Министрлер мен министрлер
Парижге арналган сөз
Бұл сөзді мен Парижге барып айтпақ едім.
Біздің Жазушылар одағының сол кездегі басшысы Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин: «Шераға, жолға дайындалыңыз, Парижге барасыз», — деді.
Мен: «Е, онда не болады екен?» — дедім.
Ол: «Шыңғыс Айтматовтың жетпіс жылдығына байланысты БҰҰ аясында, ЮНЕСКО үлкен салтанатты симпозиум өткізеді. Соған барамыз. Қазақстаннан үш адам: мен, сіз және Қадыр Мырза Әли. Сонда бес-жеті минуттық сөз сөйлейсіз. Бірақ орысша дайындаңыз», — деді.
«Неге?» — дедім. «Өйткені Парижде қазақшадан французшаға аударатын тәржімашы жоқ. Уақыт тым аз. Наурыздан кейін, жиырма төртінде ұшамыз. Құжаттарыңызды тез өткізіңіз, екі сурет әкеліңіз», — деп нығыздады.
Ең қиын жері
Айтты болды — орындау керек. Құжат тапсыру қиын емес, ал сөз ше? Бұл өзіміздің Жазушылар одағының мінберінен айта салатын әңгіме емес қой.
Көз алдыма елестеттім: Париж. Салтанатты сарай. Дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған марқасқа жазушылар. Қарасы бар, ағы бар, сарысы бар — бәрі сайрап тұр. Ал мен не айтамын? Оның үстіне орысша.
Айтматов туралы айтар ой көп, көкірегімде сайрап тұр. Талас Алатауының шыңдарынан құлап аққан Күркіреусу өзенінің шығыс беті — Қырғызстан, батыс беті — Қазақстан. Арғы бетінде — Шыңғыстың ауылы, бергі бетінде — менің ауылым. Айтатын сыр мол.
Бірақ соның бәрін орысша жеткізу, дәні ірі, дәмі нәрлі сөз табу оңай емес. Бес-он минуттық баяндаманы бес толғап, түн жарымына дейін отырып әрең жаздым. Орысшадан сорлы да емеспін, бірақ өмір бойы қазақша жазған адамға орысша сөйлем құрау біртүрлі тосырқатады.
Париж болмай қалды
Ертең жолға шығамыз деп отырғанда Жазушылар одағынан телефон соқты: «Парижге бармайтын болдыңдар», — деді.
«Неге?» — дедім.
«Сыртқы істер министрлігінде ақша жоқ, жол қаражатын таппады», — деді.
Балкондағы «Париж»
Орысша жазылған екі парақ қағазды қолыма алып, балконға шықтым. Күн арайлап шығып келе жатқан кез. «Париж осы тұста-ау» деп, батыс жаққа қарадым. Тамағымды жөткірініп тазалап алып, барынша бақырып, әлгі сөзімді құлшына оқып шықтым.
Біздің Парламентте түпнұсқаны орысша даярлап, қазақшаға соңынан олпы-солпы аударып жататыны бар. Мен де сол сияқты, әлгі сөзімді қазақшаға аударғанда, шамамен былай болып шықты.
Сөздің өзегі (қазақша нұсқа)
Ол, яғни Шыңғыс, қытайша Тянь-Шань деп аталатын Тәңіртаудың Манас дейтін шыңының дәл етегінде, осыдан жетпіс жыл бұрын дүниеге келді. Египеттегі перғауындар пирамидалары Манас шыңына ұқсайды. Бірақ Манас шыңы пирамидалардан мың есе биік. Құдайдың өзі солай жаратқан.
Бұрын өткен бабалардың айтуынша, Манастың ұлы рухы араға көп жылдар салып, оқта-текте өзі аттас шыңның басына келіп қонады екен. Сондай бір кезекте шың етегінде дүниеге жаңа келген нәрестеге көзі түсіп, ақ батасын берген екен:
«Ей, бейкүнә ұрпағым! Әлемдегі тіршілік иесі тек Жер ғана екен деп қалма. Алла құдіретімен жаралған бұл Жерден өзге де тіршілік иелері мекендейтін жұлдыздар көп. Мен солардың бірінен келіп тұрмын. Әлемде мәңгі-бақи арпалысып жатқан екі күш бар: ізгілер мен зұлымдар. Ізгі бол. Зұлымдықпен айқаса бер. Әумин!»
Сол ақ бата дарыған Шыңғыс Айтматов кейін орасан дарынның, бай ақыл-ойдың адамы болды. «Манас» деген сөз Гималай–Бұланай тауын мекендейтін махатма-әулиелердің тілінде «әлемдік, космостық ақыл-ой» деген мағынаны білдіреді екен.
Сондықтан Айтматовта Манастан қалған, Манастың ақ батасынан жұққан зор қасиет бар. Бұл артық айтылған қолпаш емес. Жалпаңдап, жағымпазданатын жастан өтіп кеткем. Жас кезімнен бастап Шыңғыстың шығармаларының көбін қазақшаға аудардым, бірақ одан бір ауыз жылы сөз естіген емеспін. Енді дәметкенім не болсын? Мұны Шыңғыстың өз шығармалары дәлелдейді.
Айтматов — көріпкел жазушы
«Қош, Гүлсары»: болашақтың нышаны
Айтматов аса дарынды жазушы ғана емес, көріпкел жазушы. «Қош, Гүлсары» романын алыңыз. Бас тұлға Танабайдың бір ғана қимылын еске түсірейік.
Қыс созылып, жем-шөп таусылып, мал төлдеп жатқан кез. Қора аңғал-саңғал, белуардан саз. Сол тозақтың ішінде күні-түні күйіп-пісіп жүрген Танабайды ауданнан келген қара қайыс пальтолы прокурор мен уәкіл алқымнан алады: «Қошақандар неге өледі? Неге малың жүдеу?»
Қорлыққа шыдай алмаған Танабай шөп шаншитын айырды ала салып, әлгі дәулерге тұра ұмтылады. Дәулер зәресі қалмай, аттарына мініп безеді.
Ол — компартияның дәуірлеп тұрған шағы. Оның өкілдеріне айыр сілтемек түгілі, бетіне тіке қараудың өзі ажалмен тең еді. Демек, бұл — алдағы үлкен төңкерістің нышаны. Жазушы соны күні бұрын көре білді.
Арада жиырма шақты жыл өткенде КСРО атты империя құлап, «сатанакратия» күйреді. Демократия жеңгендей болды. Бірақ сатанакратия мен демократияның айқасы әлі де жалғасып келеді: империя кірпіштерінің астында қалған «сайтандардың» жаны сірі, қоғамды әлі де билегісі бар.
Осы романда Айтматов «аспан ақиқатын» да айтқандай: Жер бетіндегі адамзаттың жаны мен ақыл-ойына үстемдік жүргізу үшін диюлар мен періштелердің күресі үздіксіз жүреді. Жетпіс жылдан астам КСРО үстемдік құрған дәурен — ақ періштелерді қара диюлар жеңіп тұрған кезең. Айтматов сол диюлардың жеңілетінін алдын ала сезген.
«Боранды бекет»: Байқоңыр және Аралдың аңызы емес, ақиқаты
Енді «Боранды бекетті» алыңыз: космодром, Байқоңыр, қайтыс болған Қазанғап қарт. Едіге оны бабалар бейітіне апарып жерлейін десе, өте алмайды. Амалы таусылып, аңырып тұрған шақта аспанға шаншылып ракета ұшады. Аспан аясы от-жалынға оранады.
Сол от-жалын оттегіні күйдіріп, ауа тұншығып бара жатқандай әсер береді: адамзат та, жан-жануар да, өсімдік те. Өртеген аспан оттегін, ылғалды іздеп, айналадағы ылғалды қомағайлана сорып алатындай суреттеледі. Аспанның өзі де ажалдан үрейленгендей — өзі де өмір сүргісі келеді.
Байқоңыр салынғанға дейін Арал теңізі шалқып жататын еді. Космодром жұмысқа кіріскен соң-ақ Арал тартыла бастады. Ғалымдар айтпағанды Айтматов айтты.
«Жан пида»: ақбөкеннің үні
«Жан пидада» да сондай үрейлі алдын ала көру бар. Бетпақдала мен Мойынқұмда, Торғай даласында, Ұлытау өңірінде ақбөкен мың-мыңдап жосып жүретін. Оның тұқымы үзілуі мүмкін екенін Айтматов осыдан жиырма жыл бұрын-ақ айтты.
Әуеден тікұшақпен қуып жүріп қырғаннан кейін, етін рәсуа қылып, мүйізін Қытайға өткізгеннен кейін не қалады?! «Қош, Гүлсарыдан» кейін «Қош, ақбөкен!» деуге жеттік. Бұл — біздің әлем алдындағы масқарамыз.
Тікұшақпен аңшылық жасау кімнің қолынан келетінін таяуда ғана айдай әлем көрді. Олар тайраңдайды, тасыраңдайды. Бірақ ғылым тілінде «карма» деген бар. Қазақша айтқанда — қарғысқа жақын ұғым. Әсіресе бейкүнә ақбөкеннің, аң атаулының наласы оңай жібермейді.
«Жеті минутқа» сыймаған сөз
Регламент бойынша жеті минуттан асып кеттім, білемін. Бірақ Айтматов жеті минутқа сыймады. Қазақ баспасөзі баяғыда-ақ «адамзаттың Айтматовы» деген. Мұны кейбіреулер, әсіресе арамыздағы кейбір жазушылар, көп көреді: «Сонша аспандататындай, несі бар?» — дейді.
Тәңіртаудың бір қуысындағы Шекер ауылында туған адамның тойы Жер шарының арғы шетінде өтіп жатса, оған әлемнің түкпір-түкпірінен әдебиеттің арқалары жиналып жатса — ол адамзаттың Айтматовы болмағанда, кім болады?
Сол мәртебелі жиынға қатыса алмай, қанаты қырқылғандар — Қазақстан жазушыларының өкілдері ғана. Үкімет: «Қаржы жоқ» — депті. Жарайды.
Соңғы мысқыл
- Президенттер мен президенттер;
- Премьер-министрлер мен премьер-министрлер;
- Министрлер мен министрлер;
- тағы басқа дөкейлер —
егер солар Алматы мен Париждің, не Астана мен Лондонның арасында шапқыламай-ақ, мен секілді өз үйлерінің балконына шығып алып, ышқына айқайлап сөйлесе — шіркін, қанша қаржы үнемделер еді?
Сол үнемнен зейнетақы да, жалақы да, көп балалыларға төленетін ақы да, тағы басқа қанша қажет өтелер еді.