Сен неге келе бересің

Ертекші қыз

Ерте, ерте, ертеде… Бағзы бір заманда… Оның әр әңгімесі дәл осылай басталатын. Өзі де бір қызық жан еді: өн бойынан адамдарға тән қандай да бір әдет-қылықты, іштей күйзелісті немесе қалыпты қуанышты байқамадым. Ешқашан күлмейтін, адамдарша қайғырмайтын, жүріс-тұрысы да мүлде бөлек.

Үстіндегі аппақ көйлегінің кең етегі желмен баяу тербеліп, бір қарағанда аяқсыз қозғалып келе жатқандай, тіпті ұшып жүргендей әсер қалдыратын. Айтқан әрбір әңгімесі жер бетінде болып жатқан оқиғалармен қабыса бермейтін. Бірақ оның айтары таусылмайтын: таңнан таңға жалғасатын. Құлақ түрсең, мың бір түннің елесіне шырмалатындай.

Баяу үнмен басталған ертегі бірте-бірте шытырманға айналып, қиял-ғажайып дүниелерге ұласатын. Мен Ертекші қызды тыңдағанды қатты ұнататынмын. Уақыт өте келе оның сиқырлы әлеміне бойлап, тіпті өзіне тым жақындап кеткенімді де аңғарғандаймын.

Күмән мен алыстау

Себебі, оны ұйып тыңдап келген адамдар бірте-бірте Ертекші қыздан алыстай бастады. Қайдан келгенін, әке-шешесі кім екенін, мекені қайда екенін ешкім білмейтін. Көпшілік кейін оған күдікпен қарап, тіпті «перінің қызы» деп сыбырлап, жанына жоламайтын болды.

Бұл маған онша әсер етпеді. Ол ертегі айтуын тоқтатпады. Күн сайын кешкісін ауыл шетіндегі жалғыз кәрі еменнің түбіне барып отыратын. От жағатын. Кейін бұл жұмыс менің мойныма өтті: күн бата сол еменге барып, от тұтатамын.

Күн батыстан Ертекші қыз келетін. Аппақ көйлегі кешкі қызыл жалынға оранғанда, өзі де от болып жанып келе жатқандай елестейтін. Жүзі бал-бұл жанып, ерекше қызыл-сары сәуле жанымды шарпитын. Ол емен түбіндегі күннің қызуы сіңген қойтастың үстіне жайғасып алып, ертегісін бастайтын.

Сұрақтар

Соңғы кезде ол бір сұрақ қоймайынша ертегісін бастамайтын болды.

— Сен неге келе бересің? Өзгелер меннен әлдеқашан қашып кеткен жоқ па?

— Мен ертегі тыңдағым келеді.

— Ертегілерім таусылып қалса ше?

— Қорқытпаңыз. Мен енді ертегісіз өмір сүре алмайтын сияқтымын.

— Бекер бұл әдет. Қалыпты адамдар секілді еңбек етіп, өмірдің заңдылықтарына бағынып тіршілік жасамайсың ба?

— Неге сұрақ жаудыра бересіз? Керісінше, біреу болса да тыңдайтын адам бар екеніне қуанбайсыз ба?

— Маған бәрібір. Мені бәрі тыңдай береді: мына кәрі емен де, уілдеген жел де, түнгі аспан да, оның төрінде жайнап тұрған жұлдыздар да. Тыңдаушым жоқ деп ешқашан алаңдаған емеспін.

— Түсінікті. Ендеше ертегіңізді бастаңызшы. Және маған сұрақ қоймаймын деп уәде беріңіз.

— Жарайды. Ерте, ерте, ертеде…

Боз кілемнің үстіндегі іздеу

Көз алдымда сиқырлы әлем пайда болды. Оң қолымен көзін көлегейлеген біреу алысты шолып, боз кілеммен бұлттардың арасында ұшып келеді. Жанарында әлдебір бақытты іздеген жанның өмірге деген құштарлығы мен соған деген сенімі айқын сезіледі.

Ол ұзақ күндер ұшып, бір таудың басына қонды. Бірақ неге екенін білмедім: көп аялдамады, қайтадан боз кілемге мініп, жолға шықты. Ұша жүріп күннің күркірін естіді, найзағайдың жарқылын көрді, төпелеген жаңбырға малмандай су болды. Сонда да белі қайысқан боз кілем оны көтеріп келеді.

Қанша күн өтті, қаншама суық түндер жарықтың құрбаны болды — ол әлі ұшып келеді. Тағы бір тауға тоқтайды, көп бөгелмей қайта ұшады. Бұл көрініс қайта-қайта қайталана берді: мекенін таппай жүрген міскіндей.

Ертекші қыз жол бойғы сан қилы қиыншылықты жіпке тізгендей етіп айтқан сайын, кеудеңде аяныш оянады екен. «Егер оның орнында өзім болсам қайтер едім?» деген ой жылт етті. Бірақ ертегідегі оқиға айтушының еркіндегі дүние ғой: бәлкім, мені де талай қиындықтан өткізіп, бақытқа жетелейтін шығар деп дәмелендім.

Ертегінің соңы жоқ

Осы оймен Ертекші қызға қарадым. Ол көзін жұмып алған: оймақтай ерні сәл жымқырылып, тағы да тереңдетіп айтқысы келетіндей. Мен шыдамай сұрақ қойдым:

— Ол өзі іздеген бақытын табатын шығар?

— Білмеймін. Мен әлі ертегінің соңын көрген жоқпын.

— Қызық екен. Бүгінгі ертегіңізден мен бабам Асан Қайғының жүріс-тұрысына ұқсас бір нәрсе аңғарғандаймын.

— Асан Қайғы дейсің бе? — ол аз ойланып қалды да, кідірістен кейін қосты. — Ол дүниеге ең алғаш осылай келген.

— Қалайша? Сіз айтып отырғанның бәрі кәдімгі ертегі емес пе?

— Бірақ сен соған сеніп отырсың ғой.

— Оны сіз қайдан білесіз?

— Анық байқалады. Мұны сенің жанарың айтып тұр.

— Саған бір қызық айтайын: өмір ертегіден жаралады, ертегімен аяқталады.

Менің ішімнен күлкім келді.

— Бекер олай ойлайсың. Адамның ана құрсағында жаралуының өзі ертегі емес пе?

— Сонда сіз адам емессіз бе?

— Дәл таптың.

Осы сөзді айтқанына өзі де өкініп қалғандай сезілді.

— Маған бәрібір. Тек ертегі тыңдағым келеді. Сонда жаңағы ертегіңіздің соңы немен аяқталады?

— Оның соңы жоқ. Әлгі кейіпкер боз кілеммен ұша береді де қояды.

— Шынымен қызық екен. Бұған дейінгі ертегілеріңіздің бәрі бақытпен аяқталушы еді. Ал мұның тіпті соңы да жоқ.

— Себебі бұл — менің өмірім.

— Ертекші қыздың ертегі өмірі деңіз.

— Бәлкім, олай емес.

Қорқыныш

Ертекші қыз орнынан тұрды. Маған баяу жақындады. Қолын созды да, кенет қайта тартып алды.

— Сенің не айтқың келіп тұрғанын сезіп тұрмын.

— Иә. Мен де сезіп тұрмын: сіз кеткелі тұрсыз. Мен де бірге кетемін.

— Ол жақта саған орын жоқ.

— Неге? Сіз айтқан ертегідегі кейіпкер тоқтаған талай таудың бір қуысына паналармын.

— Азаптан қорықпайсың ба?

— Қандай азапты айтып тұрсыз?

— Боз кілем мінген жанның күйін кешесің. Мен бір шеңбердің ішінде айналып жүре беруден, тоқтамайтын әрі шыға алмайтын дөңгелек дүниеден шын қорықтым.

Не деп жауап берерімді білмедім.

— Сен ертегіден қорқасың, бірақ мұны жасырғың келеді. Бәрібір біліп қойдым.

— Рас, — амалсыз мойындадым. — Себебі сізді тыңдағанға дейінгі ертегілердің бәрі мені алдап келген.

— Жоқ. Сен оған дейін өзіңді, кейін мені алдап келгеніңді әлі түсінесің.

— Жер беті ертегіден жалыға бастаған сыңайлы.

— Сонда сіз қайда кетпексіз?

— Ешқайда. Осы жерде қаламын. Бірақ енді ертегі айтуды доғарамын.

— Бұл сіздің өміріңіздің ажырамас бөлігі еді ғой. Үйрене аласыз ба?

— Үш күннен кейін көрге де үйренеді.

Ертекші қыз тұнжыраған қалпы жүріп кетті. Мен де үйге қайттым. Таң бозара бастады.

Таң алдындағы шешім

Үйге асығыс кіріп, кішкентай дорбаға қолыма іліккен киім-кешегім мен азын-аулақ заттарымды жинап салдым. Ешкімге көрінбей шығып кеттім.

Жүре бердім. Темір таяқтан тебендей, темір ұлтаннан теңгедей қалғанда бір тауға жеттім. Биік тау екен. Жеті күн, жеті түн дегенде басына әрең шықтым. Ақ бұлттар менен әлдеқайда төменде, қойлар секілді жайылып жүр.

Шаршағандықтан ба, әлде биіктіктен бе — басым айналып, құлап түстім. Есімді жисам, қою қара түн тұмшалапты. Мен тізерлеп отыр екенмін.

Ерте, ерте, ертеде…