Өзіміздің ана тілімізде сөйлеп тұрсыз
Жылқы туралы сабақтағы бір сұрақ
Айнагүл бүгін балаларға жылқы жайлы сабақ өтті. Сабақ барысында ол мағынасына қарай «жылқы» деген атауды да, «ат» деген сөзді де, «Қамбар ата түлігі» деген тіркесті де орнымен қолданды. Жылқының жас ерекшелігіне байланысты атаулар да назардан тыс қалмады. Бұған қоса, жүйрікке қатысты «тұлпар», «арғымақ», «сәйгүлік» сияқты сөздерді де ретіне қарай атап өтті.
Айнагүлдің бір әдеті бар еді: сабақ үстінде өзі сөйлеп қана қоймай, шәкірттерін тыңдағанды да жақсы көретін. Бұл жолы да солай болмақ.
Ернардың сауалы
Кенет сыныптың ортасынан Ернар қол көтерді. Ернар — Айнагүлдің сүйікті шәкірттерінің бірі. Сондықтан өзін еркінірек ұстайтын, кейде апайына аздап еркелеп қоятын да бар.
Ернар бұл жолы салмақты қалыппен орнынан тұрып:
— Апай, сіз бүгінгі сабақта жылқы туралы көп мағлұмат бердіңіз. Ата-бабамыздың асауды ерттеп мінгенін, ерттеп мінгенде тақымы бір сәт босаңсымаған халық екенін айттыңыз. Бірақ көкейімде бір сұрақ тұр: сол бабаларымыз бір замандар өткенде өз ұрпағы жылқыны тек суреттен ғана көріп отырады деп ойлады ма екен?
Сынып тына қалды. Айнагүл шәкіртінің нені меңзеп тұрғанын түсінді. Бірақ сұраққа әзілмен жауап берді:
— Ернар-ау, енді мен сыныпқа жылқыны әкеліп қоя алмаймын ғой.
Балалар ду күлді. Ернар да езу тартып:
— Әрине, әкеліп қоя алмайсыз. Тек сіз әңгімелеп жатқанда осы ойлар келді. Өзіңіз айтушы едіңіз ғой: «Балалар, пікір білдіргенде іркілмей сөйлеуге үйреніңдер», — деп.
Сынып апай не дер екен дегендей, Айнагүлге жәудірей қарады.
Ана тілдің аманаты
Кенет Айнагүл балаларға күтпеген сұрақ қойды:
— Балалар, мен қай тілде сөйлеп тұрмын?
Шәкірттер хормен жауап қатты:
— Қазақ тілінде сөйлеп тұрсыз, апай. Өзіміздің ана тілімізде сөйлеп тұрсыз.
«Ана тілімізде» деген сөз Айнагүлді толқытты. Даусына діріл араласқандай болып, ол былай деді:
— Осыған шүкір деңдер, балалар. Тіліміздің бүгінге жеткеніне де шүкіршілік ету керек. Ол талай заманның қыспағынан өтті. Бұл — бабаларымыз сөйлеген тіл.
— Мен сендерге дәл осы тілде бабаларың ерттеп мінген сәйгүліктер мен арғымақтар жайлы әңгімені жеткізіп тұрмын. Әңгіме ішінде «Ат — ер қанаты» деген сөзді бірнеше мәрте қайталадым.
— Енді сол сөзден тұмардай ғана ой түйіп, көкірек көздеріңе сыйғызып ұстай алсаңдар, сендерді келешекке жетелейтін ұшқыр қанат — сол болмақ.
Сынып қайтадан тым-тырыс қалды. Олар сан-сапалақ ақпарат тоғысқан заманда апай айтқан оймақтай ойды жоғалтып алмай, қасиетті тұмардай қастерлеп жүрсек екен дегендей, үнсіз ойланып қалған еді.