Бейнелі сөзге тым үста

Өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақ консерваториясының театр бөлімінде ұстаздық қызметке енді ғана бет бұрып, шәкірттерге дәріс оқып жүрген жас кезім еді. Қыстың қақаған таңғы аязды күндерінің бірінде оқу орнының табалдырығын аттай берген сәтімде, алдымнан кларнет аспабында машықтанып жүрген Роллан есімді студент жігіт қарсы жолықты.

Өңі өзгеріп кетіпті. Таң атпай қабағы түйіліп алған Ролланға не болды деп ым қаққаным сол еді, ол апыл-ғұпыл, асығыс сөйлеп:

— Естімедің бе, кеше Мәскеуде Шәкен Айманов жол апатынан қайтыс болыпты. Қарғыс атқыр, қаңғыған бір көлік оны абайсызда қағып кетіпті, — деді.

Ерні кемсеңдеп, көңілі босап тұр. Ал менің тұла бойымды діріл билеп, бір сәтте-ақ әлемім астаң-кестең болғандай күй кештім.

Ұнжырғам түсіп, еңсем езіліп қалды. Қайран, Шәкен аға! Серілік салтынан да, кісілік қалпынан да айнымаған сырбаз аға! Анадайдағы орындықтардың біріне отыра кетіппін. Отырғаным сол еді — асыл аға туралы ойлар ағынына еріксіз кіріп кеттім.

Мектептегі арман және экрандағы таныстық

Оның кинодағы бейнесін сонау мектеп жасымыздан-ақ танып өстік. Открыткадағы суреттерін жинап, төс қалтамыздан тастамай жүретін, өнерге өлердей ғашық шақтарды қалай ұмытайық?! Бір ауданда, «Ән шақырады» секілді фильмдердің Шәкен Айманов есімімен тығыз байланысты екенін де ерте сездік.

Ұлы Жамбылды 20 жасынан бастап 90 жасына дейін шебер ойнап бере алған Аймановтың өзі ол кезде небәрі 33 жаста ғана екен.

Экраннан көріп, даңқына сырттай іңкәр болып жүрген сүйікті актерімізбен бір рет жүздесу арманымыздан шықпайтын. Ол кісінің режиссер екендігін біз де кейінірек толық ұқтық қой.

1966 жыл: мерейтой кешіндегі сабақ

1966 жылы ұлы актер Серәлі Қожамқұловтың 70 жылдығы М.Әуезов театры сахнасында зор салтанатпен аталып өтті. Неге екені белгісіз, сол кеш теледидар арқылы бүкіл республикаға тікелей эфирде көрсетілді.

Біз — атақты өнер шебері Шәкен Аймановтың көп жылғы сахналық серіктесі Хадиша Бөкееваның екінші курста оқитын шәкірттері — Серәлі ағамызға арнау өлең оқитын болып, әрең дегенде бағдарламаға іліккен едік. Қас қылғандай, өлең мәтінін жазу да маған тиіп еді.

Абыржу

Тәжірибесіз студенттер бірінен кейін бірі сөздерін ұмытып, дүйім жұрттың алдында әбден абдырап қалдық.

Салқын қолдау

Залдағы халық ұялғаннан ба, самарқау ғана қол соқты. Кейбіреулер күліп те жатты.

Қатты сөз

Сахнаға шыққан жазушы-драматург Ғабит Мүсіреповтің сыны бізді одан сайын жасытты.

Сол сәтте мінбеге кең иықты, зор денелі, елуге таяған жігіт ағасы көтеріліп, әдеттегі мадақ сөзді жаудырып қана қоймай, залды күлкіге көмді. Өткір ой, тапқыр сөздің нағыз шебері дерсіз.

Ол — Шәкен Айманов еді.

— Серәліні сахна серісі еткен осы өнер отауының өзі де, төрі де киелі әрі жауапты. Жаңағы жастар әдейі шатасқан жоқ. Оларды киелі сахнаның салмағы шошытып жіберген. Бәріміз де бір кезде солай бастағанбыз. Әлі күнге дейін жұрт алдына толқып шығамыз. Сөз де, әрекет те тәжірибемен шыңдалады. Шеберлікке ұласады. Бұлардың да қанаты қатаяды, сенімі бекиді. Небәрі өнер оқуындағы студенттер. Хадиша аман болса, күні ертең-ақ бұларды қыранша баптап, сахна саңлақтарына айналдырады, — деді.

Бір адам бізді сынады, бір адам бізге сенім артты. Сол сәтте-ақ еңсеміз көтеріліп, жанымызға жылу кірді.

Кейін сол күні Шәкен аға араша түскен жасөспірімдер тобының көбі шынында да халық артистері, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері атанды. Асыл ағаның көрегендігі осылайша жадымда қалды.

«Қазақфильмдегі» үш сағаттық кездесу

Сол кештен кейін біз Аймановтың студент жастармен кездесуін өтініп, соңынан қалмай жүрдік. Аяулы аға өтінішімізді қабыл алғанымен, консерваторияға келіп-кетуге уақыты тапшы екенін айтып, өзімізді киностудияға шақырды. Біз ұстаздарымыздың бір-екеуін ертіп, болашақ режиссерлер мен актерлер болып «Қазақфильмге» қарай жөңкілдік. (Ол кездегі киностудия ғимараты қазіргі Төле би — Қалдаяқов көшелерінің қиылысында орналасқан.)

40–50 минутқа келісілген кездесу

Алдын ала белгіленген 40–50 минуттық жүздесу табаны күректей үш сағатқа созылды. Бұл — таңғаларлық емес еді: өнерге қызған жүрек уақытты ұмыттырады екен.

Жақыннан көргенде Шәкен Аймановтың болмысы тіпті бөлек әсер қалдырды: әжімді жүзі алаулап, қысыңқы да қуақы көздері риясыз күлімдейді, қарқылдап күлген сәттерінде батыр тұлғалы зор денесі түгел селкілдеп кетердей. Төбесіндегі ұқыпты қысқартылған қалың шашы тікірейіп тұратын.

Сөйлеп келіп, табан астынан қарқылдай күлгенде, бейне бір найзағай от шашып өткендей әсер беретін.

Кез келген сауалға жауабы дайын: тосылу, қысылу дегенді білмейді. Юморы табиғи, тілі өткір, әзілінің ащысы да бар. Бейнелі сөзге ұста. Қысыңқы көзін алысқа ұзатып, талай тарихтың сырын қозғайтын.

Жүзден аса көркем бейне жасап, оннан астам фильм түсірген әйгілі суреткердің айтары да салмақты еді. Санаулы минутқа әрең келіссе де, бірнеше сағаттан соң ғана бізді әзер жібергендей болды. Студент қауымы кәсіби әңгіменің дәмін татып, ерекше әсермен тарастық.

1969 жыл: репетиция мәдениеті және үнсіз тәртіп

1969 жылы Шәкен Айманов Алматының Жастар театрында (қазіргі Ғ.Мүсірепов театры) «Жас Абайды» қойды. Оның көпшілік сахналарына қатыстық. Репетиция жүргізу тәсілі ерекше: айғай-шу атымен жоқ. Мамыражай тыныштық — оның мызғымас ұстанымы.

Аз сөйлеп, көп ұқтыру

Артистерге аз сөйлеп, көп ұқтырады. Көрермендер залының түкпірінен анда-санда ғана сараң тіл қатады.

Атмосфера

Актер атаулы аяқтарының ұшымен жүретіндей. Әдеттегі тарс-тұрс, орынсыз қозғалыс ұмытылып, мүлде басқа орта орнайды.

Әлде Шәкен ағаның мысы баса ма? «Сұсы бар» деуге дәтім бармайды: қатқыл сөзін естіген емеспіз. Мәдениеті жоғары. Домбырасы қолында, әуені аузында — үзіліс кезінде ән төресі «Екі жиренді» еңіретіп жібереді. Бүкіл артист қауымы қасында.

Қос ішек дамылдаған шақта қойылымның идеясы мен кейіпкерлердің мақсат-мүддесін тиянақты түсіндіреді, жол көрсетіп, бағыт сілтейді. Әсіресе жас Абайды ойнаған Алтынбек Кенжековке көбірек шұқшияды: қайрайды, баптайды.

Дархандық, жомарттық және аңызға айналған мінез

Әзірлік аяқтала бере, Айманов мырза қонақасыға қол созатын: қол созса, аямай молынан соғатын. Қасым, Шапай, Мұхтар, Алтынбектердің де сарылып күтетін сәті — осы. Біз де жалма-жан «Столичныйға» қарай жүгіріп кетеміз. Ағаның сарқытының өзі бізге қымбат еді. Тіпті бізден ересектер де оның дастарханын тәбәрік көретін.

Кейде әлдебір артистермен сағаттап отырып, шахмат тақтасына телмірген ойлы кескінін көресің. Шәкеннің дархандығы мен жомарттығы туралы аңыз көп: Мәскеу сапарында орталық қонақүйлердің біріне тоқтай сала, көп нөкерімен бірге, Мәскеу түбінен жаңа сойылған ірі қараны алдырып, Н.Крючков, Б.Андреев, Ю.Саранцев, Б.Иванов, Б.Мансұров, Э.Оразбаев секілді әріптестеріне қазақы дастархан жайып, меймандостықты барынша паш етеді екен.

Жан ағаларының еркесі

Өзінің жақсы көретін ағалары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақовтардың қасында талай күлкілі оқиғаның бас кейіпкеріне айналатын. «Әй, Шәкен-ай!» деп еркелететін екен олар.

Қаралы хабардың салмағы

Міне, сондай Шәкен ағадан шын айырылып, қайғыға көміліп отырғанымыз осы еді. Бір сәт өнер салтанаты жетімсіреп қалғандай болды. Театр шымылдығы енді қайтып ашылып-жабылмайтындай, әлемнің сәні сөніп қалғандай күй кештік.

1971 жылдың жаңа жылына тура бір апта қалғанда қазақ өнерінің басына қаралы қасірет орнады.

Шайқалған өзен-көліңді, көз тояр тау-тасыңды, орман-тоғайыңды дәл Шәкендей таспаға тартар хас шеберден айырылу — қазақ қауымын ауыр мұңға бөлегені рас.

Соңғы сөз: киноға қалған із

Заманымыздың заңғар тұлғасы Д.Қонаевтың кеңесімен оның аққу әніндей соңғы күрделі жұмысы «Атаманның ақыры» фильмі ел-жұртына естелік болып қалғандай.

Айманов режиссурасының биігі

Бұған дейін «Махаббат туралы аңыз», «Дала қызы», «Алдар көсе», «Атамекен», «Біздің сүйікті дәрігер», «Найзатас баурайында», «Тақиялы періште» секілді талай көркем фильмнің жұмбақты құлпын ашқан Айманов «Атаманға» нағыз атамандық даярлықпен, толысқан тәжірибемен келген еді.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы