ӘЖЕЛЕР ӨМІРІ ӨНЕГЕ
Әжелер өмірі — өнеге
Қазиза апа, мешіт намазханы.
Сенімнің қайта жаңғыруы
Егер осыдан жиырма жыл бұрын «Қазақстанда ислам діні қайта өркендейді, үлкен-кіші мешіттерге адамдар көптеп барып, мінәжат жасап, Құдайға құлшылық етеді» десе, мен сенбес едім. Өйткені сол кезеңдегі саясат тұрғысынан қарағанда, мұның бәрі құр қиял сияқты көрінетін.
Кеңес өкіметі дінді тұншықтырып ұстағаны соншалық, бас көтерген жан жазықсыз жалаға ілігіп, түрлі қудалауға ұшырайтын. Сондықтан молдалардың өзі жаназаны да көп жағдайда жасырын өткізетін.
Жасы жеткен қариялар кейде кейігенде: «Құдайдан қорықпайтын бұл заман не болып кетті? Әйтеуір түбінің жақсылығын берсін» деп бастарын шайқайтын. Сонда да ауыздарынан «біссімілләсін» тастамай, тәубе десіп, бар мен жоққа қанағат етті.
Олар жатса да, тұрса да имандылықты санамызға сіңіруге тырысты. Сол себепті менің замандастарым діліне де, дініне де қастерлі құрметпен қарады. Қаншама адам өзін «дінсізбін» деп мойындатуға мәжбүр болса да, жан дүниесінде бір беймәлім қарсылық имандылықтан аттап кетуге жол бермеді. Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын көмескілендіруге көнбеді.
Өскемендегі алғашқы мешіттер: шағын бастау, үлкен үміт
Мешітке адамдардың көптеп келе бастауы бертінде ғана ғой. Өскеменде мешіттің қалай ашылғаны әлі күнге көз алдымызда. Облыстық телеарнадан мешіттің ашылғанын, жаңадан имам тағайындалғанын естіп, жұма күні көрсетілген мекенжайға бардық. Бізді Зылиқа әже қарсы алып, төрде отырған жас жігітті имам деп таныстырды.
Мешіт деген аты ғана: ескі үйдің екі бөлмесі екен. Соған да шүкіршілік айтып, Құран оқытып, садақамызды беріп қайтатынбыз. Уақыт өте намаз үйрене бастадық.
Күндердің күнінде «Мешіт қаланың Сафонова көшесіне көшіпті» дегенді естіп, адасып жүріп оны да таптық. Бұл да шағын үй екен. Пеште от лаулап жанғанымен, бөлме іші өте салқын еді. Ораза кезі әрі жұма болғандықтан отызға жуық жамағат жиналдық.
Имамымыз азан шақырып, «Аллаһу акбар» дегеннен бастап намазға тұрған кейбір адамдардың көз жасы жауын тамшыларындай жайнамазға төгілді. Құран сөздерінің құдіретін, оқу мақамының жүректі қалай елжіретіп, тербететінін тұңғыш рет сонда сезіндім.
Мешітке келген сайын имамымыз: «Имандылықтың кілті — тазалықта. Тақуалықтың кілті — “лә иләһа иллаллаһ”, “Мұхаммадур расулуллаһ” деп зікір айтуда және намазды дұрыс оқуда» деп насихат айтатын. Ол сөздер мешітке бір кіріп шыққан адамның өзіне-ақ имандылыққа бет бұруға дем беретіндей еді.
Ораза айт намазында жамағат саны жетпіске жуықтады. Сол тұста мешіт бұрынғы «Факел» кинотеатрына көшіп, айт намазына сонда жиналдық. Намаздан кейін Халифа Алтайдың қазақ тілінде шыққан «Бейнелі намаз» кітабын тегін таратты. Қатты қуанып, разы болдық. Сол күні имамымыздың аты-жөні Ибраһим қажы Қарнақбайұлы екенін де алғаш рет білдік.
Кинотеатрдан мешітке көшу: көңілдегі қаяу
Дегенмен, кинотеатрды мешітке бергеніне іштей ренжідік. Біріншіден, алқам-салқамы шыққан ғимаратты ұсыну — «үлкен орын бердік» деген сыртқы көрсеткіш үшін жасалған қулықтай көрінді. Екіншіден, қанша жөндеп, сылап-сипасаң да, ол ғимарат мешіт болмысына үйлесе қоймайтын. Үшіншіден, оны жөндеп ғибадатханаға айналдыруға кететін шығынға жаңа мешіт салу әлдеқайда тиімді болатындай еді.
Шынымды айтсам, сол кездегі қазақы намысымызды әлдекімдер ашықтан-ашық қорлағандай, аяққа таптағандай күй кештім.
Орталық мешіт: «Ақ түйенің қарны жарылған күн»
Қазіргі Өскемен орталық мешіті ашылғандағы қуанышымызды тілмен айтып жеткізу қиын. «Ақ түйенің қарны жарылып, Аллаһ Тағала тілеген тілеуімізді берді» дестік.
Мешіт жанынан діни дәріс беру курсы ұйымдастырылғанда Түркиядан келген Ережеп Чифши араб тілінен сабақ берді. Әжелердің де қатары көбейді. Кейін Мұстафа Шал ұстаздық етті. Алғашында біз түрікше, олар қазақша толық түсінбей біраз қиналдық. Бірақ уақыт өте олар қазақ тіліне тез төселіп кетті, ал бізге сабақ оқу да жеңілдей түсті.
Арабша тіл сындырып қана қоймай, Құранды өз бетімізше оқуға машықтандық. Қызыға, құмарлана, ықыласпен оқыдық.
Бараат түні: жүректе қалған белгі
Бір жылы (қай жылы екені нақты есімде жоқ) Бараат түнін мешітте қарсы алып отырғанымызда бір әйел: «Тезірек далаға шығыңдар. Аспанда жазу сияқты құбылыс көрінеді», — деді. Ести сала сыртқа шықтық.
Ғажабы — жарты аспанды алып, оңтүстік жақта көк аспанға «Аллаһ» деген жазу оттай басылып, анық көрінді. Бұл түнгі 12-ден 27 минут өткенде болған оқиға еді. Бұлт тез тарап кетті, ал әсері жүректе ұзақ сақталды.
Имамдар сабақтастығы және жамағаттың өсуі
2003 жылы Ибраһим қажы Қарнақбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің бұйрығымен Қарағанды облысының өкіл имамы болып тағайындалды. Оның орнына Қондыбай қажы Ақпаров келді.
Қондыбай қажының ең алғаш азан шақырып айтқан уағыздарына жамағат шын жүректен ұйыды. Сонда Мұстафа ұстаз: «Сіздерге тағы бір тақуа, тәртіпті, жауапкершілігі мол имам келді. Мешіт жұмысы жанданып, жамағат көбейеді», — деген еді.
«Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, айтқаны дәл келді. Бұған бүгінгі мешіттің тынысы мен жамағат санының артуы куә.
Ұстаз аманаты және білімнің жалғасуы
Мұстафа ұстаз Түркияға кетерінің алдында сабағына үзбей қатысқан 37 шәкіртінен емтихан алды. Төрт жылдық еңбегінің нәтижесін көргендей: «Сендер бұдан былай да сабақтарыңды жалғастырыңдар. Көбің Құран хатымды ешкімнен кем оқымайсыңдар. Молда болмаған жағдайда өздерің оқыңдар», — деп ризашылықпен Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Юлдыздың қолы қойылған куәліктерді табыс етті.
Кейін де алған білімімізді үнемі толықтырып отырдық.
Ербол ұстаз және әжелердің жаңа белесі
Биыл Аллаһтың қалауымен, Қондыбай қажы Серікбайұлының өтінішімен және Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің рұқсатымен мешіт жанындағы діни дәріс беру курсына дінтанушы жас маман Ербол Нұраллаұлы Жүсіпов ұстаз болып келді. Араб, түрік, ағылшын, қазақ тілдерін жетік меңгерген Ербол ұстаздың сабағына келушілер қатары тіпті көбейді.
Ол күніне үш маусым бойынша әр топтағы 30–40 адамға дәріс береді. Әжелер бұрынғы оқығанын аңсап, сусап жүргендей әр сабағынан нәр алып, Құранды қырағаттап оқу деңгейіне жақындап қалды.
Өткен Мәуліт мерекесінде Құран жарысына 8 әже қатысып, Мәзипа Көжебаева бірінші орынды, Рахима Сүлейменова екінші орынды, Рәзия (аты-жөні толық көрсетілмеген) үшінші орынды иеленді. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табыс етілді.
Мұның бәрін біз әр сабақта әдістемелік құралдарды қолданып, үйретуден жалықпайтын, мінезі салмақты әрі төзімді, ісіне жауапкершілікпен қарайтын Ербол ұстазымыздың еңбегінің жемісі деп білеміз.
Әжелер алғысы
Әжелер тобындағы ең үлкеніміз Мәзипа Көжебаева — 82 жаста, ал қалғанымыз 60 пен 70-тен жоғары жастағы жандармыз.
Біздер — Рәзия (аты-жөні толық көрсетілмеген), Шәрипа (аты-жөні толық көрсетілмеген), Ж. (аты-жөні толық көрсетілмеген), Рахима Сүлейменова, Бибісара (аты-жөні толық көрсетілмеген), Нағима (аты-жөні толық көрсетілмеген), Ғайния (аты-жөні толық көрсетілмеген), Нұрлығайын (аты-жөні толық көрсетілмеген), Әмина (аты-жөні толық көрсетілмеген), Нұрбану (аты-жөні толық көрсетілмеген), Зәуре (аты-жөні толық көрсетілмеген) — Өскемен орталық мешітінің бас имамы Қондыбай қажы Ақпаровқа және ұстазымыз Ербол Жүсіповке аналық-әжелік шын жүрегімізден ризашылығымызды білдіреміз.