кірісті. Шофердің өзі де ұмтылды. Бірақ есік тырп етпейді. Екінші жақтағы есікке жабылдық — ол да қозғалмады. Енді біріміз оң жақты, біріміз сол жақты тоқпақтаймыз: ашылатын түрі жоқ, ертегідегі сиқырлы есік сияқты.

Абыр-сабырдың «нұсқаулығы»

  • «Түймешігін суыр!»
  • «Бас!»
  • «Итер!»
  • «Тарт!»

Артымызға трамвай, автомобиль тіреліп тоқтап, азан-қазан болды. Жол сілтеушінің ысқырығы шыр-шыр етеді. Шофер машинаны жол шетіне ығыстырды. Терге малынып, жолаушылардың бірі пенжагын шешіп тастады. Екіншісі есікті тепкілей бастады. Жолаушы әйел: — Құтқарыңдар! Өлдім! — деп шыңғырды.

— Қойыңыз, бикеш, мұныңыз не?! Пәле тілемеңіз. Сырттағылар сізді ұрлап әкетіп бара жатыр деп қалар, — дедік.

Полицей келді. Жұрт жиналды. — Не болды? — Есік ашылмайды. Іштегілер шыға алмай отыр.

Сырттағылар қарқ-қарқ күледі. Бірі «балта керек» дейді, бірі «балға керек» дейді, енді бірі «слесарь шақыру керек» дейді. Күн кешкіріп барады, ал біз темір қораптың ішінде омалып отырмыз.

Шеберлер сапары: «Янко» және «Ибо»

Сырттан бір шофер кеңес берді: — Досым, Жаңашаһарға тарт. Онда Янко деген әйгілі шебер бар, сол ашады. Кеше мен де дәл осындай күйге түстім…

Сөйтіп біз Янконың шеберханасын іздеп Жаңашаһарға тарттық. Ол үйіне кетіп қалыпты. Жалынып жүріп шақырттық. Машинаның ішінде өлердейміз. Бір сағат па, екі сағат па — күттік. Шебер келіп, ары шұқылап, бері шұқылап көрді де: — Тарлабашыға барыңдар. Онда Ибо деген шебер бар, тұтқаның тілін сол ғана біледі, — деді.

Ибоны іздеп иттей болдық. Ол қарап тұрып: — Тұтқаның тілі есік қапталындағы дөңгелекшенің иір тісіне кіріп, мүлде кептеліп қалған, — деп түсіндірді.

— Енді не істейміз? — Түнде ештеңе істей алмайсың. Құдай оңдаса, күндіз бір амалын табармыз.

Біз шулап қоя бердік: «Айналайын, Ибожан, құтқара гөр! Жүз десең де, екі жүз десең де төлейміз!» Әйел зар еңіреді: «Күйеуіме хабар да бере алмай қалдым…»

Ақыры Ибо іске кірісті. Бірақ түнгі он екі шамасында қалжырап: — Түк істей алмаймын. Бұл бүгін-ертең бітпейді. Терезеден шығып көріңдер, — деді.

Терезе — соңғы құтқару

Әуелі әйелді шығардық. Терезеден басын шығарғаны сол еді, сырттағылар ары құшақтап, бері құшақтап, әйтеуір сойған түлкідей етіп әрең суырып алды.

Келесі жолаушы бөшкедей еді — оны шығару тіпті қиын. Соны қоя тұрып, мені сырттағылар сопаң еткізіп суырып алды. Өкпеме азаттық ауасы барып, адам қалпыма түстім.

Менен кейін жұрт әлгі төртпақты шығаруға кірісті. Орта беліне дейін әрең шығарғанымызда, ары қарай терезеге кептеліп қалды: не сыртқа, не ішке жылжымайды. Ақыры жартысы сыртта, жартысы машинада қалды.

— Құтқара көріңдерші! — деп жалынады бейшара.

Оны тым болмаса қайта итеріп ішке түсіре алмадық. Біраздан кейін мен өз жайыма кеттім: оқиғаның соңы қалай біткенін білмеймін.

Ал содан бері мен Куртулушқа тек жаяу барып-келіп жүргенімді сіздер сезіп те отырған шығарсыздар.

Орысшадан аударған: Ғаббас Қабышев