Ертеде, бұрынғы өткен заманда, бір мақтаншақ бай болыпты
Мақтан мен намыс
Ертеде, баяғы өткен заманда, бір мақтаншақ бай болыпты. Ол кешкілік ауыл сыртындағы төбеге шығып, ер-азаматтарды жинап алып, әңгіме-дүкен құрып отырғанды ұнатады екен.
Бір күні төбе басындағы топтың жанына ойнап жүрген ауыл балалары келіп қалады. Ерігіп отырған бай балаларды күрестірмек болады.
Бай баласының паңдығы
Ортаға байдың баласы шығады. Екі мықынын таянып, талтайып тұрған бай баласына ешбір бала батпайды.
— Кәне, байекеңнің баласымен қайсың күресесіңдер? Келіңдер. Мырзаға батпайсыңдар, ә? — деп, жылтыр қара мұртты мосқал кісі балалардың әрқайсысына шаншыла қарайды.
Балалардың бәрі жерге қарап, шегіншектей береді. Әлгі мосқал кісі балаларды шап беріп ұстап алып, байдың баласына қарай итеріп жібереді. Байдың баласы қолына тиген баланы жерге атып ұра береді. Әп-сәтте балалар ұмар-жұмар болады.
Бай қолын көтеріп: — Уа, тоқтаңдар! Қыранның баласы да қыран, қарғаның баласы да қарға. Менің баламмен күресу — қайда бұларға? Қойыңдар. Доғар, балам! Біреуін мүгедек қып жүрерсің тағы, — дейді.
Жұрт тына қалады. Бай қарқ-қарқ күледі, ал баласының екі езуі екі құлағында — мәз.
Күтпеген жеңіс
Сол сәтте ортаға бір бала атып шығып, байдың баласымен ұстаса кетеді. Сол-ақ екен, көз ілеспес шапшаңдықпен байдың баласын атып ұрып, басынан аттап өтеді.
Ел ішін тартып, бір сұмдықты күтеді. Жылтыр қара мұртты мосқал кісі — әлгі палуан баланың әкесі екен. Ол орнынан атып тұрып, баласының жағасынан ұстап алып, дедектетіп ортаға сүйреп әкеледі.
— Иттің күшігі! Жаңа ғана жығылып қалғаның. Сені қай шайтан түртті? Қайтып жықтың байекеңнің баласын? — дейді.
Бала тайсалмай: — Онда мен сізді аядым, енді өзімді аядым, — дейді.
Әкесі одан сайын жұлқып: — Не деп тұр мына оңбаған? — дейді.
Бала: — Мен қарғаның баласы емеспін, — деп жауап қатады.
Әкесі ашуға булығып: — Япыр-ай, құртты-ау! Мынау бала емес, пәле екен! — деп, қолын көтере береді.
Ақсақалдың тоқтамы
Сол сәтте көпті көрген көнекөз, аппақ сақалы омырауын жапқан қария алға шығып, даусын қатайта сөйлейді.
— Тоқтат, жетер! Әй, өңшең ез! Жұдырықтай бала құрлы намыс болмаған соң, өстіп қарға құсап шуылдамағанда қайтпексіңдер?! Күш атасын танымас дегенді неге білмейсіңдер?
— Балам, бері кел! Арлы адамның ісі — сенікі, айналайын! Малсыз болсаң да, арсыз болма. Бүгін өз намысыңды қорғай білсең, ертең еліңнің намысын қорғайсың, — дейді.
Ақсақал намысшыл палуан баланы қасына шақырып алып, маңдайынан иіскеп, бетінен сүйеді.
Түйін: абыройды бір-ақ сөз төгеді
Бай басбармағын шайнайды. Абайламай сөйлеймін деп, өзінің де, баласының да абыройын айрандай төгіп алған еді.
Байдың баласы әкесі сияқты дөңкеуде болып өседі: әкесінің байлығын еселей түседі. Ал кедейдің баласы ақсақал айтқандай, жамбасы жерге тимеген палуанға айналып, ел намысын ардақтаған батыр болады. Қол бастап, халқын талай жаудан қорғап қалады.