Менің тілім - қазақ тілі
Ана тілін қадірлеген ұлттың болашағы жарқын
Ана тілін қадірлеп ұстайтын ұлттың болашағы жарқын. Өйткені тіл — қай елде, қай жерде болмасын ең қасиетті де қастерлі құндылық. Тіл — әрбір тәуелсіз елдің мақтанышы мен абыройы, атадан балаға аманат болып сақталатын киелі мұра. Ол — баға жетпес қазына. Сондықтан әр ұлт, әр азамат өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы тиіс.
Менің тілім — қазақ тілі
Менің тілім — қазақ тілі. Мен оның шұбарлануына да, аяққа тапталуына да әрдайым қасқая қарсы тұруға дайынмын. Қазақ тілі — байлығым, рухани жан дүниемнің айнасы, Отанымыздың өсіп-өнуіне бірден-бір септігін тигізетін мәңгілік мұра. Еліміздің болашағы да — оның ана тілі. Ол әрдайым бізбен бірге жасайтыны анық.
Тіл — біздің бақытымыз. Ал тілдің бақыты — оның болашағының жарқын болуы және ұлттың оны қадір тұтып, бағалай білуі. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ана тілі — халық болып жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек» деген ойы осыны айқын аңғартады. Патриот азаматтың жүрегі қашанда тілі мен діні үшін соғуы тиіс.
Мемлекеттік тіл мәртебесі
Қазақ тілі — Республикамыздың мемлекеттік тілі. Елімізде өткізілетін іс-шаралар, құжаттар мен ресми қағаздар мемлекеттік тілде жүргізілуі қажет.
Сауатты ұрпақ — ел тірегі
Өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі білікті де саналы ұрпақпен кеңейетіні белгілі. Мақсат — әлемдегі озық елдердің қатарынан көріну.
Мақсатқа бастайтын жол — ана тілін терең меңгеру
Бұл мұратқа жету үшін сауатты ұл мен қыз тәрбиелеу қажет. Ол — өз ана тілінде, яғни қазақ тілінде еркін сөйлеп, оны терең меңгерген ұрпақ. Әрбір адам өз ана тілінде сөйлеуге міндетті.
Мен Отанымды — Тәуелсіз Қазақстанымды, қасиетті де қастерлі мекенімді, байлық пен қазынаға толы жерімді, ең бастысы болашағы айқын, келешегі жарқын қазақ тілімді мақтан етемін.