Жазып жатыр түге

Түс кезі еді. Бойшаң келген, сом денелі, тақыр басты, бадырақ көз алпауыт — Волдырев — пальтосын шешіп, маңдайының терін жібек орамалымен сүртті де, мекемеге именіп, батылсыздау кірді.

Іште отырғандардың бәрі сырғытып қағаз жазып жатыр екен.

— Бір жұмыстың жайын кімнен білсем болады? — деді ол подностағы стақандарды көтеріп, төр жақтан келе жатқан швейцарға.

— Осында бір істің жайын біліп, журналдан қаулының көшірмесін алуым керек еді.

— Былай қарай. Анау, терезенің алдында отырған адамға барыңыз! — деді швейцар қолындағы подносымен терезе жақты нұсқап.

Терезе жанындағы «жұмыс»

Волдырев тамағын бір кенеп алып, терезеге қарай беттеді. Ол жерде бояуы шешек ауруының белгісіндей теңбілденген жасыл үстелдің жанында, басында төрт тұлым шашы бар, солпиған ұзын мұрнын безеу басқан, үстінде көнетоз мундирі бар жас жігіт отыр екен.

Ол сорайған тұмсығын қағазға тақап, үңіліп жазып отыр. Оң жақ танауын маңайлап бір қара шыбын айналшықтап кетпей жүр; оны қуа алмай, әлсін-әлі астыңғы ерінін бір жағына қисайта шығарып, танауына үріп қояды. Осы қылығы оған аса бір шұғыл жұмыспен отырған кейіп беретін.

— Осында… сізден бір жұмыстың анығын білсем бола ма? — деді Волдырев қасына барып. — Мен Волдыревпін… Сонымен қатар, журналдан екінші наурыздағы қаулының көшірмесін алуым керек еді.

Чиновник қаламын сияға батырып алып, сиясы тым көп болып қалмады ма дегендей, қаламының ұшына бір қарап қойды. Сия тамбайтынына көзі жеткен соң қайтадан сырғытып жаза жөнелді. Ернін тағы да шығара түсіп еді, бірақ енді үрлеудің керегі болмады: шыбын оның құлағына барып қонған-ды.

— Осында бір істің анығын білсем бола ма? — деді Волдырев бір минуттан кейін тағы. — Мен Волдырев болам, жер иесі…

Естімеген болып сөйлеу

— Иван Алексеевич! — деді чиновник, бейне алдында Волдырев тұрмағандай, жан-жаққа дауыстай сөйлеп. — Ялыков көпес келсе, айта салыңыз: арызының көшірмесін полицияға куәландырсын! Мың мәртебе айтқанмын өзіне!

— Мен княгиня Гугулинаның мұрагерлерімен дауым туралы келіп едім, — деді Волдырев міңгірлеп. — Өзіңізге белгілі жұмыс қой. Менің сөзіме құлақ салуыңызды қатты өтінер едім.

Чиновник енді ерніне қонған шыбынды ұстап алып, бар зейінін соған аударып, олай-бұлай бұрып қарап шықты да, лақтырып тастады.

Волдырев жөтеліп, тор көз орамалын алып, әдейі қатты сіңбірді. Бірақ оның да әсері тимеді. Айтқан сөзіне ешкім құлақ аспады.

Бір сомдықтың салмағы

Тағы да екі минуттай уақыт өтті. Волдырев қалтасынан бір сомдық сарықұлақ шығарып, чиновниктің алдында ашулы жатқан кітабының үстіне қоя салды.

Чиновник маңдайын бір тыржитты да, ойлы пішінмен кітапты өзіне тартып, жауып қойды.

— Болмашы ғана анықтама… Мен тек княгиня Гугулина мұрагерлерінің қандай дәлелдері барын ғана… Сізді мазалауыма бола ма?

Өз ойымен отырған чиновник орнынан тұрып, бірдеңе іздеген болып шкафқа барды. Бір минуттан кейін үстеліне қайта оралып, кітабын қайта қолына алды: үстінде бір сомдық қағаз жатыр еді.

— Сізді бір минутқа ғана мазалайын… Бір істің жайын анықтауым керек еді, бар болғаны сол.

Чиновник бәрібір құлақ қойған жоқ; бір қағазды көшіруге кірісті.

Волдырев бетін тыржитып, қағаз жазып жатқандарды түңіле бір шолып өтті: «Жазып жатыр түге… Жазып жатыр бәрі де, сайтан алғырлар!»

Ол үстелден кейін шегініп, дәрменсіз кейіппен бөлменің орта шеніне барып тұрды.

«Үш сом беріңіз…»

Тағы да стақандарын көтеріп жанынан өтіп бара жатқан швейцар, мұның не істерін білмей тұрғанын түрінен аңғарып:

— Қалай? Білдіңіз бе?

— Сұрадым, бірақ сөйлескісі келмейді.

— Үш сом беріңіз… — деп сыбырлады швейцар.

— Екі сом бердім.

— Тағы беріңіз.

Волдырев үстелдің жанына қайта барды да, ашық жатқан кітаптың үстіне көкала қағазды қойды.

Қарапайым сөздің кенет құны

Чиновник кітапты тағы да өзіне тартып алып, ақтара түсті де, кенет күліп тұрған адамды енді ғана көргендей, Волдыревке бұрылды. Мұрны жылтырай қызарып, ыржиған кезінде жиырыла қалды.

— Ах… сіздің қандай шаруаңыз бар еді?

— Осындағы бір істің жайын анықтайын деп едім… Мен Волдырев болам.

— Өте жақсы! Гугулинаның ісі бойынша ғой? Өте жақсы! Сонымен сізге, былайша айтқанда, не қажет еді?

Волдырев өтінішін айтып берді. Чиновникке бейне құйын көтергендей жан бітіп, керекті анықтамасын берді; қаулыны дереу біреуге көшірте бастады; өтінішпен келген кісіге орындық әперді — осының бәрін көзді ашып-жұмғанша тындырды.

Тіпті күн райын сөз қылып, егін жайын да сұрастырды.

«Ой, жарандар-ай…»

Волдырев кетуге ыңғайланғанда, чиновник оны сыйлаған болып жылы жүзбен жымиып, сатыдан төмен шығарып салды да, өтінішпен келген кісілердің әрдайым аяғын құшуға дайын екенін аңғартқандай ишара білдірді.

Мұнысына Волдыревтің өзі қысылып қалды. Іштей көтерілген бір сезіммен қалтасынан тағы бір сом алып, чиновникке ұсынды.

Чиновник басын ие күліп, бір сомдықты іліп алып қалтасына сүңгітіп жібергенде, тіпті көз ілеспей қалды.

Алпауыт көшеге шыққан соң тоқтап, орамалымен маңдай терін сүртті де, ішінен: «Ой, жарандар-ай…» — деп қойды.