Иә, туған жердің қадір - қасиетін түсіну үшін данышпан болудың қажеті жоқ
Туған жердің қадірі
Иә, туған жердің қадір-қасиетін түсіну үшін данышпан болудың қажеті жоқ. Жүрегінде иманы бар адамдардың осылай ойлайтыны сөзсіз. Расында да, әркімге кіндік қаны тамған жері қымбат. Мен үшін Арал қаласы — жұмақтың мекені.
Шындығында да, алтын ұяң — Отан қымбат, туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат екендігі баршаға аян. Осындайда ақиық ақын Зейнолла Шүкіровтың мына бір шумағы ойға оралады:
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақ пейіл ана секілді,
Алдымда жатыр далам кең!
Шабытыңа шабыт қосылатын шежірелі өңір — менің туған жерім. Бүгінде ол бұрынғыдан да ажарлана түсті.
Тәуелсіздік жылдарындағы тыныс
Еліміз тәуелсіздіктің көк туын желбіреткелі бергі жылдарда Арал ауданының тыныс-тіршілігі айтарлықтай жақсарды. Бақ құсы қай жерде ынтымақ, ауызбіршілік, жарасымдылық бар — сол жерге қонады емес пе? Сол бақ бүгін Арал ауданында деп ойлаймын.
26 жылдағы өзгеріс
Осы 26 жыл ішінде қаламыздың қалай өзгергенін бір параққа сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен, ел жадында жатталып қалған еңселі нысандардың орны бөлек.
Елдік рухын көтерген ескерткіштер
Қос батырдың тұлғасы
Жанқожа батыр көшесі мен Ақтан батыр көшелерінің тұсында, №62 мектеп-лицейінің алдында тәуелсіз елдігіміздің рухани қос қанатындай болған Жанқожа батыр мен Ақтан батырдың тарихи ескерткіш тұлғалары қатар орнатылды.
Тәуелсіздік алаңы
Арал ауданының қақ ортасынан Тәуелсіздік алаңы ашылды. Бұл алаң қала келбетіне айрықша сән беріп, елдік рухты асқақтатты.
21 метрлік монумент және оның мәні
Алаңның қақ ортасына биіктігі жиырма бір метрлік алып монумент орнатылды: ұшар басында бір қолында қыран, екінші қолында садағы бар, қоладан құйылған ат үстіндегі қас батыр бейнеленген.
Монументтің төменгі бөлігіне осы өңірге белгілі тұлғаларға арналған ескерткіштер қойылды:
- Әйтеке би бастаған 11 би
- Сартай бастаған 11 батыр
- Нұртуған бастаған 11 ақын-жырау
Символика
Монументтің 21 метр болып көтерілуі — оның ХХІ ғасырда бой көтергенін мегзейді.
Сан мәні
Есімдер жазылған 33 саны қазақы танымдағы таспих қайырымына сәйкес келеді.
Тәуелсіздік жылдарындағы қала тыныс-тіршілігін түгел тізбектеп шығу, әрине, мүмкін емес. Дегенмен, көзді ашып-жұмғанша еліміздің еңсесін тіктеп, тәуелсіздіктің таңы атқанына да 26 жыл толғаны — жүрекке жылу құятын ақиқат.
Тілек
Үлкендер: «Осы 26 жыл ішінде жеткен жетістіктеріміз — болашағымыздың жарқын боларына айғақ», — дейді. Ал мен еліміздің тыныштығы мен ауызбіршілігі, берекесі баянды болсын деп тілеймін. Ылайым, солай болғай.