Қисая жатып қырғауыл

Ертегі өрімі

Ерте, ерте, ерте екен — ешкі жүні бөрте екен. Қырғауылдың түсі қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен.

Қырғауыл қырқылдап, жалтыр мұзға сыртылдап, алшая келіп қоныпты да, шаты айырылып қалыпты. Қисая жатып қырғауыл мұздан сұрапты:

— Мұз, мұз, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, бауырымды жаңбырға тестірмес едім.

— Жаңбыр, жаңбыр, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, жерге жұтқызар ма едім.

— Жер, жер, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, көк шөпке бауырымды жардырмас едім.

— Көк шөп, көк шөп, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, көк тоқты мойнымнан жұлқымас еді.

— Көк тоқты, көк тоқты, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, көк шұнақ қасқырға құйрығымды жұлқытпас едім.

— Қасқыр, қасқыр, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, көк мылтыққа құйрығымды ойдырмас едім.

— Көк мылтық, көк мылтық, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, қоңыр шолақ тышқанға білтемді қидырмас едім.

— Тышқан, тышқан, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, құмырсқаға інімді алдырмас едім.

— Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?

— Алты батпан ауырды арқалаған күштімін, жеті батпан ауырды желкелеген күштімін, — деген екен құмырсқа.