Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Отбасы — асыл қасиеттердің бастау бұлағы
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім ең алдымен жақындарыңа, туған-туысқандарыңа деген сүйіспеншіліктен басталады.
Н.Ә. Назарбаев қазақ отбасында бала тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ ағайын-туысын, нағашы жұртын, ата-тегін, руын, ел-жұртын танып-білуге ерекше мән берілгенін атап көрсетеді.
Жеті ата және шежіре: өмірге дайындайтын мектеп
Қазақ отбасында баланы 7–9 жасынан бастап әкесінен тараған ағайын-туысын, нағашы жұртын, алыс-жақынын таныстыруға, ата-тегін, руын, ел-жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлінген. Жеті атасын білу — заң болған.
Негізгі мақсат
Ата-текті білу және ұрпақ тазалығын сақтау.
Тәрбиелік мәні
Шежіре ақыл-ойға қозғау салып, адамның өзін тануына жол ашады.
Қоғамдық өлшем
Тегін, тарихын білген азамат елдікке, отансүйгіштікке бейім болады.
«Жеті атасын білген ұл — жеті жұртқа жөн айтар» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Балаға ата тарихын жаттатып, ел-жұрт тарихын таныту — ер азаматты ерлікке, елдікке, Отан сүйгіштікке баулудың бір жолы деп ұққан.
Тек жаттатумен шектелмей: баба өнегесін таныту
Әкесі мен атасы балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, елі-жұрты үшін еткен ерлігін, өнегелі істерін әңгіме еткен. Мұндағы мақсат — бала ата дәстүрін жалғастырсын, жақсыны бойына сіңірсін деген ниет.
Маңызды ескерту
Ата, ру тарихын білу — жақсы. Бірақ баланы тек өз руының адамдарын ғана дәріптеп, «асыл азаматтар тек бізден шыққан» деген өзімшіл, теріс түсінікпен тәрбиелеу дұрыс емес.
Басқа рулар мен елдердің де ақылды, шешен, батыр, ақын адамдары туралы әңгімелеу керек. «Жақсы көпке ортақ», «жақсы туса — елдің ырысы», «жақсыда жаттық жоқ, ол — халықтың қамқоршысы» деген ойды жастардың санасына сіңіру — азаматтық парыз.
Тектілік ұғымы: қанмен ғана емес, тәрбиемен бекиді
Ешкім де туыс-туғансыз, ағайынсыз емес. Адам — көп бұтағы бар ағаштай: тамыры терең, тармағы көп. Туған-туыс дегеніміз — сол бір түбірден тараған бұтақтар тәрізді. Көрген тәрбие, алған нәр, бұрынғыдан қалған мұра — бәрі де адам бойына тарайды.
Қазақ біреудің біліміне, мінезіне, іс-әрекетіне, ақыл-парасатына риза болса: «Апыр-ай, бұл текті жан екен ғой!» деп сүйсінеді. Демек, тектілік — қасиетті ұғым.
Тектілік адам бойына ана сүтімен, әке тәрбиесімен дариды да, уақыт өте келе өмірді танып-білу арқылы кемелдене түседі. Айналаңдағы адамдардың тыныс-тіршілігі мен болмыс-бітімі өз ойыңды қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақта бір ауыз «тегі жақсы» сөзімен адамды өсірсе, «тексіз» деген сөзімен өшіріп те отырған. Кейде «Сол тексіз немені, қойшы…» деп, баладан үміт үзген жағдай да болған.
Абай тағылымы және қоғамдық рух
Абайдың сөзі
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады».
Ата сөзі — аманат
«Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді. Атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді» — деп ата-бабаларымыз тектілік пен тәрбиенің жауапкершілігін айқын көрсеткен.
Жастардың бойына көпшіл, қоғамшыл рухты сіңіре білу, адам баласын бауыр тұту — қазақ халқы үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Жақсылықтың нұрын себуден жалықпайық, ағайын.
Қостанай ауданы, Мичурин орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Баймұханова Гүлмиран Әбілхановна