Педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық принциптері
Мақсаты
Ғылыми-педагогикалық зерттеу әдіснамасы, педагогикалық зерттеудің құрылымы мен логикасы туралы жалпы түсінік беру және педагогика ғылымының әдіснамасымен таныстыру.
Жоспары
- Ғылыми-педагогикалық зерттеу – жаңа педагогикалық білімді қалыптастыру процесі.
- Педагогика ғылымының әдіснамасы.
- Педагогикалық зерттеудің құрылымы мен логикасы.
- Зерттеулердің негізгі кезеңдері (этаптары).
1. Ғылыми-педагогикалық зерттеу: жаңа педагогикалық білімді қалыптастыру процесі
Ғылым дамуының басты шарты – жаңа деректермен үздіксіз толығып отыру. Деректердің жинақталуы мен оларды түсіндіру ғылыми негізделген зерттеу әдістеріне тәуелді. Ал әдістер, өз кезегінде, ғылымда әдіснама деп аталатын теориялық принциптер жүйесімен тығыз байланысты.
Қазіргі ғылымда әдіснама – ғылыми-танымдық іс-әрекеттің құрылу принциптері, формалары мен тәсілдері жөніндегі білім. Ғылым әдіснамасы зерттеудің құрылымдық бірліктерін сипаттайды: нысан, талдау пәні, міндеттер, құралдар жүйесі және басқа да құрамдас бөліктер. Сонымен бірге зерттеу міндеттерін шешудегі әрекеттердің бірізділігін айқындайды.
Осы тұрғыдан алғанда, педагогика әдіснамасы педагогикалық таным мен педагогикалық болмысты қайта құрудың теориялық ережелер жүйесі ретінде қарастырылады.
Әдіснамалық білімнің қызметі
- көрсетпе-нұсқау беру;
- зерттеу үдерісін реттеу және үйлестіру.
Іске асу түрлері
- Дескриптивтік әдіснама – ғылыми білім құрылымы мен таным заңдылықтарын сипаттап, зерттеуге бағыт-бағдар береді.
- Прескриптивтік әдіснама – зерттеу іс-әрекеттерін ұйымдастырудың жол-жобасын белгілеп, нақты нұсқау ұсынады.
Дәстүрлі әдіснамалық талдауда тиімділігі дәлелденген ұсыныстар мен ережелерді құрастыру міндеті басым болса, дескриптивтік талдауда ғылыми таным барысында орындалған зерттеу әрекеттерін сипаттау және түсіндіру алдыңғы қатарға шығады.
2. Педагогика ғылымының әдіснамасы
Әдіснамалық білімдер төрт деңгейге бөлінеді (Э. Г. Юдин): философиялық, жалпығылымдық, нақты ғылымдық және технологиялық.
Философиялық деңгей
Танымның жалпы принциптерін және ғылымның категориялық құрылымын негіздейді. Философиялық білімдер жүйесі тұтастай әдіснамалық қызмет атқарады.
Жалпығылымдық деңгей
Көптеген ғылым салаларында қолданылатын жалпы теориялық тұжырымдарды белгілейді.
Нақты ғылымдық деңгей
Белгілі бір пән аймағына тән зерттеу әдістері мен принциптерінің жиынтығын қамтиды. Педагогикада бұл, мысалы, педагогикалық зерттеулердегі жүйелестіру және жобалау (модельдеу) мәселелері болуы мүмкін.
Технологиялық деңгей
Зерттеу техникасы мен әдістерін нақтылап, эмпирикалық деректерді жинау, бастапқы өңдеу және оларды ғылыми білім кеңістігіне енгізу жолдарын көрсетеді. Бұл деңгей нұсқаулық сипатымен ерекшеленеді.
Әдіснаманың барлық деңгейлері өзара сабақтас жүйе құрайды. Кез келген әдіснамалық білімнің мазмұндық негізі философиялық деңгейден бастау алады, өйткені таным мен болмысты қайта жасау әрекеттерінің дүниетанымдық бағдарын философия айқындайды.
Педагогиканың жалпығылымдық әдіснамасы: жүйелілік ұстанымы
Жалпығылымдық әдіснама қоршаған болмыс құбылыстары мен процестерінің жалпыланған байланысы және өзара шарттастығына негізделген жүйелілік арқылы сипатталады. Ол зерттеушіні белгілі құрылымы мен өзіндік даму заңдылықтары бар жүйелерді көре білуге бағдарлайды.
Жүйелілікке сәйкес, салыстырмалы дербес элементтер өз алдына оқшау қарастырылмай, өзара байланыстағы қозғалыс пен даму үдерісінде талданады. Бұл элементтерден тікелей байқала бермейтін біріктіруші жүйелік қасиеттер мен сапалық белгілерді анықтауға мүмкіндік береді.
Жүйелілік талап ететін зерттеу принциптері
- тарихилық;
- нақтылық;
- көптараптылық;
- байланыстар мен дамуды ескеру.
Теория – эксперимент – практика бірлігі
Теория негізінде жобаланған экспериментте тексерілген тұжырымдардың шынайлылығы практиканың талаптарымен салыстырылады. Ал практика жаңа іргелі проблемалардың туындауына жол ашады: теория шешімдердің дұрыстығын негіздесе, тәжірибе жаңа міндеттерді айқындайды.
Педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық принциптері
- Педагогикалық құбылыстардың шынайлылығы мен шарттастылығын ескеру: барлық құбылыс ішкі объектив заңдарға, қарама-қайшылықтарға және себеп–салдарлық байланыстарға сай дамиды.
- Құбылыстарды даму барысында зерттеу.
- Бір құбылысты басқаларымен өзара байланыста қарастыру.
- Ғылыми проблеманы шешу бірін-бірі толықтыратын әдістер кешені арқылы орындалатынын естен шығармау.
- Зерттеу әдістері зерттелетін құбылыстың мән-мағынасына сәйкес болуы.
- Дамуды оның қозғаушы күші саналатын қарама-қайшылықтарға негізделген өзіндік қозғалыс және өзіндік даму ретінде түсіндіру.
- Сынақталушыға және білім-тәрбие үдерісіне зиян келтіретін, адамгершілік-инабаттылық талаптарына қайшы келетін эксперименттерді жүргізбеу.
3. Педагогикалық зерттеудің құрылымы мен логикасы
Педагогика саласындағы зерттеулер – білім беру заңдылықтары, оның құрылымы мен механизмдері, мазмұны, принциптері және технологиялары туралы жаңа мәлімет алуға бағытталған ғылыми ізденіс үдерісі және оның нәтижесі. Мұндай зерттеулердің негізгі міндеті – деректер мен құбылыстарды түсіндіру және алдын ала болжау.
Бағытталуына қарай жіктелуі
Іргелі
Теориялық және практикалық жетістіктерді қорытындылайтын жалпы тұжырымдамалар жасайды немесе педагогикалық жүйелерді дамытудың модельдерін ұсынады.
Қолданбалы
Педагогикалық үдерістің жекелеген қырларын терең танып, педагогикалық қызмет заңдылықтарын ашуға бағытталады.
Болжам–жобалау
Белгілі теориялық көзқарастарға сүйенген ұсыныстардың дұрыстығын дәлелдеп, оларды практикалық айналымға енгізуге қызмет етеді.
Зерттеудің негізгі әдіснамалық тіректері
- проблема және тақырып;
- нысан (объект) және зерттеу дені (пәні);
- мақсат, міндеттер;
- болжам (гипотеза);
- қорғалатын идеялар.
Сапаны айқындайтын көрсеткіштер
- көкейкестілік;
- жаңалық;
- теориялық маңыз;
- практикалық маңыз.
Зерттеу бағдарламасының құрылымы
1) Әдіснамалық бөлім
- тақырып көкейкестілігін негіздеу;
- проблеманы нақтылау;
- нысан мен денін айқындау;
- мақсат пен міндеттерді белгілеу;
- негізгі ұғымдарды анықтау;
- бастапқы жүйелі талдау және қызметтік болжам жасау.
2) Іс-әрекеттік (процедуралық) бөлім
- зерттеудің стратегиялық жоспарын құру;
- деректерді жинақтау көздері мен тәсілдерін белгілеу;
- деректерді іріктеу реті мен негізгі шараларын жоспарлау;
- өңдеу және қорытындылау қадамдарын анықтау.
Көкейкестілікті негіздеудің мәні – оқу мен тәрбиенің теориясы мен практикасын дамыту үшін проблеманың қажеттілігін, оны дер кезінде зерттеп, шешудің маңызын дәлелдеу. Көкейкесті зерттеулер қоғамның әлеуметтік сұранысын көрсетеді және практикадағы маңызды қайшылықтарды ашады.
Көкейкестілік уақытқа және нақты жағдайға тәуелді өзгермелі өлшем. Жалпы түрде ол ғылыми идеялар мен практикалық ұсыныстарға деген сұраныс пен ғылым мен практиканың сол кезеңдегі мүмкіндіктері арасындағы алшақтықты сипаттайды.
Әлеуметтік тапсырыс нақты тақырыптың негіздемесін талап етеді және бұл, әдетте, мәселенің ғылымда зерттелу дәрежесіне байланысты. Егер әлеуметтік тапсырыс практиканы талдаудан туындаса, ғылыми проблема ғылымның әдіс-құралдарын пайдалана отырып негізгі қарама-қайшылықтарды ашып көрсетуді мақсат етеді.
Көп жағдайда проблеманы шешу зерттеу мақсатын құрайды: мақсат – қайта тұжырымдалған және нақтыланған проблема. Проблема айқындалған соң зерттеу нысаны таңдалады. Нысан ретінде педагогикалық үдеріс, педагогикалық болмыстың белгілі бір саласы немесе қайшылықтары бар педагогикалық қатынас алынуы мүмкін.
Зерттеу дені (пәні) – нысанның белгілі бір қыры: терең зерттеуді қажет ететін теориялық немесе практикалық тұрғыдан маңызды сапа-қасиеттері мен ерекшеліктері.
Мақсат, нысан және денге сәйкес зерттеу міндеттері белгіленеді. Олар, әдетте, гипотезаны тексеру мен дәлелдеуге бағытталады. Гипотеза – шынайлылығы әлі толық дәлелденуі тиіс, теориялық негізі бар болжамдар жүйесі.
Ғылыми жаңалық
Қазіргі кезеңде әлі белгісіз, әдебиетте көрініс таппаған заңдылықтарды, құрылымдар мен механизмдерді, мазмұн, принцип және технологиялар туралы жаңа қорытындыларды білдіреді.
Теориялық маңыз
Жасалған тұжырымдамалар, дәлелденген гипотезалар, ашылған заңдылықтар, әдістер мен көзқарастар арқылы көрінеді.
Практикалық маңыз
Жаңа ұсыныстар, нұсқаулықтар мен қолдануға дайын шешімдер дайындауға негіз болуымен айқындалады.
Жаңалық, теориялық және практикалық маңыздылық зерттеу типіне және жаңа білімнің пайда болу уақытына қарай өзара өзгеріп отырады.
4. Зерттеулердің негізгі кезеңдері (этаптары)
Зерттеу ізденістерінің логикасы мен қозғалысы бірнеше сатымен өрбиді: эмпирикалық, гипотетикалық, теориялық және прогностикалық.
Эмпирикалық саты
Нысанның бастапқы қызметтік бағдары алынады, шынайы оқу-білім тәжірибесі мен ғылыми білім деңгейі арасындағы қайшылықтар көрінеді, ғылыми проблема тұжырымдалады. Нәтижесінде бастапқы тұжырымдамаларға сүйенген, бірақ әлі тексеруді қажет ететін болжамдар жүйесі қалыптасады.
Гипотетикалық саты
Нысан туралы деректік болжамдар мен олардың мәнін нақтылау қажеттігі арасындағы қайшылықтарды шешуге бағытталады. Бұл кезең эмпирикалық деңгейден теориялық деңгейге өтудің дайындық алғышарттарын жасайды.
Теориялық саты
Функционалдық және гипотетикалық болжамдарды жүйелі түсіндіру қажеттігімен үйлестіру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде нысан туралы теориялық тұтастанған түсінік қалыптасады.
Прогностикалық саты
Нысан жөніндегі соңғы идеялық ақпаратты жаңа жағдайларда дамыту мүмкіндіктерін алдын ала жобалау қажеттігінен туындайды. Теорияның міндеті – осы талаптардың объектив шешіміне негіз болу.
Бақылау сұрақтары және тапсырмалар
- Ғылыми әдіснама дегеніміз не және оның түрлері қандай?
- Педагогика ғылымының жалпы әдіснамасы дегеніміз не?
- Педагогика саласындағы зерттеулерге не жатады?
- Бағытталу тұрғысынан педагогикалық зерттеулер қалай жіктеледі?
- Зерттеу бағдарламасының құрылымы қандай?
- Зерттеудің негізгі кезеңдерін атаңыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Жексенбаева Ү. Б. Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру. А., 2005.
- Безрукова В. С. Как написать реферат, курсовую, диплом. СПб., 2004.
- Загвязинский В. И., Атаханова Р. Методология и методы психолого-педагогического исследования. М., 2003.
- Қоянбаев Р. М., Қыяқбаев Ұ. Қ. Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесінен диплом жұмысы. А., 2004.
- Скалкова Я. И. және т.б. Методология и методика педагогического исследования. М., 1986.
- Нағымжанова Қ. Педагогикалық инновацияның зерттелуі. Бастауыш мектеп, №3, 1999 ж.