Әжем - әкемнің анасы, менің ақылшым
Ата-әжемнің тәрбиесі — өмірлік бағдарым
Мен кішкентайымнан ата-әжеммен бірге тұрып, олардың қолында өстім. Олар мені адалдыққа, білімге құштар болуға үйретті. Ата-әжемнің үш немересі бар, мен — ортаншысымын. Атым — Бұхарбаев Бекнұр Айбекұлы, №3 ЖОББМ КММ-де оқимын.
Отбасымызда менен бөлек бір әпкем және бір інім бар. Қара шаңырағымыздың ақылшысы, арқа сүйеріміз — атам мен әжем. Отбасымызда, әсіресе, атамның орны бөлек.
Атам — Абимолла
Атамның аты — Абимолла, жасы қазір 74-те. Ол ел-жұртқа сыйлы, қазақы болмысты, беделді жан. Шырайы жарқын, кесек ойлы, жанары әрдайым жұлдыздай жанып тұратын өнегелі азамат.
Атам өзіне ғана тән ұтқыр да ұшқыр сөз саптауымен, ағайынға ақылшы әрі қамқоршы бола білетін қасиеттерімен ерекшеленеді. «Мінезі көркем адам кім?» десе, мен бірден: «Ол — менің атам» дер едім.
Ол кітапты көп оқиды. Көбіне тарихи шығармаларды және өмірден алынған оқиғаларға негізделген туындыларды ұнатады. Атам — жан-жақты адам: бәріне үлгереді. Оның шыдамдылығы мен мейірімділігі мені де көп нәрсеге үйретті.
Қазір мен спортпен шұғылданамын. Осындай атамның барына әрдайым үлкен мақтанышпен қараймын.
Әжем — Алтынкүл
Әжемнің аты — Алтынкүл, жасы қазір 62-де. Әжем өте мейірімді, ақкөңіл жан. Ол — әкемнің анасы әрі менің ақылшым. Мен әжемнің үнемі қасымызда болғанын қалаймын, әрі ол әрдайым жанымыздан табылады.
Мұңайсам да, қуансам да ең алдымен әжеме айтқым келеді. Мерекеде құттықтасам, жадырап, қуанып қалады. Жасы ұлғайған сайын кейде болмашыға ренжіп қалатынын да байқап жүрмін. Сондықтан оны ренжітпей, керісінше қуантудың жолын көбірек ойлаймын.
Мен үшін ең қымбат сәттер
- Сабақтан жақсы баға алсам, бірінші болып әжем естиді.
- Сайыстарда жүлделі орын алсам, ең алдымен әжем қуанады.
Әжемнің қолынан көп нәрсе келеді. Оның сүйікті ісі — тоқыма тоқу. Жас кезінен жүн түтіп, ұршық иіріп, кеудеше, қолғап және басқа да бұйымдар тоқуды үйренген. Сонымен бірге іс тіккенді де жақсы көреді.
Әжемнің сүйікті тағамы — қазақша ет. Ол оны өзі асып, иісін бұрқыратып дайындағанды ұнатады. Ал сүйікті сусындары — қымыз, шұбат және шай.
Кішкентай кезімде өзге әжелер сияқты маған да ертегі айтып ұйықтататын. Қазір де бізге үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Мен әжемді өте жақсы көремін.
Тілек
Асыл ата-әжеме ұзақ ғұмыр тілеймін. Олардың берген тәрбиесі мен көрсеткен мейірімі — менің өмірлік тірегім.