Анасына баласы
Омаға жазу-сызуды үйрену — азап болды: қолы да, аяғы да бірден икемге келмеді. Үйдің қабырғасында көмірмен шимайланбаған жер қалмады: «Су ағады», «Жапырақ қыбырлайды». Бір күні осы үйдегі келін төсегінің басынан «Хоридаштың сыры» деген кітапты тауып алып, әр бетіне қарындашпен қайта-қайта: «Қара су, қызыл гүл» деп жаза берді.
Жаңа күнтізбедегі жұлдыздардың үстін де шимайлап тастады. Әкесінің кіріс-шығысты тіркейтін дәптершесіне де белгі түсіріп қойды: «Жазып-сызып, оқи білген адам күймемен жүреді». Біраз уақытқа дейін бұл «өнеріне» ешкім кесе-көлденең келмеген еді, бірақ бір жолы үлкен қолайсыздық туды.
Ағаның мақаласы және бір ауыз жазу
Қыздың үлкен ағасы Гобиндолал — түрі қораш, мінезі күйкі жігіт. Бірақ газетке жазып тұратын «өнері» бар-ды. Онымен бір сөйлескеннен кейін-ақ «мынау — ойшыл адам» деген күдік ешкімнің басына келмейтін. Сөйтсе де газетке атсалысып жүрді, әрі оның пікірі бенгал оқушыларының көбінің пікірімен қабыса беретін.
Бірде еуропалық ғалымдардың анатомия жөніндегі еңбектерінде ірі-ірі қателер кетіпті дегенді ести сала, Гобиндолал шабыттанып отырып «тамаша» мақала жазды. Логикаға да бас ауыртпады: әйтеуір еуропалық білімпаздарды «сойып» салды.
Бір күні оңашада Ома сол мақаланың үстіне сиямен: «Гопал жақсы бала ғой, бергеніңді жей береді» — деп жазып қойды.
«Гопал» деп Гобиндолалдың оқырмандарын айтып отыр ма — оған сену де қиын. Бірақ ағаның ашуы шегіне жетті. Әуелі Оманы аяусыз жазалады, содан соң қымбат болмаса да, мехнатпен жинаған кішкентай қарындаш қалдығын және ұшы майырылған сиялы қаламұшын тартып алды.
Жәбір көрген бала не үшін сонша жазаланғанын да түсінбей, бөлменің бір бұрышына барып егіліп жылай берді. Өшін алып рақаттанған Гобиндолал біраздан соң тартып алғанын қайтарып берді. Тіпті артығырақ кеткеніне өкінгендей болып, жұбатпаққа әдемі дәптер сыйлады. Ома ол кезде жетіде еді.
Дәптер: балалықтың жасырын қазынасы
Сол күннен бастап дәптер күндіз кеудесіне тығылды, түнде жастықтың астында жатты. Кішкентай қыздың кішкентай бұрымы өрілді, қызметші әйелдер қаумалап мектепке апарды — Ома бәрібір дәптерін тастамады.
Құрбыларының бірі оның жазып-сыза білетінін қызғанды, бірі таңырқады, тіпті жек көретіндер де табылды. Мектепке барған жылы ол дәптеріне ойланып тұрып: «Құс біткен сайрайды, таң атты» — деп көркемдеп жазды.
Жатар бөлменің еденіне отырып, дәптерін жауып қоятын да, жазғанын қатты дауыстап мақамдап оқитын. Осылайша дәптерге көркем сөздің неше түрлі үлгілері жинала берді.
Екінші жылы бұл дәптерде кез келген тақырыпқа арналған — қысқа болса да мәнді, бірақ басы-аяғы жоқ шағын шығармалар пайда бола бастады. Соның бірі ерекше сөйлем еді: «Мен Жошыны тым жақсы көремін».
Қайшылыққа толы дәптер
Мұны сүйіспеншілік хикаясы деп ойламаңыз. Жошы — он бір-он екідегі бала емес; ол — байырғы қызметші әйел, толық аты — Жошода. Дегенмен жалғыз сөйлемге қарап, науша қыздың Жошыға көзқарасын «дұрыс» деп кесіп айтуға болмайды: дәптердің келесі беттерінен оған кереғар пікір де табылады.
Жалғыз бұл емес. Оманың жазбаларынан аяқ басқан сайын қайшылық көресің. Бір жерде: «Мен Хоримен сөзге келістім де, біржола араздасып кеттім» — дейді (Хори-хоронмен емес, өз құрбысы Хоридашимен). Ал келесі беттерде Хоридан артық құрбы жоқтай әсер қалдырады.
Тоғыз жас: ұзату және тыйым
Тағы бір жыл өтті: қыз тоғызға толды. Бір күні бұл үйде керней тартылды — Оманы ұзататын мезгіл келді. Күйеу баланың аты Перимохон еді. Ол Гобиндолалдың «әдебиет шаруашылығындағы» орынбасары саналатын. Жас, әр нәрседен хабардар болса да, жаңашыл ойға жаны қас. Сол себепті ауыл адамдары оны мақтайтын.
Тоғыз жасар Ома Бенарес сарисын киіп, кішкентай жүзіне перде салып, жылай-жылай аттанып кете барды.
Анасының өсиеті
«Қарғам, қайын енеңді тыңдап жүр. Үй шаруасынан жеркенбе, істей бер. Бірақ ең бастысы — жазу-сызу, оқу дегеніңді тастайсың!»
Ағасының ескертуі
«Байқа, қабырғаны шимайлап жүрме. Перимохонның қағаздарына да жазбайтын бол!»
Осы сөздерді естіген қыздың іші тарылып кетті. Баратын үйінде қателессе, оны ешкім кешірмейтінін түсінді. Оның үстіне жат жұрттың нені теріс, нені күнә, нені ағаттық санайтынын ұғып алғанша да талай уақыт өтпек.
Сол күні керней кешке дейін тартылды. Бірақ Бенарес сарисын киіп, бетіне перде салып, асыл әшекейлермен оранып отырған осы кішкентай қыздың жүрегінде не болып жатқанын жер бетінде біреу түсіне алды ма екен — бұған күмәнім бар.
Жат үйдегі алғашқы жазу
Қызметші әйел Жошы Омамен бірге кетті: барып түскен үйде біраз күн қыздың жанында болсын деген ұйғарым бар еді. Қайырымды Жошы көп ойланып, ақыры баяғы дәптерді де ала кетті.
Ол дәптер — әке үйінің бір жарқасы, туған шаңырақтағы азғана қуанышты күндердің ескерткіші, ата-ана еркелеткен балалық шақтың қысқа тарихындай қымбат еді. Ерте ұзатылған Оманың күнәдан пәк, еркін сәби шағын есіне салатын бірден-бір қазына да сол болатын.
Жат жұрттағы алғашқы кезде Ома ештеңе жазбады — мүмкіндік те болмады. Біраз уақыттан соң Жошы ауылға қайтты. Сол күні Ома жатар бөлменің есігін ішінен жауып, қалбырда жатқан дәптерін алып шықты да, көзінен жас сорғалап отырып: «Жошы үйге қайтты. Мен де апамды сағындым. Үйге қайтам» — деп жазды.
Енді оның «Чарпуаттан» не «Бодходойядан» қызық жайларды көшіріп алуға уақыты да, құлқы да қалмады. Сондықтан көшірме жазбалар азайып, наушаның өз сөздері жиіледі.
«Егер де дадам келіп мені алып кетсе, енді қайтып оның қағазын шимайламаймын».
Оманың әкесі қызым анда-санда қонақтап келіп, жатып-қонып тұрсын деген екен, оған Гобиндолал мен Перимохон қарсы болыпты. «Ома күйеуін сыйлап үйренсін; егер жиі алдыртып, ата-ана мейірімін есіне сала берсеңдер, өзі үшін зиян», — деді Гобиндолал. Бұл туралы ол тіпті әзіл-қалжың араластырып, «ақыл» айтқан мақала да жазды; жақтаушылары оны даналыққа санады.
Оны естіген Ома дәптеріне: «Дада, аяғыңа жығылайын, үйге алып кетші. Бұдан былай айтқаныңды екі етпеймін» — деп жазды.
«Оқымысты әйел» үрейі
Бір күні Ома есікті жауып алып, дәптеріне ойына келгенді түртіп отырды. Қайын бикесі Тилокомонджори сыпсың сөзге үйір еді: «Байқау керек, боудиди есікті неге жауып алады? Не істеп отыр екен?» — деп ойлады да, сығалады. Әлденені жазып отырған Оманы көріп, қатты таң қалды. Бұл үйдің зенанасына Сарасвати тәңірі бұрын-соңды дәл бұлай үнсіз, білдірмей кіріп көрмегендей.
Мұны көріп қайын сіңлілері Конокомонджори мен Ононкомонджори да жүгіріп келіп, сығалай бастады. Кенет сыртта үш қыздың сықылықтаған күлкісі естілді. Бір сұмдықтың боларын Ома сезе қойды: дәптерін қойнына тығып, әрі қорқып, әрі ұялып, төсегіне барып бүк түсіп жата қалды.
Бұл хабар Перимохонға жеткенде, ол шындап ойланды: «Әйел оқымысты боламын деп білімге ұмтылса, бақытсыздықтың көкесі — сол. Артынша повестер мен романдар туады. Сонда үй шаруасын кім істейді?»
Көп толғанып, ол «сабақ» болар тоқтамға келді: «Қасиетті неке — әйел қуаты мен еркек қуатының қосылуынан туады. Ал білім-ғылым әйелдік қуатты әлсіретеді де, әйелде еркек қуаты басым болады. Сонда екі еркек қуаты қақтығысып, некені талқандайды; жаңа қуат туып, әйел жесір қалады». Мұндай «тамаша қисынды» оған дейін ешкім айтпағандай көрінді.
Кешке Перимохон Омаға келіп, қатты жазалады. «Енді сенің шамла киюің ғана қалды! Содан кейін қатыным құлағына қарындаш қыстырып, кеңсеге тартатын болады!» — деп кекетті. Ома оның ажуаға толы сөзін толық түсінбеді: ол Перимохонның мақалаларын оқымаған-ды. Бірақ жаны күйіп, жылап қала берді. Осыдан кейін ұзақ уақыт ештеңе жазбады.
Күзгі таң, қайыршы әні және соңғы көшірме
Алайда күздің бір таңында терезе алдына қайыршы әйел келіп, Агамона әнін шырқады. Терезе жақтауына сүйенген Ома үнсіз тыңдады. Қоңыр күзгі күн нұр төгіп тұр. Ома балалық шағын еске алды. Ән айтылған сайын шыдай алмады.
Ома ән салуды білмейтін. Бірақ жазып-сызып, оқи алған соң, естіген әнін жазып алуға дағдыланған-ды. Терезе алдындағы қайыршы әнін соза түсті:
«Құлыным менің қайда?» — деп анасы зарлады. «Келе ғой, күнім, келе ғой, Ақ сүтімді еме ғой». — Дегенде, қолын созады Анасына баласы: «Қашан мені, анашым, Қайтарып үйге аласың?»
Оманың көңілі босап, көзіне жас келді. Ол әншіні ұрланып шақырып алды да, есікті жапты; әріптерді маржандай тізіп, өлеңді дәптеріне көшірді. Бірақ үш қайын сіңлі бұл «ұрлығын» да байқап қойып, санын шапалақтап қуана айқай салды: «Боу-диди, не істеп жатқаныңды біз мұнда көріп тұрмыз!»
Ома есікті ашып, жүгіріп шығып жалынды: «Күңің болайын, енді ешкімге тіс жарып айтпаңдар. Мен қайтып қолыма қарындаш алмаймын!» Сол сәтте Тилокомонджоридің дәптерге аңсары ауып тұрғанын байқады. Ома дәптерін кеудесіне басып, қашып кетті.
Дәптердің тартып алынуы
Қайын сіңлілері күшпен алмақ болды, бірақ шамалары келмеді. Ақыры «ақылды» ағаларын көмекке шақырды. Перимохон келіп, төсекке сыздана отырып: «Әкел дәптеріңді», — деп түйілді. Жарлығы орындалмаған соң даусын зорайтты: «Бер дедім ғой!»
Ома дәптерді кеудесіне басып, күйеуіне жалбарына қарады. Перимохон тартып алмақ болып орнынан тұрды. Сонда Ома дәптерді жерге тастай беріп, бетін қолымен басқан күйі еденге құлап түсті.
Перимохон еңкейіп дәптерді көтерді де, дауыстап оқи бастады. Ома еденге жабысып қалды. Ал үш қыз сықылықтап күле берді. Содан кейін Ома ол дәптерін қайтып көрген жоқ.
Перимохонның өзінде де шенеу мен мысқылға толы дәптер болатын. Бірақ, амал не, оны тартып алып, құртып жіберетін ешкім табылмады.
Аударған: С. Шаймерденов