Қарт кесімі
Пәні: Өзін-өзі тану
Сыныбы: 8 «Б»
Сабақтың тақырыбы: «Елім деп соғар жүрегім»
Мақсаты
«Отан», «ел» ұғымдарының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру; оқушыларды Отанына, туған жеріне, еліне сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу.
Міндеттері
- Отанға, туған жерге деген махаббаттың мәнін түсіндіру.
- Отанның жарқын болашағына деген сенімді қалыптастыру.
- Отанға, туған жерге, елге сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Оқушылар шаттық шеңберіне тұрып, мұғалім мына шумақпен сабақты бастайды:
Амансыңдар ма, балалар, Күн сайын өскен саналар. Талапты бол, талантты, Бүгінгі сабақ елімізге арналар.
Қ. Мырза Әли
Одан кейін Қ. Мырза Әлидің «Өз елім» әні хормен орындалады.
Әңгімелесу
1) «Туған жер», «туған ел» дегенде ойларыңа не түседі?
Туған жер — адам баласы кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген қасиетті мекен; бізге дейінгі талай ұрпақтың кіндік қаны тамып, маңдай тері сіңген қастерлі топырақ.
Туған ел — «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дегендей, әркімнің өзіне жақын атамекені, елі, қадірлі ортасы.
2) Туған жерге, елге деген сүйіспеншіліктің түп-тамыры неде?
Отанға деген сүйіспеншіліктің түп-тамыры — сыйластық, татулық, бауырмалдық, бірлік. Туған жерді сүю — адам өміріндегі ең бағалы құндылықтардың бірі. Біз сол жердің ауасын жұтып, суын ішіп, топырағын басып өсеміз. Сондықтан елге деген махаббаттың негізі — өз тамырыңды тану мен қадірлеу.
Мәтінмен жұмыс
Қ. Жұмаділовтың «Қаздар қайтып барады» шығармасынан (үзінді).
Мазмұндау бөлімдері
- Етікші шыңы
- Жолаушы
- Қарт кесімі
- Қатал сызық
- Айнабұлақ
- Тұмар
Мәтін бойынша сұрақтар мен жауаптар
Қарияның туған жерге деген сүйіспеншілігі неден көрінеді?
Оның сүйіспеншілігі туған топырақты 40 жыл бойы армандауынан, жолдың қаншалық ауыр екенін көре тұра ниетінен қайтпауынан, заңсыз болса да шекарадан өтуінен, көз жасына ерік беріп, жерді құшырлана сүюінен байқалады.
Қарттың туған жердің топырағын алып жүруін қалай түсіндіресің?
Қарт туған жер топырағын тұмар етіп тағып жүрген. Себебі туған топырақ киелі деп білген, ол оған өмір бойы күш-қуат берді деп сенген.
Туған жердің қасиетін қалай бағалайсыңдар?
Туған жер — қасиетті. Әркімге өз мекені қымбат. Ал алыста жүрсең де туған топырақты аңсап, сағынып жүрудің өзі — оның киелілігін танытады.
Түйін
Туған жер — ата-бабамыздың мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде олар өмір сүріп, еңбек етті, ұрпағына аманат қалдырды. Қазақ халқында атамекенді ардақтау сезімі терең: туған жерді қастерлеу — қанға сіңген дәстүр, жанға ана сүтімен дарыған қасиет.
Дәйексөз
«Өз туған жеріңе деген сүйіспеншілігіңді ең алдымен отбасыңа, ауылдастарыңа арнамай тұрып, барша әлемді сүю мүмкін емес».
М. Шаханов
Тыныштық сәті
Көздеріңді жұмып, ыңғайланып отырыңдар. Еркін, жайлап тыныс алыңдар. Тағы да бір рет баяу тыныс алып, дем шығарыңдар.
Ауаны ішке жұтып, ауыз арқылы демді шығара отырып, ойша сол жылы лептің аяғыңнан мойныңа дейін бүкіл денеңді спираль секілді бүркемелеп жатқанын елестетіңдер.
Дем шығарғанда іштей: «Мен өз сезімімді ұнамсыз эмоциялардан арылттым» деп айтыңдар.
Одан кейін екі рет дем шығарғанда: «Енді мен ұнамсыз эмоциялардан арылдым» деңдер.
Енді денелеріңді босатыңдар, көздеріңді ашыңдар. Жақсы ойларды еске түсіріп, айналаға жылы жүзбен қараңдар.
Сахналау
Рөлге бөліп оқып, диалогты өз ойларыңмен жалғастырыңдар.
Немересі
Ата, туған жеріңізді неліктен сағына бересіз?
Атасы
Балам, туған жердің топырағы да, суы да, ауасы да, тіпті түтіні де қымбат. Өйткені мен сол жерде дүниеге келіп, өсіп-өндім. Адамның өскен ортасы жанына, сана-сезіміне әсер етіп, мәңгі есінде қалады.
Немересі
Туған жерді, елді соншалық қадірлеуіңіздің себебі неде?
Атасы
Ол — менің ата-бабамның жері. Олар оны адал еңбекпен, маңдай термен қорғап, көркейтіп, ұрпағына аманат етіп қалдырған. Сондықтан мен олардың үмітін ақтауым керек.
Немересі
Ата, осынша жасқа келсеңіз де, туған жеріңізді соншалық қалай жақсы көресіз?
Атасы
Қарағым, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет менің бойыма ана сүтімен, бесік жырымен сіңген. Сол сезім сендерге де дарып жатса — үмітімнің ақталғаны.
Немересі
...
Түйіндеме
Туған жер, атамекен — әр адамның тағдырын құрайтын ұлы ұғым. Ең маңыздысы — одан алғаныңды көңіл сүзгісінен өткізіп, бал жинаған арадай жүрегіңе құя білу.
Туған жерді сүю дегеніміз — өмір бойы өз жеріңнен ұзап шықпай қою емес. Егер әлемге назар аудармай, бір орында тұйықталсақ, ақпайтын көл секілді өз-өзімізбен шектеліп, даму мен өркениеттен қалыс қалар едік.
Дегенмен, жер шарының қай түкпірінде жүрсең де, сағынышыңды басар темірқазығың — туған жер. Рухани байланысты үзбесең ғана, айдарыңнан жел еседі. Өйткені өзге топырақ, өзге ауа, өзге су оның орнын толтыра алмайды.
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Ш. Айтматов айтқандай, туған жер — әр адамның тағдыры. Одан алғаныңды жүрегіңе құя білуің керек. Туған жерді сүю — өз еліңе байланып қалу емес: жер шарының қай түкпірінде жүрсең де, Отан — біреу. Себебі өзге топырақ, өзге ауа, өзге су туған жердің орнын баса алмайды.
Бүгінгі «Елім деп соғар жүрегім» сабағында біз Отанды, елімізді, туған жерімізді сүюдің мәнін тереңірек ұқтық. «Туған жер», «ел», «Отан» — баға жетпес құндылықтар. Әрқайсымыз ата-бабамыздың кіндік қаны тамған ежелгі қонысты қадірлеп, қастерлеп, бағалай білуге тиіспіз. Туған жер — қасиетті әрі құдіретті.
Сендер — кең байтақ, тәуелсіз Қазақстанның жас ұландарысыңдар. Бұл сабақ ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жұлдызды 20 күн» аясындағы «Отан күнімен» сәйкес келіп отыр.
Жүректен — жүрекке
Ән
Сабақ соңында Отанға деген сүйіспеншілігімізді ән арқылы білдіреміз: «Атамекен».
Ізгі тілек
«Еліміздің тәуелсіздігі мәңгі болсын, еліміз көркейіп, гүлдене берсін» деген ақ ниетімізді туған жердің табиғатын гүлдендіруді бейнелейтін ортақ жұмыс арқылы білдіреміз.