Тәрбие сағат міндеттері

Мақсаты

Еліміздің Ата Заңы туралы түсінікті тереңдету, Конституцияның бүгінгі өмірдегі маңызын ұғындыру.

Міндеттері

Білімділік

Оқушыларға Конституция ұғымы, бөлімдері, қабылдануы және қазіргі кездегі қолданысы туралы түсіндіру, оны күнделікті өмірмен байланыстыра білім беру.

Дамытушылық

Сұрақтар мен иллюстрациялар арқылы ойландыру, өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік жасау, сөйлеу мәдениетін жетілдіру.

Тәрбиелік

Өзіндік пікірі бар, елжанды азамат тәрбиелеу; оқушылардың бойында патриоттық сезімді нығайту.

Тәрбие сағатының барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу.
  • Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.

II. Ой қозғау

Балалар, төмендегі өлеңді мұқият тыңдап, онда не туралы жырланғанын айтыңыздар.

«Ата Заң»

Ата Заңым, Алтын Заңым – ардағым,

Аялаған адамзаттың арманын.

Жол бастайды болашаққа жасампаз,

Әрбір бапқаң, тарауың, тармағың.

Алтын Заңда – парасатым, пайымым.

Алтын Заңда – күш-қуатым, жалыным.

Сен қорғайсың бостандық пен құқықты,

Анамдайсың елжіреген жанымның.

Талқылау: оқушылардың жауабы тыңдалады.

III. «Кім біледі?» сұрақтары

30 тамыз — қандай атаулы мереке?

Жауап: Конституция күні.

1 қыркүйек күнінің ерекшелігі қандай?

Жауап: Білім күні.

Конституция туралы тағы не білесіңдер? Қандай құқықтар мен міндеттерді атай аласыңдар?

Жаңа сабақ: «Санаға сапар»

Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстанның Ата (негізгі) заңы. Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданды.

Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде өзінің егемендік құқығын баянды етті. Ата Заң қабылданған күн — 30 тамыз — мемлекеттік мереке, яғни ҚР Конституциясы күні болып жарияланды.

Бұл жаңа Конституция — Қазақстанның төртінші Ата Заңы: 1937, 1978, 1993, 1995.

Конституцияның құрылымы: кіріспе, 9 бөлім, 98 бап, сондай-ақ көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады.

Конституция — барлық заң салаларының негізі, ал оның нормалары — басқа заңдар үшін басты қағида. Ол қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың құрылу тәртібі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң.

Конституциядан маңызды баптар

Төмендегі үзінділер оқушыларға Конституцияның мазмұнын нақты мысал арқылы түсіндіруге көмектеседі.

1-бап

Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

7-бап

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі.

27-бап

  • Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
  • Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
  • Кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.

30-бап

  • Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі.
  • Орта білім алу — міндетті.

36-бап

Қазақстан Республикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті.

Суреттермен жұмыс

Мемлекеттік рәміздер бойынша оқушылардың білімін саралау: Ту, Елтаңба, Әнұранның мағынасы мен қолданылу тәртібін талқылау.

Ту

Түстер мен белгілердің мәнін түсіндіру, құрмет көрсету ережелері.

Елтаңба

Нышандардың мазмұны, тарихи-мәдени астары.

Әнұран

Орындау әдебі, мәтіннің идеясы, азаматтық жауапкершілік.

Қорытынды

Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары заңдық күші бар құжат болып саналады. Әрбір азамат өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін Конституция мен оның нормаларын пайдалана алады.

Демек, ҚР Конституциясы — елдің басты саяси-құқықтық құжаты. Заңға бағыну — тәртіп. Ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер қалыптасады. Бұл қасиеттер қоғам дамуының негізіне айналады.

Өз Отанын танып, сүю және оның заңдарына бағыну — әр адамның азаматтық жауапкершілігі, өз елі алдындағы борышын орындауы.

Санат
Қазақша тәрбие сағаттар жинағы

© Материал негізінде редакцияланған нұсқа.