Баланы қызғаныш сезімі үшін айыптау, кінәлау немесе жазалау - үлкен қате
Үйдегі бауырлар арасындағы қызғаныш: табиғи сезім және оны жұмсартудың жолдары
Кішкентай сәби шыр етіп, дүние есігін қаққан сәтте ең қатты толқитындардың бірі — оның үлкен бауыры. Себебі ол «әке-шешем мені бұрынғыдай жақсы көрмей қалады» деп алаңдауы мүмкін. Бұл ойдың өзі қызғаныш сезімін оятуға жеткілікті.
Негізгі қағида
Егер ата-ана өз қалпын бұзбай, үлкен баламен бұрынғыша қарым-қатынасын жалғастырса, тұтанып келе жатқан қызғаныш шоғы жанбай жатып-ақ сөнеді. Ата-ана баланың алаңдаулы әрекеттерінен шошымай, сабырмен тыңдап, табиғи тіршілігін жалғастырса, бала өзінің уайымының орынсыз екенін түсінеді.
Бала өз өмірінде де, ата-анасының махаббаты мен күнделікті әрекеттерінде де ешқандай өзгеріс жоқ екенін байқаса, қызғаныш сезімі басталмай жатып бәсеңдейді.
Мысалы, бауыры дүниеге келген бала «әке-шешем мені бұрынғыдай жақсы көрмейді» деп ойлай бастаса, бұл қызғаныштың басталуына себеп болады. Бірақ ата-ана еш өзгеріс байқатпай, нәрестеге де, үлкен балаға да сүйіспеншілігін тең жеткізіп, қызғаныштан туған әрекеттерге әсерленбей, мейірімін сақтаса — бала біртіндеп сабасына түседі.
Қызғаныштың түпкі себебі
Қызғаныштың ең басты себебі — баланың «әке-шешемнің және үйдегі басқа адамдардың махаббатынан айырылып қаламын» деп алаңдауы. Сондықтан басты міндет — балаға махаббаттың азаймағанын сөзбен ғана емес, тұрақты қарым-қатынас пен әрекет арқылы да сезіндіру.
Алдын алу және жұмсарту қағидалары
Үйдегі балалар арасындағы қызғаныштың алдын алу үшін төмендегі қағидаларды ескерген жөн:
-
Ең алдымен, қызғану сезімі адамның жаратылысында бар екенін қабылдап, балалардың әрекеттерінен шошымау керек.
-
Нәресте келмей тұрып-ақ үлкен баланы алдын ала дайындаңыз: «отбасымызға жаңа бөпе қосылады» деп түсіндіріңіз. Дайындық жұмыстарына (ат таңдау, бесігін әзірлеу, киім алу) үлкен баланы да қатыстыру сәби келгенде оны жылы қабылдауға көмектеседі.
-
Үлкен баламен әдейі көбірек уақыт өткізіп, оны қатты жақсы көретініңізді айтып қана қоймай, іс-әрекетіңізбен де сездіріңіз.
-
Кейбір балалар өзі жақсы көретін заттарын немесе адамдарын қызғанып, бөліспеу үшін қырсығып, жағымсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл — табиғи құбылыс. Ешбір бала ең сүйікті ойыншығын бөліскісі келмеуі немесе жақсы көретін досының басқалармен ойнағанын ұнатпауы мүмкін.
-
Баланы қызғаныш сезімі үшін айыптау, кінәлау немесе жазалау — үлкен қате.
-
Анасы жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде сәбиге көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болатындықтан, үлкен балаға әкесінің (немесе отбасыдағы басқа жақын ересектің) тұрақты түрде көңіл бөлгені дұрыс. Босануға дейін бірге серуендеу, тамақтану, жаңа тәртіпке біртіндеп үйрету көмектеседі.
-
Балаға сәбидің өте кішкентай екенін, әлі өз қажеттіліктерін өзі орындай алмайтынын және көмек қажет екенін түсіндіріңіз.
-
Сәби дүниеге келе сала «сен әпкесің», «сен ағасың» деп бірден «үлкейтіп жіберу» дұрыс емес. Оның да әлі бала екенін ұмытпаңыз.
-
Қызғаныш сезімі байқала бастағанда балаларды бір-бірінен алыстатудың орнына, оларды жақындастыратын орта жасаңыз. Күш қолдану, қол көтеру жоқ жағдайда ата-ана балалардың әр қадамына араласа бермей, өзара қатынасты қалыптастыруға мүмкіндік бергені дұрыс.
-
Ата-ана кішкентай баланы орынсыз мақтап, көкке көтеруден және балаларды бір-біріне қарсы қоятын сөздерден сақтануы керек. Бұл олардың арасын алыстатып, қызғаныштың ұзаққа созылуына ықпал етеді.
-
Ең маңыздысы: балалар бір-біріне қанша ашуланса да, олар бауыр. Негізінде, бір-бірін қатты жақсы көреді. Осыны естен шығармау керек.
Елжас Ертайұлы, «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы