Маса қайда

Қорлықтан басталған оқиға

Алпамсадай аю жұдырықтай қоянды ұстап алып, ешбір жазықсыз құлағынан тартып қинайды. Тіпті құлағын бұрап, жұлып тастай жаздайды. Қоян қатты қапаланады.

— Құлақ жазылар, көздің жасы құрғар, бірақ кегім тарқамас! Не үшін қорлық көрдім? Маймақ аяққа кездесіп қалсам, құримын ғой! Оған қорлыққа төзе беруге құлағым шыдай ма!

— Аю осы ормандағы аңдардың ең күштісі. Мұңымды кімге барып шағамын? Қасқыр мен түлкі де оның айырылмас сыбайластары! Енді кімнен қорғаныш табамын?! – деп жылайды ол.

Жіңішке дауыс: күтпеген қорған

Сол сәтте қалың қамыстың ішінен жіңішке дауыс шіңк ете қалады:

— Маған қорған!

Қоян көзінің қиығын салса — маса екен.

— Сен қандай қорған бола аласың? Ол — аю, сен — шіркей. Аюға не істей аласың? Қанша күшің бар, байғұс-ау! – дейді қоян.

— Мен оған ұйқы бермеймін, – дейді маса.

Ұйқысыз түн: әлсіздің айласы

Ыстық орман ішінде аю жанын қоярға жер таппайды. Әбден қалжыраған соң, бүлдірген жапырағының үстіне жатып дем алмақ болады. Көзін жұмғаны сол еді, құлағының үстінен:

— Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң!

Аю масаның даусын тани кетеді. Мұрнына келіп қонатын сәтін аңдып жатады. Маса айнала ұшып жүріп, аюдың тұмсығына қонады. Маймақ аяқ көп ойланбай, бар күшін салып, сол жақ табанымен мұрнын ұрып қалады.

Маса аюдың тұмсығына қонудың немен тынатынын қайдан білсін! Аю оң жағына аунап, көзін жұмып, есіней бергенде, тағы да құлағының тұсынан:

— Ызың-ң! Ызың-ң-ң!

Маса, сірә, табаннан құтылып кеткен. Аю ұйықтап жатқан болып, қимылсыз тыңдайды: «Енді қай жеріме қонар екен?»

Маса біраз ызыңдап жүріп, кенет тына қалады.

— Ұшып кетті ғой деймін, қарғыс атқан! – деп күрсінеді аю.

Бірақ маса сол сәтте-ақ құлағының түбіне ептеп кіріп, шым еткізіп шағып алады. Аю орнынан секіріп тұрып, шыр айналады да, оң табанымен құлағын тарс салып қалады. Көзінің оты жарқ ете түседі.

«Енді ұмыттырармын!» дегендей, аю құлағын сипап, жайлана түседі. Ұйқыға енді кетем дегенде, бас жағынан баяғы ызың қайта естіледі.

— Бұл не деген беймаза еді?! Неткен жаны берік шіркей! – дейді аю да, жерге бір түкіріп, маса мазалаған жерден кетіп қалады.

Қашқан сайын қуған ызың

Маймақ аю орманды кезіп, бұта-бұтаның арасымен сенделіп жүреді. Ұйқы қысқандықтан, аузын арандай ашып есінейді. Ал маса соңынан қалмайды:

— Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң!

Аю жүгіре жөнеледі. Жүгіре-жүгіре әлі құрып, бір бұтаның түбіне келіп құлайды. Тыныстап жатып тың тыңдайды. Орман іші жым-жырт: көзге түртсе көрінбес қараңғы. Айналадағы аң-құс баяғыда-ақ ұйқыға кеткен. Жалғыз аю ғана мазасыз.

— Міне, пәле! Бір жаман масаның мені осыншалық әурелегенін көрдің бе! Осы мен кәдімгі аюмын ба, жоқ па? Тіпті одан қашып құтылғаныма да мың қат шүкір. Енді рақаттанып ұйықтайтын шығармын, – дейді аю.

Аю жаңғақ ағашының түбіне барып жатады. Көзін жұмады да қалғып кетеді. Түс көре бастайды: орман ішінен араның ұясын тауып алыпты, бал тіпті көп екен. Ұяға аяғын сала бергенде, кенет:

— Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң!

Маса қуып жетіп, оятып жібереді. Аю отырып алып, ызаланып ыңқылдай бастайды. Ал маса тас қараңғыда оны айналып, біресе қатты, біресе жай ызыңдай береді. Ызылдап-ызылдап барып, тағы да жым-жырт бола қалады.

Аю тыңдап тұрып, қайтадан жаңғақ түбіне жасырынады. Көзін жұмып, бойы жылына бастағаны сол еді — маса тағы ызың етеді. Сонда маймақ аю бұтаның түбінен шығып, жылап жібереді.

— Соңымнан қалмай қойды-ау, қарғыс атқан! Тұра тұр, бәлем! Таң атқанға дейін кірпік ілмей отырсам да, көзіңді жоярмын!

Бірақ маса күн шыққанша аюға ұйқы бермейді. Әбден қалжыратып, есін кетіреді. Таң атқанша аю көз шырымын алмайды. Өзін-өзі соққылап, бар денесін көгертеді. Алайда масаны жеңе алмайды.

Таңғы көрініс: маза таппаған күш

Күн шығады. Ормандағы аңдар мен құстар ұйқысын қандырып оянады. Ән шырқап, шаттанады. Жаңа күнді тек аю ғана көңілсіз қарсы алады.

Орман ішінде аюға қоян жолығады. Үсті-басы ұйқы-тұйқы, жүні ұйпалақ-ұйпалақ болған аю аяғын зорға басып, сенделіп келеді. Көзін аша алмайды, құлағынан масаның ызыңы кетпейді.

Маймақ аюды мазақтап, қоян әбден мәз болады.

— Ай, маса! Жарайсың, маса! – деп, көзінен жас аққанша күледі.

«Кімді айтса, сол келер» дегендей, таныс маса сол жерде тап бола кетеді.

— Аюды көрдің бе?

— Көрдім! Көрдім! – дейді қоян күлкіден ішін басып. – Сен оны қалай жеңдің?

— Біз жалғыз емеспіз ғой, – дейді маса. – Біз сендердей жеке-жеке жүрмейміз. Әрі қорқақ та емеспіз.

Түйін

Қоян бұтаның түбінде жалғыз шоқиып қала береді. Ал маса аюдың артынан ызыңдап, қайта ұша жөнеледі.