Ресей, Алтай өлкесі, Поспелиха поселкесі

Михаил Павлович Фролов

27.09.1916, Ресей, Алтай өлкесі, Поспелиха поселкесі — 09.11.1991, Украина, Ялта қаласы

Михаил Павлович Фролов — Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, лейтенант, танк ротасының командирі. Ұлты — орыс. Алматы қаласында орта мектепте оқып, 1939 жылы Барнаул педагогикалық институтын тәмамдаған. Соғысқа дейін орта мектеп директоры болып қызмет атқарды.

1940 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, 1941 жылдың маусымынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысты. 1943 жылы Сталинград танк училищесін бітірді.

Майдандағы жолы

1943 жылдың жазында неміс-фашист басқыншыларына қарсы Курск және Орел қалалары маңындағы шайқастарға қатысты. Воронеж майданының әскерлері Белгородқа, Харьковтың солтүстік-батысына және Сумы қаласының оңтүстік-батысына қарай шабуылды өрістетті.

Фроловтың танк ротасы 10-танк корпусының 178-танк бригадасы құрамында жаяу әскер бөлімдерімен бірлесе қимылдап, Гапоновка және Братск елді мекендері үшін ұрыстар жүргізді.

14 тамыздағы шайқас

14 тамыз күні жау бір батальон күшін 25 танк және 6 өздігінен жүретін зеңбірекпен күшейтіп, сондай-ақ 3 артиллерия батареясымен оқ жаудырып, танк бөлімінің жауынгерлік сапына қарсы тұрды. Осы ұрыста Фролов өзінің Т-34 танкісін шебер басқарып, айла-тәсілдерді тиімді қолдану арқылы жаудың бір танкін, 7 Т-6 ауыр танкін және 8 автокөлігін өртеп, 7 зеңбірегін шынжыр табанымен жойды.

Соңғы шабуылды тойтару кезінде ержүрек танкист ауыр жараланды.

Марапаттары

Көрсеткен ерлігі үшін Фроловқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және Алтын Жұлдыз медалі қоса тапсырылды (10.01.1944).

Сондай-ақ ол I дәрежелі Отан соғысы орденімен екі рет және басқа да медальдармен марапатталды.