Сэмюэл үйде

Маргарет Хэнен — қай жерде жүрсе де бірден көзге түсетін, ірі тұлғалы адам. Соған қарамастан, оны алғаш көрген сәтімде таңырқап қалдым: ол бір центнерге жуық астық қапты арбадан иығына салып алып, қамбаға қарай тік басып, басқышқа жеткенде ғана кідіріп, тынысын басты.

Оның толқымастан, ауытқымастан, төрт басқышты бірінен соң біріне көтерілгеніне сүйсініп тұрып, «мына ауырлықтың астында тарамыс денесі діңкесі құрып, қапты тастап жібереді-ау» деген ойымның қайда кеткенін аңғармай да қалдым. Осындай ұлан-асыр күшті көріп, кеудесі керілген кәриядан көзімді ала алмай, арбаның жанында мелшиіп тұрып қалдым.

Ол астық толы ауыр қапты арқалап, арба мен сарайдың арасында алты рет қатынады. «Шаршамадың ба?» деп сұрағаным болмаса, мені елең қылған жоқ. Жүгін түсіріп болған соң, қалтасынан оттығын шығарып, молтақ трубкасын тұтатты да, күс басқан саусақтарымен темекінің қызыл шоғын басып-басып қойды.

Күштің ізі қолында

Қолына қарасам: сап-сары, ісініп кеткен, буындары буылтық-буылтық; қара жұмыстан тырнақтары мүжілген, алақаны күс басқан, тілім-тілім, кей тұсында жаңа жарасы ырсиып көрінеді — әдетте ауыр жұмыста жүрген еркектің қолы осындай болатын. Тамырларының бадырайып шығуы көп азап көргенін де, жасының келгенін де аңғартатын.

Сол қолына қарап тұрып, оның бір кезде Мак-Гилл аралында аты шыққан «сұм» болғанына ешкім сенбес еді. Анығында мұны мен кейін білдім. Ал дәл сол күні қарияның өзі де, өмір тарихы да маған беймәлім болатын.

Аяғында еркекке лайық қасаң, дорбиған башмақ. Оның әр аттаған сайын қызыл асығын қажайтынын бірден байқадым. Үстінде еркек көйлегі, өңі кеткен қызыл фланель, жыртық-жыртық ескі юбка. Соған қарамастан, кескіні ерекше әсер қалдырды: әжім басқан нұрлы жүзін күмістей ағарған шаш көмкеріп тұр.

Шашы дудырап, бет әжімі көбейіп кеткенімен, суалған екі ұрты, пістелеу мұрны көгілдір отты көзіне онша үйлеспегенімен — осының бәрі Маргареттің кең маңдайлы келбетінің ажарын кетірмейді. Көзін торлаған нәзік әжім — кәріліктің белгісінен гөрі, өткірліктің ізі тәрізді: Маргареттің көзі бойжеткен қыздың көзіндей қырағы да, нұрлы.

Ол маған тайсалмай тесіле қарағанда, өз-өзімнен қымтырылып қалдым. Бет әлпетінің ең өзгеше жері — екі көзінің аралығы: әдеттегіден алшақтау. Бірақ бұл оның ажарын бұзбайды; тек көзі жіті, аңғарғыш адам ғана байқар.

Тістері түсіп, екі езуі салыңқы тартқан, ерні жымқырыла бастағанымен, иегі әлі кемсеңдей қоймаған. Ерні мумияға сәл ұқсап көрінгенімен, қарыспас, өжет мінезін аңғартқандай. Ол жансыз сүлде емес: жан дүниесі кең, өр мінезді, заңғар тұлғаның кейпін көрсетеді.

Әңгіме басталған сәт

Ақыры шыдамай: «Жасыңыз келген кісі екенсіз, мынау ауыр жұмысқа қалай ұрындыңыз?» — дедім.

Ол өткір көзімен қадала қарап, сәл ойланып тұрды да, «мен мәңгілік алдында тұрғанда, аптығатын нем бар?» дегендей, асықпай-саспай сөйледі. Өз-өзіне сенімі соншалық берік еді: ауыр қапты арқалап, тік басқышпен жоғары көтерілгенде оған сүйеу болған күш — дәл осы «мәңгілікті сезіну» секілді көрінді.

Мені бір таңғажайып сезім биледі. Елден ерек адамға жолыққанымды ұқтым. Бірақ арада екі-үш жеті өткенде, Маргаретпен жақынырақ танысқан сайын, күн өткен сайын одан алыстап, жатырқай бастағанымды сездім. Ол маған өзге планетадан келген мейман сияқты еді.

Оның мінез-құлқын, ішкі дүниесінің терең сырын ұғынуға қанша тырыссам да, өткен өмірі мен бүгінгі күйіне қандай сезім, қандай философия ықпал еткенін қанша білгім келсе де — Маргареттің өзі де, көрші-қолаңы да маған жөнді жауап бере алмады.

Жасы, жұмысы, жалғыздығы

«Екі аптадан кейін жасым жетпіс екіге толады», — деді ол.

Мен қарсыласа сөйледім: «Көрдіңіз бе, айттым ғой: сіз сияқты қарияға бұл лайық емес. Бұл — еркектің жұмысы, оның өзі анау-мынау емес, мықты кісінің ғана қолынан келетін жұмыс».

Ол тағы да ойланып қалды. Құдды мәңгіліктің түпсіз шыңырауына үңіліп тұрғандай. Егер дәл сол жерде қалғып кетіп, жүз жылдан кейін оянып, оның жауабын енді ғана айтқалы тұрғанын көрсем — таңырқамас едім.

«Әйтеуір бір адам жұмыс істеуі керек. Менің жат кісіге жалынып жүретін дағдым жоқ», — деді ол.

«Туған-туысыңыз, бала-шағаңыз жоқ па?» — дедім.

«Толып жатыр. Ешқайсысы қараспайды», — деді де, трубкасын езуінен алып, басын изеп үйін көрсетті. «Жалғыз тұрамын».

Мен сабан шатырлы үлкен үйге, кең сарайға, үй төңірегіндегі көлбеп жатқан көлемді егістікке қарап тұрып: «осының бәрі осы ферманың қожасыныкі ғой» деп ойладым.

«Осыншама егісті бір өзіңіз күтесіз бе?» — дедім.

«Иә. Жерім көп. Жетпіс акр», — деді. Бір кезде бұл жерде шалына да, ұлына да жұмыс жететін, қызметші ұстайтын, үй жұмысына даяшы әйел алатын, маусым кезінде уақытша адам жалдайтын күндер болғанын да айтты.

Мак-Гилл аралы туралы алғашқы түсінік

Ол арбасына отырып, делбесін қолына алып, ойлы да өткір көзімен мені сынай қарап: «Сіз теңіздің арғы бетінен, Америкадан келген боларсыз?» — деді.

«Иә, мен американмын», — дедім.

«Америкада біздің Мак-Гилл аралының адамдары сирек ұшырасатын шығар?» — деді.

«Штатта жүргенімде бірде-біреуін көрмедім», — дедім.

Ол басын изеді. «Біздің халық үйкүшік. Дүние араламайды демеймін — аралайды. Бірақ теңізде қазаға ұшырағаны, жат жерде кеселден өлгені болмаса, түбінде ел-жұртын табады», — деді.

«Балаларыңыз да теңіз жүзіп, дүние кезіп, аман-есен оралды ма?» — деп сұрадым.

«Иә. Сэмюэлден өзгесінің бәрі келді. Сэмюэл марқұм суға кетіп өлді», — деді.

«Сэмюэл» деген есім айтылғанда, кәрияның көзінен бір ғажайып сәуле жылт еткендей болды. Сол бір қысқа сәтте-ақ, мен екеуміздің арамызда кенет пайда болған үнсіз байланыс арқылы, оның ішінде үлкен қасірет пен өшпес өкініш жатқанын сезгендеймін. Сырдың кілті дәл осы жерде сияқты көрінді: егер жіптің ұшын жібермей, ептеп тарқата берсем, түсініксіз жайлардың үстінен түсер ме едім…

Бірақ ол атын қамшылап, бұрылып: «Сау болыңыз, сэр!» — деді де, жүріп кетті.

Аралдың мінезі: сабыр, ұстам, дәстүр

Мак-Гилл аралының халқы — қулық-сұмдығыңды білмейтін жуас жұрт. Бар ғаламда бұлардай бейнетқор, байсалды, сабырлы, үнемшіл халық көрмедім десем, қателеспеспін. Оларды жат жерде кездестірсеңіз, ирландиялық деп айта алмайсыз: өздері «арландармыз» дейді, Солтүстік Ирландияны мақтап отырады да, шотландиялық ағайындарын қағытып қояды. Шынында, бұлар — түбі шотланд.

Мак-Гилл аралы мен Ирландия құрлығының арасында ені жарты мильдей ғана жіңішке шығанақ бар. Сол шығанақтан өткеніңізде, бөтен елге келгендей боласыз: мұнда Шотландияның дәстүрі айқын сезіледі. Ең алдымен, арал тұрғындарының бәрі — пресвитериандар. Екіншіден, жеті мыңдай халқы бар аралдан трактир таппайсыз — елдің ұстамдылығын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Мұнда көп айтса — заң, инабатты кісі — сопы. Ата-ананы сыйлау, үлкеннің сөзін екі етпеу — осы заманда сирек қасиет, ал бұл аралда әлі де тірі. Арал жастары кешкі сағат онға дейін ғана серуендейді; қыз баласы ата-анасының рұқсатынсыз жігітімен бірге көшеге шыға алмайды.

Жас жігіттер теңізге шыққанда порттардың ырду-дырдуына араласып, бір серпіліп қалатыны рас. Бірақ елге келгенде баяғы әдепті тұрмысқа қайта мойынсұнып, жексенбі күндері шіркеуге барып, үйінде үлкендердің бала жастан құлағына құйған өсиетін тыңдап отырады.

Теңіз ұлдары дүниенің төрт бұрышын аралап, талай әйелді көрсе де, соның бірін де әйелдікке алып келмейді: дәстүр бойынша бәрі еліне қайтып, өз жұртынан қыз алып, отбасын құрады. Бұл қағиданы бір-ақ адам бұзған деседі: мектеп мұғалімі шығанақтың арғы бетінен, өз деревнясынан жарты миль жердегі қызға үйленгені үшін жұрт оған өле-өлгенше суық қабақ танытыпты.

Менің бұл аралға келуім

Мен Мак-Гилл деген арал барын Коломбодан Рангунге бара жатып, Глазгоның сауда пароходының шкиперінен естідім. Сол адам маған хат жазып берді. Хат арқылы мен шкипердің жесірі — миссис Росстың үйін тауып алдым.

Миссис Росс қызы Кларамен ғана тұрады екен. Екі ұлы да жасынан шкипер болып, теңізде жүр. Үйіндегі бос бөлмеге менен бұрын ешкімді кіргізбегенімен, шкиперден келген хатты көрген соң, маған бір бөлмесінде тұруға рұқсат етті.

Маргарет жайлы сұрақтар және тұйық жауаптар

Маргарет Хэненді көрген кеште мен миссис Росстан оның жай-күйін сұрай бастадым. Сонда менің бір жұмбаққа тап болғаным анық сезілді. Миссис Росс та, аралдың өзге тұрғындары да Маргарет туралы сұрағыма нақты жауап бермеді.

Дегенмен сол кештің өзінде-ақ, Маргареттің бір кезде аралдағы ең сұлу қыздардың бірі болғанын естідім. Өзі бай фермердің қызы екен. Томас Хэнен деген ауқатты кісіге тұрмысқа шыққан. Үй жұмысынан басқаға араласпайтын, мұндағы әйелдердің көпшілігіндей егінге де қатыспайтын көрінеді.

Балалары теңізде, өзі — жалғыз

«Балалары қайда тұрады?» — деп сұрадым.

«Екі ұлы — Джэми мен Тимоти үйленген, екеуі де теңізде. Почта түбіндегі үлкен үйді көрдіңіз бе? Сол — Джэмидің үйі. Бойжеткен қыздары апаларының қолында. Басқа балалары опат болған», — деді миссис Росс.

Сол кезде Клара кекесінге ұқсас үнмен: «Сэмюэлдерінің бәрі қайтыс болған», — деді.

«Келемеждемей отыр!» — деп шешесі оны тыйып тастады.

«Сэмюэлдері дейсіз бе? Қай Сэмюэлдер?» — дедім мен.

«Маргареттің төрт ұлы. Төртеуі де опат болған», — деді Клара.

«Төртеуінің де есімі Сэмюэл ме?»

«Иә», — деді Клара.

Үй ішін үнсіздік басты. «Ғажап екен», — дедім мен ақыры.

«Иә, ғажап екені рас», — деді миссис Росс, алдындағы жүн күртесін алаңсыз тоқуын жалғастырып.

Үй ішіндегі теңіз әлемі

Сол сәтте мен бөлменің бұрышындағы қабырғаға ілінген түйеқұс жұмыртқаларына көзім түсті: әр жұмыртқаның бүйіріне бояумен салынған теңіз суреттері бар, бар желкені желбіреген кеме теңіз суын тіліп келе жатқандай. Кеңістік өлшемі дәл сақталмағанымен, ұсақ детальдары көп еді.

Камин үстінде ою салынған екі ұлу қабығы тұр. Ортасында жұмақ құсының тұлыбы. Бөлменің әр жерінде оңтүстік теңіздерден әкелінген ғажайып қауашақтар, әйнек қобдишадағы маржан сабақтары, оңтүстік африкалық найзалар, Жаңа Гвинеяның айбалталары, Аляскадан келген — сырты моншақпен кестеленген үлкен темекі кисеті, австралиялық бумеранг, әйнек астындағы кеме модельдері, Маркиз аралдарынан келген «Кай-кай» ыдысы, Вест-Индия мен Қытайдан келген кішкене қол сандықтар көзге шалынады.

Мен осы теңізшілер тасыған олжаны тамашалап тұрғанымда, Маргарет Хэненнің жұмбағы — күйеуін көріне көрістірмегені, бүкіл отбасының безіп кеткені — ойымнан шықпай қойды. Арақ ішпейді дейді. Онда не себеп? Жауыздық па? Опасыздық па? Әлде баяғы деревняларда кездесетін жан түршігерлік қылмыс па?

Мен жорамалдарымды айтып көрдім. Миссис Росс басын шайқап: «Жоқ, жоқ. Маргарет — сүттен ақ адал жар, мейірбан ана. Тума-бітті ешкімге қиянат жасамаған. Балалары да құдайшыл. Бірақ соңына қарай ақылы ауысып кетті…» — деді де, маңдайын саусағымен нұқып қойды.

«Бірақ мен онымен бүгін сөйлестім ғой. Есі дұрыс, жасына қарағанда қунақы, пысық адам сияқты», — дедім.

«Иә, ол да рас. Менің айтпағым — адамға бермеген, тәңірімен тірескен кесір мінезі. Маргареттен озған адуын әйел жоқ. Осы ылаңның бәрі Сэмюэл деген есімнен басталды», — деді миссис Росс.

Сэмюэл есімі: қасіретке айналған табандылық

Сэмюэл — Маргареттің ең кіші інісі екен, жұрттың айтуынша, Маргарет оны ерекше жақсы көріпті. Пастордың болмашы қателігі салдарынан аралдың жаңа шіркеуі Дублинде дер кезінде тіркелмей қалып, соның кесірінен Сэмюэл өзіне-өзі қол жұмсаған деседі.

Сол қайғыдан кейін көп ұзамай Маргарет тұңғышына да «Сэмюэл» деп ат қойыпты. Жұрт шулаған, бірақ тоқтата алмаған. Бала алқымы ісіп, круптан қайтыс болады. Екінші ұлына да сол есімді береді — бала үш жасқа жетпей қайнаған суға құлап, күйіп өледі.

Миссис Росс мұны Маргареттің «өр мінезінің кесірі» деп түсіндіреді: бір сөзден қайтпайтын, өз дегенінен танбайтын табандылық. Тіпті тұңғышы өлгенде-ақ, кемпір шешесі жалынып: «енді Сэмюэл деп ат қойма» деп аяғына жығылған көрінеді. Бірақ Маргарет міз бақпаған.

Екінші баласына ат қойыларда, сопы «нәрестеңізге ат беріңіз» дегенде, Маргарет: «Сэмюэл болсын», — депті. Сол сәтте үйдегілерден басқа туыстар мен көршілердің бәрі орындарынан тұрып, үнсіз сыртқа шығып кеткен деседі. Нағашы апасы Фанни есік алдына барып: «Балдырғандай баланың түбіне тағы жетейін деп отыр ғой!» — деп дауыстапты.

Үшінші ұлы да «Сэмюэл» атанады. Ол Ізгі Үміт мүйісінің маңында теңізде қаза табады. Сонда да Маргарет тағдырға қарсы шыққандай, қырық жеті жасында төртінші ұлды дүниеге әкеліп, оған да сол есімді қойған екен. Ақыры төрт баласын бірдей жерлейді.

Клара айтқан оқиға: жаңа шіркеудің «заңсыз» некелері

Келесі күні таңертең Кларадан Маргареттің сүйікті інісі қалай опат болғанын естідім. Бір жеті бойы әркімнен сұрастыра жүріп, сол қайғылы оқиғаның мәнісіне шамам жеткендей болды.

Сэмюэл Данди — Маргареттің ағайынды төрт бауырының кенжесі. Ол желкенді каботаж кемесінің шкипері болып істеген. Бір күні Агнес Хьюит деген нәзік те сезімтал қызға үйленіп, көп ұзамай теңізге аттанып кетеді.

Олардың неке қиюы аралда жаңадан салынған шіркеуде алғашқылардың бірі болып өтеді. Сол аптаның ішінде тағы екі жұп неке қидырады: Альберт Махан мен Минни Дункан, Эдди Трой мен Фло Мэкинтош. Үшеуінің күйеуі де теңізші екен. Екі айға жетпей бәрі теңізге шығып кетеді.

Мәселе кейін белгілі болады: жаңа шіркеу заң бойынша «жаңа шіркеу» ретінде тіркелуі тиіс екен, бірақ пастор да, пресвитерия да соны уақытында аңғармай қалған. Үш ай өткенде пастор тоқсандық есебін Дублиндегі орындарға тапсырады. Олар: «Шіркеу әлі заңды тәртіппен тіркелмеген» — деп хабар қайтарады.

Шіркеу көп ұзамай тіркелгенімен, оған дейін қиылған үш некені заңдастыру қиынға соғады: күйеулер теңізде, жуық арада орала қоймайды. Сөйтіп, қағаз жүзінде олардың әйелдері заңды зайып болмай шығады. Пастор бұл шындықты теңізшілер оралғанша жария етпей, құпия сақтапты — Клара осылай деді.

Ескертпе: «Жасыл жауынгер» — орманда жасырынып жүріп, өкіметке қарсы күресуші шаруалар.