Қазіргі уақытта күнделікті өмірдің жартысын, кейде одан да көп бөлігін әлеуметтік желілер алып кетті

Әлеуметтік желі: пайдасы мен зияны

Қазіргі уақытта күнделікті өмірдің жартысын, кейде одан да көп бөлігін әлеуметтік желілер алып кетті. Жыл сайын әлеуметтік желілердің саны артып келеді: Instagram, Вконтакте, Facebook, YouTube, Однокласники және тағы басқа. Солардың ішінде, әсіресе, Instagram-ға енді әріп таныған баладан бастап, еңкейген қарияға дейін кіреді. Ал желімен бірге таңын атырып, күнін батыратындар — көбіне оқушылар мен студенттер.

Көпшілік әлеуметтік желіге танымал тұлғаларды, соңғы жаңалықтарды, қызықты (кейде ұятты) видеолар мен суреттерді көру үшін кіреді. Мұның салдары қандай?

Негізгі қауіптер

  • 1

    Танымалдылыққа тәуелділік. Жұлдыздар мен белгілі адамдардың өміріне қарап, жастардың ішінде танымал болуға ерекше қызығушылық пайда болуы мүмкін. Кейбірі атағы шықпаса, жер өрте дегендей, ессіз әрекеттерге барады: әйел кейпіне ену, өмірге қауіпті жаттығулар жасау, ашық-шашық киіну, ақылға қонымсыз флешмобтарға қатысу және т.б.

  • 2

    Жас ерекшелігі шектелмеген контент. Парақшаларда жас санаты нақты көрсетілмегендіктен, кейбір видеолар мен суреттер жасөспірімдердің психикасына кері әсер етеді. Мысалы, төбелес видеолары, зорлық-зомбылық көріністері, жартылай жалаңаш суреттер немесе жануарларды қинап түсірген видеолар қатыгездікке итермелеуі мүмкін.

  • 3

    Денсаулық пен уақытқа зиян. Таңнан кешке дейін телефонға телміріп отыру көз көру қабілетінің төмендеуіне әкеледі әрі оқу мен жұмысқа арналған уақыттың босқа кетуіне себеп болады.

Дұрыс қолданылса — мүмкіндік

Дегенмен әлеуметтік желіні орынды мақсатта пайдаланып жүргендер де аз емес. Біреу әлеуметтік желі арқылы бизнесін дамытып жатыр, біреу қайырымдылық шараларын ұйымдастырады, енді бірі оқығанын, көргенін, білген-түйгенін көпшілікпен бөліседі. Яғни дұрыс қолданылған жағдайда әлеуметтік желі — пайдалы құрал.

Ойланатын сұрақ

Әлеуметтік желіге кірер алдында өзіңізден сұраңыз: «Мен бұл жерге қандай мақсатпен кіріп отырмын?» Уақытыңызды тек виртуалды өмірге арнамай, достарыңызға, туыстарыңызға және көптен бері хабарласа алмай жүрген жақындарыңызға бөліңіз.