Қара аққу

Аққу туралы жалпы мәлімет

Аққу — ежелгі замандардан бері адамның назарын өзіне аударып келе жатқан, табиғат өзгерістеріне тез бейімделетін құс. Ол қазтәрізділер тобына жатады. Су бар жерде аққу да тіршілік ете алады.

Дүниежүзінде аққудың шамамен 150 түрі кездеседі. Қазақстан суларының өзінде оның екі түрі кең таралған: сұңқылдақ аққу және сыбырлақ аққу.

Салмағы

12–13 кг-ға дейін

Ұя диаметрі

120–150 см

Жұмыртқа саны

3–7 дана

Тіршілік ортасы мен қорегі

Аққулар ұзақ өмір сүретін, өте әдемі құстардың қатарына жатады. Олар су өсімдіктерінің жапырағы мен тамырын қорек етеді. Мамандардың айтуынша, кейде ұсақ жәндіктерді де жейді.

Кейбір түрлері ұзын мойнының арқасында шамамен 1 метр тереңдіктегі су өсімдіктеріне дейін жетіп, солармен қоректене алады. Қорек іздегенде үйректер секілді суға басын батырып, түбін шұқылайды.

Аққудың талғампаз таңдауы

Қазақ халқы аққуды тазалық пен сұлулықтың символы деп таниды. Аққу да ұясын кез келген көлге сала бермейді: ол ұя салуға ну қамысты, суы таза әрі тұщы ірі көлдерді таңдайды және адам көп жүретін жерді ұната бермейді.

Маусымдық қоныс аудару және ұя салу

Аққулар туған жеріне әдетте наурыздың соңы — сәуірдің басында оралады. Қазақстанның өзен-көлдерінен олар қорек пен қорғаныс табады. Әсіресе қамысты қопалар аққулар үшін аса маңызды: олар сол араға ұя салып, балапанын өсіреді.

Ұясын көбіне қамыстан өріп жасайды. Ұясының диаметрі 120–150 см-ге жетеді. Аналығы жұмыртқасын 35–40 күн басады, ал аталығы осы кезеңде ұя маңынан алыстамай, қорғап жүреді. Ұрпақтарымен күзге дейін бірге болып, оларды қорғаштайды.

Шілде–тамыз айларында аққулар түлеп, қанатының қауырсынын жаңартады. Осы уақытта көлдің адам бара алмайтын тыныш, қорғалған бөлігін таңдайды. Күзде жылы жаққа ұшар алдында олар көбіне 7–10 құстан топтасады.

Жұпқа адалдық және аңыздар

Аққулар жұптасқаннан кейін, әдетте, сол жұбын өмір бойы сақтайды. Олардың бір-біріне беріктігі туралы ел аузында көптеген аңыз бар.

«Жұбынан айырылған аққу өзін-өзі өлтіреді» деген сөз рас па?

Аңыз бойынша, жұбынан айырылған аққу аспанға көтеріліп, соңғы «әнін» айтып, жерге тасқа соғылып өледі делінеді. Бұл — нақты дәлелденген шындық емес. Дегенмен, жұбайынан айырылған құстың ұзақ уақыт бойы маңайдан кетпей, зарлы үн шығарып жүретіні байқалады.

Аққудың күші туралы әңгіме

Халық арасында аққудың күштілігі туралы да оқиғалар айтылады: бір әңгімеде аққулар тобы жағаға шыққан адамды тұмсықтап, қанатымен сабап, өлім халіне жеткізгені сөз болады. Бұл оқиға да шындыққа жақын емес. Бірақ аққудың қуатты құс екені ақиқат: ол қанатымен соғып, баланың қолын сындырып жіберуі мүмкін.

Қимылы, мінезі және адаммен қатынасы

Аққу суда әсем жүзіп, маңғаз қалпын сақтайды. Ұшқанда су бетінен ауыр көтеріледі: екі аяғымен суды артқа қарай итеріп, желге қарсы екпін алып ұшады. Ол өте сақ, батыл әрі күшті құс.

Аққулар — ақылды құстар. Олар адамдардың қайсысы мейірімді, қайсысы қатігез екенін ажырата алады; есте сақтау қабілеті де жақсы дамыған. Әдетте адамға шабуыл жасамайды, тек ұясына немесе балапандарына қауіп төнгенде ғана ерекше мінез көрсетуі мүмкін.

Қолға үйрету мүмкіндігі

Аққу қолға жақсы көнеді. Сол себепті оны үй маңындағы су қоймаларында, санаторийлер төңірегінде ұстап, біртіндеп үй құсына айналдыруға да болады. Алматыдағы Үкімет үйі алдындағы су айдынында аққулардың ұзақ уақыт бойы тіршілік етуі — соның бір мысалы. Көпшілік, әсіресе жасөспірімдер, аққуды көріп ерекше әсер алады.

Жер бетіндегі аққудың негізгі түрлері

Жер бетінде жиі атылатын аққу түрлері:

  • Қара аққу
  • Қарамойын аққу
  • Кернейші (сырнайшы) аққу
  • Тундралық (кішкентай) аққу
  • Саңқылдақ аққу
  • Америкалық аққу
  • Тістеулік аққу

Сұңқылдақ пен сыбырлақты қалай ажыратуға болады?

Біздің айдын шалқар көлдерде кездесетін сұңқылдақ және сыбырлақ аққулар сырттай ұқсас болғанымен, бірнеше айқын белгі арқылы ажыратылады.

Сұңқылдақ аққу

  • Судағы қалпы: денесінің алдыңғы бөлігін суға терең батырып, артқы бөлігін жоғарырақ ұстайды.
  • Мойны: көбіне тік, созыңқы тұрады.
  • Қанаты: денесіне қысыңқы.
  • Аяғы: қоңыр немесе қара.
  • Тұмсығы: түбі сары, ұшы қаралау.
  • Дауыс: ащы, саңқылдаған үн.

Сыбырлақ аққу

  • Судағы қалпы: мойнын S әрпі тәрізді бүгіп ұстайды, басын төменірек алып жүреді.
  • Тұмсығы: қызғылт сары, кей жері қара; үстінде томпақ өсінді болады.
  • Дене мөлшері: көбіне ірірек, салмағы 13 кг-ға дейін жетуі мүмкін.

Қазақстандағы таралу аймақтары

Сұңқылдақ аққу

Орманды дала мен далалық аймақ көлдерінде, Каспий теңізінің солтүстік-шығысында, Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдерінде кеңірек таралған.

Сыбырлақ аққу

Арал теңізі маңында, Сырдария мен Торғай өзендері бойындағы көлшіктерде көбірек кездеседі.

Жекелеген түрлерге қысқаша шолу

Тістеулік аққу

Тістеулік аққу шалғайға кетсе де, туған жеріне жыл сайын қайтып оралады. Салмағы шамамен 8–13 кг. Өзге аққулардан мойнын айқындап иіп ұстайтын қалпымен және тұмсығын көбіне суға қарай төмен қаратып жүзуімен ерекшеленеді. Есту және көру қабілеті жақсы дамыған, байланыс кезінде әртүрлі дыбыстарды қолданады.

Еуропа мен Азияның оңтүстігінде, соның ішінде Польша, Дания, Моңғолияның батысы және Қытайдың шығысында таралған. Ресейдің кейбір су қоймаларында және Қазақстанның жекелеген көлдерінде де кездесуі мүмкін.

Қара аққу

Ғылыми болжамдарға қарағанда, қара аққулар бұрын кеңірек тараған. Алайда адам ықпалына байланысты саны күрт азайып, жойылып кету қаупіне жақындаған. Қазіргі кезде негізінен Австралия мен Жаңа Зеландияда кездеседі.

Қара аққу кейде ұясын су өсімдіктеріне бекітіп салады. Ұя үзіліп кетсе, су бетінде қалқып жүре беруі мүмкін. Тобы тәртіпті: жылы жаққа ұшқанда биікте, ұйымдаса ұшады. Қауырсыны қап-қара болғанымен, ұшқанда қанатының астынан ақ мамық байқалады. Орташа өмір жасы — шамамен 10 жыл, дене ұзындығы 110–140 см, қанат құлашы 160–200 см.

Тундралық (кішкентай) аққу

Бұл түр Ресейдің тундралық аймақтарында жұмыртқалайды. Қыста Британ аралдарында, Қытай мен Жапонияда, кейде Қазақстанның Түркістан өңірінде және Каспий теңізі маңында қыстап шығады.

Америкалық аққу

Америкалық аққу тундралық аққуға ұқсас, бірақ ірірек әрі салмағы ауыр болады. Өте сирек кездеседі.

Қарамойын аққу

Қарамойын аққулар ерекше көркемдігімен көз тартады. Негізгі мекені — Оңтүстік Америка.

Қорғау мәселесі және ортақ міндет

Соңғы 10–15 жылда Қазақстанның өзен-көлдеріндегі аққу саны айтарлықтай азайды. Бұған екі негізгі себеп әсер етті: құрғақшылық салдарынан бірқатар көлдердің тартылуы және адам әрекеті.

  • Ұялайтын көл маңайының жыртылып, табиғи тыныштығының бұзылуы.
  • Көлдердегі қамыстың шабылып, жасырынатын әрі ұя салатын орындардың азаюы.

Айдын көлдерде аққу мен қаз санын көбейту — бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Сұлулық пен әсемдіктің символы саналатын қасиетті құсты қорғау, оның ұя салуына қолайлы жағдай жасау — әрбір саналы азаматтың борышы.

«Аққулар» (өлең)

Құс патшасы — аққулар, Сән берген жер мен аспанға. Көктемде көлде саңқылдар, Ұқсайды сырнай тартқанға. Ақ қардай аппақ алыстан, Ақ құстар көзді арбайды. Қос аққу жаңа танысқан Жігіт пен қызды аумайды. Білегіндей жас баланың Аққудың имек мойыны Басады көңіл алаңын, Жас аққулар ойыны. Аққуларға жетпейді Жер-көктегі бар тазалық. Бір көрсең, шаттық көптейді, Көңілің қалар тазарıp. Сағынып жаңа тапқандай, Сұңқылдасып көп күлер. Бірдеңе әжең айтқандай, Сыбырлары айқын естілер. Ұмсынып көктен қараған Ай мен Күн кезек тыңдайды. Ерекше дауыс тараған, Саңқыл мен сұңқыл тынбайды. Қанаты кейде қайрылса, Қиындыққа үнсіз көнеді. Сыңарынан оқыс айырылса, Өзі де құлап өледі. Өтсе де қанша замандар, Тәртіпті берік сақтайды. Ешқашан есті адамдар Аққуларды атпайды!