Ұстаздық ету - әлемдегі мамандықтың анасы, Ұстазынан білім алып адамзаттың оянады санасы
Ұстаздық — мамандықтың анасы
Ұстаздық — әлемдегі мамандықтың анасы. Ұстаздан білім алған адамның санасы оянып, көкжиегі кеңейеді. Бұл мамандық — жемісі мол бәйтерек секілді: сондықтан да оның бағасы алтыннан да қымбат.
Халқымыздың ұлы ақыны, «Қара сөздің» қас шебері Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» — деп, әр адамға өмірден өз орнын тауып, сүйген ісіне адал болуды аманат еткендей.
Қай қоғам болмасын, әрбір азамат өмір атты дүниенің табалдырығын аттаған сәттен бастап өз жолын іздейді: өзі қалаған мамандықты таңдап, болашағының кірпішін қалайды. Мен де өз өмірімнің іргетасын берік қалап, сүйікті мамандығым — ұстаздықты таңдағаныма еш өкінбеймін.
Неге дене шынықтыру пәнінің мұғалімі?
Балалық шақтан басталған құлшыныс
Өзіме жиі қоятын сұрақтың бірі: неге дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болуды таңдадым, осы жолға мені қандай күш жетеледі? Жауабы ең алдымен балалық шағыма барып тіреледі.
Бала кезімнен спорт десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Спортқа деген құлшынысым теңіздің жағаға ұрған толқынындай асау еді. Ауыл балаларымен бірге таңның атысынан күннің батысына дейін доп теуіп, асыр салып өскен күндерім әлі көз алдымда.
Сыныпта мұғаліміміз «Қай мамандық иесі болғыларың келеді?» деп сұрағанда, әркім әртүрлі арманын айтатын. Ал менің жүрегімде бір ғана мақсат бар еді: дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болу.
Ұстаздықтың қуанышы мен жауапкершілігі
Шәкірттерім жеңіске жеткенде жүрегімнің қуанышқа толғаны соншалық — кеудеме оң қолымды қойып, әнұранды тыңдаған сәттерді сөзбен жеткізу қиын. Сол мезеттерде еңбек пен сенімнің ақталғанын айқын сезінемін.
Бұл мамандықты таңдаған соң, тек өз пайдасын ойлап, «нан тапсам болды» дейтін тар түсініктен аулақпын. Керісінше, өз ісіме шын беріліп, қыр-сырын меңгеріп, әр сабағымда бар күш-жігерімді салуға тырысамын. Оқушыларға спорттық білім беріп қана қоймай, олардың ой-санасына білімнің шамын жағып, дұрыс бағыт көрсету — мен үшін үлкен парыз.
Ағартушылық мұрат
Ағартушы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Қараңғы қазақтың көгіне өрмелеп шығып, күн болуға тырысамын» — деген еді. Бұл сөздер менің де ішкі ұстанымыма айналды: шәкірттерімнің бойына сенім ұялатуға, олардың мүмкіндігін ашуға талпынамын.
Түйін
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: адам өзіне жақын, жүрек қалауымен таңдаған мамандығына адал болса, шабытын шыңдап, еңбегін еселей алады. Даналар айтқандай, шабыт шарықтағанда, бұрын қамал көрінген жерден де жол ашылады.
Мен өзім ұнатқан мамандықтың иесімін. Енді осы мамандығыммен бақыттымын.