Әйел махаббаты - әлемнің тұтқасы
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптықта дер дананы.
Даналықтың қажеті жоқ сайлау үшін ананы.
Т. Айбергенов
Ана туралы ой
Адамның ғұмырында жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Ең бастысы — қиындыққа мойымай, үнемі алға ұмтылу. Менің анамның тағдырында да талай сынақ болды.
Мен екі жасқа толғанда, әкем Алматыға жұмыс бабымен барып, бұзақылардың қолынан қаза тапқан екен. Ерте жесір қалған анам ешкіммен бас қоспай, бар ғұмырын маған арнады.
Еңсесі езілсе де, білегін сыбанып қара жұмысқа кіріскен кездері көп болды. Ол әрдайым менің көңілімнен шығуға тырысты. Сондықтан да анамды ерекше қадірлеймін, аямай жақсы көремін.
«Әкеңнен айырылғанда, ішкі жан дүниемнің бір бөлігін жұлып алғандай болды. Бірақ әкең әрдайым жүрегімде. Сол күштің арқасында әр қиындықты жеңуге тырысамын».
Анамның сөзі
Үлкен отбасында тәрбие көрген анамнан үлгі алған мен жаман мен жақсыны ажырата аламын деп ойлаймын. Анам әкемнен көрген-білгенін айтып, жиі сыр шертеді.
Ақбала — атына сай мінез
Менің анам — Ақбала. Атына сай ақжарқын, кеңпейілді, бала мінезді жан. Оның бойынан әйелге тән нәзіктікті де, ерге тән қайсарлықты да, анаға тән мейірімділікті де көремін.
-
Отбасыға құрмет
Қарт ата-әжесіне, аға-әпкелеріне көрсеткен сыйластығы мен ізгілігі — мен үшін өмірлік сабақ.
-
Бауырмалдық
Туысшыл, ұйымшыл болуды өмірлік ұстаным еткен. Құрбы-құрдасқа да, көршіге де көмегін аямайды.
-
Қонақжайлық
Үйімізден кісі үзілмейді. Қонақ күтіп, ақ дастарқан жаюды қасиет санайды.
-
Тазалық пен ұқыптылық
Қанша шаршаса да, үйдің жинақылығы мен тазалығын ерекше жақсы көреді.
Анам сыйлық алғанды да жақсы көреді, жақындарына сыйлық жасағанда ерекше қуанады. Бірақ ол үшін ең қымбат сыйлық — туыстарының, ата-анасының амандығы және үйдің күлкіге толуы.
«Менің бақытым — қызым»
Кейде құрбылары мен туыстарымыз анамды сөзге тартып: «Қызың өсіп, тұрмыс құрып кетеді. Өмір бойы жалғыз болмақсың ба? Жалғыздықтан қорықпайсың ба?» — деп сұрайды.
«Менің бақытым — қызымның дені сау болып, білім алып, қоғамнан өз орнын табуы. Қызымды, Кәмпитімді (мені анам осылай еркелетеді), еңбекқор, кішіпейіл етіп, адалдыққа тәрбиелеу — мен үшін ең маңыздысы».
Менің анам — менің құрбым, досым, сырласым. Кейде еркелеп: «Апа, дос-жолдастарың бар ғой, неге тұрмыс құрмайсың?» — деп те қоямын.
«Кәмпитім-ау, әкеңе ұқсас адамды таба алмадым. Әкең марқұм суретші, көңілді, әнші адам еді. Әкеңмен өткен күндерде уақыттың қалай өткенін сезбей қалатынмын. Ал басқалармен ішім пысады, көңілім толмайды», — дейді анам ағынан жарылып.
Меніңше, әйел махаббаты — ең күшті махаббат. Еркек күшпен мықты болса, әйел махаббатпен мықты. Әйел махаббатының қуаты жердің тартылыс күшінен кем емес сияқты.
Анамның жүрегінің тазалығы мен мөлдірлігі күнделікті қарбаласта да көмескі тартпайды. Ішкі дүниесін кірлетпей сақтай білуі, парасатын жоғалтпауы — оны одан әрі нұрландыра түседі.
Анамның еңбегі — адамдарды асырау
Анамның мамандығы — аспаз. Ол үшін бұл жай ғана кәсіп емес, «жұмысшыларды асырау» деген жауапкершілігі үлкен қызмет. Кішкентай ғана денесіне қарамастан, үлкен талғам мен ұқыптылықты талап ететін істі абыроймен атқарады.
Дәмнің сыры
Құрбылары: «Дәмді тамағыңның сыры неде? Біз де жасап көрдік, дәл сенікіндей болмады», — деп сұрағанда, анам күліп:
«Үлкен табаны аламын да, махаббат пен сүйіспеншілікті саламын. Сұлулық пен бақытты да қосамын. Көңіліммен пісіремін, көңіліммен қуырамын. Мен ештеңені жай ғана пісіріп тастамаймын — дәмі тіл үйіретіндей етіп жасауға тырысамын. Сонда ғана өз жұмысыма риза боламын», — дейді.
Анам асханаға келген адамдарға әрдайым жылы қабақ танытсаң, ықылас та, береке де арта түседі деп айтады. Жұмысқа берілгені соншалық, ауырып тұрса да, қызметін тастамады.
Дегенмен, өткен жылы анам ота жасатты. Онсыз да нәзік, кішкентай анам бір айдың ішінде қатты жүдеп, тіпті тез қартайып кеткендей болды. Қазір жеңілірек жұмысқа ауыстырылды. Маңдайындағы мезгілсіз пайда болған әжімдерді көргенде, жүрегім ауырады.
Қайсар аналардың жалғасы
Мен анамның күресін, төзімін, қайсарлығын қазақ тарихындағы батыр аналардың болмысымен салыстырамын: Қабанбай батырдың жары — Гауһар батыр, сақ патшайымы — Тұмар ханша, Әбілқайыр ханның зайыбы — Бопай ханым.
Жүзі нәзік болғанымен, жаны берік аналар болады. Менің анам да сондай: достарына, туыстарына қуаныш сыйлайды, еңбегімен игілікке үлес қосады, қарлығаштай тыным таппайды.
Мен анамдай әйелдер көбейе берсе екен деп тілеймін. Өзім де анама ұқсауға тырысамын.
8 наурыз және жыл бойғы мейірім
Қыстың қаһары қайтып, көктемнің жылы лебі сезілетін халықаралық әйелдер күні — 8 наурыз мен үшін маңызды мерекенің бірі. Бұл күні мен әжеме, сүйікті анама, әпкелеріме деген құрметім мен сүйіспеншілігімді айқынырақ жеткізе аламын.
Сол күні анамды ерекше көтермелеп, сый-сияпатымды да еселей түссем деймін. Мүмкін болса, үй шаруасының бәрін өз мойныма алғаным дұрыс. Бірақ менің ойымша, ана — атаулы күнге ғана емес, жыл он екі айдың 365 күнінде қамқорлық пен ықыласқа зәру.
Анашым, саған алғыс
Қанаты сынған қарлығаштай өз балапанын бауырына басып, қорғап өсірдің. Анашым, енді балапаның — Айсана — есейді, ержетті. Денсаулығың жақсарсын, ғұмырың ұзақ болсын.
Өмір берген анама мың алғыс айтамын. Мен сені қорғаймын, аялаймын, еңбегіңді ақтауға тырысамын. Рахмет саған, анашым!