Отбасы - тәрбиенің алтын діңгегі
Жетімнің көз жасы — қоғамның айнасы
ҚР-ның жас ақыны: Тілеубекова Гүлсана Анарбекқызы
Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — жетім балалардың жай-күйі. Анығырақ айтсақ, қарыны тоқ, киімі көк жастардың қызық қуып, соңынан опық жеп, өзгені де өкіндіріп жататыны жанды ауыртады. Болашағы бұлыңғыр ортаға ойланбай араласып, ұлтымыздың менталитетіне жат ойын-сауықтың соңына еріп, намыс пен ар-ұяттан ажырап қалған өрімдей бойжеткендердің көбейгені — көңіл қынжылтарлық.
Сәні мен сымбаты жарасқан талай арудың «күнде қызық, күнде той» деген өмір салты ертеңгі тағдырға салмақ салатынын сезінбей жатқаны ойлантады. Жастықтың алабұртысын жетелеген беймәлім әлемнің шырмауына бір іліксең, өмір жолының арнасы бұзылып, теріс соқпаққа түсіруі оп-оңай.
Жанайқай
Жылап жүрсе қазақтың бір баласы,
Ішінде оның ашу, ыза, наласы.
Болмас еді «жетім» деген сөз мүлде,
Өз баласын тастамаса анасы.
Аналық жауапкершілік пен адамдық өлшем
Ойнақтап жүріп от басқан бүгінгі бойжеткен, сен — ертеңгі аяулы жар, асыл ана емессің бе? Жарық дүние есігін енді ғана ашқан бейкүнә сәбидің көз жасы кімнің мойнында? Сарыауыз балапан сынды сәби ауызын ашып, шырқырап тамақ сұрап, әркімге жәутеңдеп отырса, ал тірлігін сайранға толтырған жандардың өмірінде қандай мағына қалады?
Бірер күндік нәпсі үшін шаранасын саудалап, сәбиін сатып жіберген жанның ертеңгі күннен қайыр күтіп, біреуден мейірім дәметуі — бекер үміт.
Халқымыз: «Бір күнін ойлаған әйелден без, ертеңін ойламаған еркектен без» деп бекер айтпаған. Бірақ мұндай сорақылыққа бұл сөздің өзі де әлсіз көрінеді: бұл — тоғышарлық пен қатігездіктің шегі.
Амал не, құлақ естіп, көз көріп жүрген бұл жайттар күнделікті өміріміздің ащы шындығына айналып барады. Егер отбасы, орта, қоғам дұрыс тәрбие беріп, баулыса, теріс әдет пен жат қылықтан талай жас аулақ болар ма еді.
Отбасы — тәрбиенің алтын діңгегі
Отбасы — тәрбиенің алтын діңгегі. Тамырына нәр берерде қоғам мен мектептен бөлек ата-ананың атқарар міндеті орасан. Отбасы тәрбиесі дұрыс болса, ертең өз мақсатын айқындайтын, ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ойы ұшқыр, білімі терең, сана-сезімі шынайы, өмірден өз орнын адаспай табатын тұлға қалыптасар еді.
Ал отбасындағы теріс тәрбиенің олақтығы ұлттың намысына, рухани өзегіне дақ түсіріп қана қоймай, тіпті балта шабатындай әсер етеді: қатыгез, өзімшіл ұрпақтың көбейуіне жол ашады. Бұған интернет желілері мен көгілдір экраннан үздіксіз насихатталатын тексіздену «мектебін» қосыңыз.
Тізбекті трагедия
Осындай теріс тәрбиені бойына сіңіріп өскен жас қыз бағы жанып, сүйгенін тауып қосылғанның өзінде болмашыға бола шатақ шығарып, отбасын ұрыс-жанжалдың ордасына айналдырып жатады. Ақырында ажырасуға ұласып, одан әрі ардан аттап, өзі тоғыз ай, он күн көтерген перзентінен қалай құтыларын білмей, ауыр күнәні арқалайды.
Көңіліне медеу тұтар жалғыз «шешім» — жетімдер үйі. Бар жауапкершілікті соған ысырып, «енді бәрінен құтылдым» деп ойлайды. Өмірге өзі әкелген сәбиіне деген мейірім мен аналық махаббат осы тұста үзіліп қалғандай болады.
Бірақ бұл қателік — жетімдер үйінде шырылдап қалған сәби үшін мәңгілік азап қана емес, тағдырға өкпелі, мұңды, қатыгезденуге мәжбүр тағы бір жүректің қалыптасуына себеп емес пе?
Жетімнің жүзіне қарау — жүрекке сын
Осылайша, сауық пен мауықтың соңына түскен екі адамның жауапсыздығы баланы бақытты шағынан айырып, жетімдер үйінде қалдырады да, өздері өмірін жалғастыра береді. Әлі қанша байғұс сәби панасыз қалып, жетімдер үйін сағалайды?
Ата-ананың мейірім-шапағатына бөленіп, салт-дәстүрімізді бойына сіңіріп, жайма-шуақ күн кешер шағында терезеге жалтақтап, есікке елеңдеп, жанарын мұңлы жас жуып отырған сәбилерді көргенде жүрегім ауырады. Күрсіністі күн мен арманды түн — олардың тым ерте таныған шындығы.
Жәутең қаққан кішкентай періштелердің жан күйзелісін осы шағын мақалаға түгел сыйғызу қиын. Дегенмен кеудемдегі сырымды көпшілікпен бөліссем, өзім де жеңілдермін; мүмкін, оқыған құрбыларыма да ой салар деген үмітім бар.