Жазуыңды жетілдіріп, шындай бер

1984 жылдың желтоқсанында телестудия тілшісі Бақтыбай Айнабеков телефон соқты. «Аға, Тұрар Рысқұлов туралы жарты сағаттық хабар ұйымдастырсақ деп едік. Бұл телебасшылардың ұйғарымы. Соған өзіңіз және Тұрекеңді білетін кісілер қатысса… Тұрекеңді білетін кісілерді сіз білесіз ғой», — деді ол.

Өзім қатысар едім, білгенімді айтар едім. Бірақ Рысқұловты көзімен көрген, қиын-қыстау заманда оны қызғыштай қорғаған адамды қайдан табамын?

Естеліктің салмағы және бір азаматтың тағдыры

Рысқұловты көрген-білген, оны қорғаштап өткен бір арда азамат бар еді — қарт журналист Рахмалы Байжасаров. Ол 1937 жылы «халық жауы» атанып ұсталып, 1955 жылы ғана босап шыққан.

1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне Тұрар Рысқұлов туралы көлемді мақала жазды. Ол кезде Рысқұловтың атын сыбырлап айтуға да батпайтын. Ал Рахмалы сол қорқынышты есімді ақтап, қорғап жазды. Бас редактор Қасым Шәріпов қол қойып, материал жарық көрді.

Сол сәтте жұрт бір-бірінен сүйінші сұрап, қуанды — Тұрар Рысқұлов қайта тірілгендей болды. Бірақ қуаныш ұзаққа бармады.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Нұрымбек Жанділдин қаһарына мініп, тапсырмасымен қайтадан редакциялық мақала жаздырды. Онда Тұрар Рысқұлов «буржуазиялық ұлтшыл», «ұлтшыл уклонист», «пантюркист» деп айыпталып, аты қайтадан қапасқа құлады.

Бас редактор Қасым Шәріпов қызметінен босатылды. Оның орынбасары Әлім Тұяқбаев та «рысқұловшина» атанып, орнынан түсірілді. «Бұл қалай?» — деп ешкім үн шығара алмады.

Тек Рахмалы Байжасаров қана аяусыз күреске бел буды: КОКП Орталық Комитетінен комиссия шығаруды талап етіп, хат жазды; Жанділдиннің өзіне кіріп, сөз таластырды. Ақыры хатшы: «Сендерді 1937 жылы ұстауы дұрыс болған, ал 1955 жылы босатуы дұрыс болмаған», — деп бетке айтты.

Мұндай қорлыққа шыдамаған Байжасаров астындағы орындығын жұлып алып, Жанділдинге ұмтылды. Абырой болғанда, көмекшісі дер кезінде кіріп, хатшы аман қалды. Бірақ содан инфаркт алған Рахмалы Байжасаров көп ұзамай ауруханада көз жұмды.

Кенет есіме түскен адам: Ғабиден Мұстафин

«Енді Тұрар Рысқұловты көзімен көрген, теледидардан сөз айта алатын кім қалды?» — деп ойлаған сәтте, кенет Ғабиден Мұстафин, кәдімгі Ғабекем, есіме сап ете түсті.

Жұлдыз редакциясындағы бір кездесу

Шамасы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы кезім болса керек, бір күні кабинетке Ғабекем кіріп келді: баяғы жағасыз сұр пиджагі, басында түрікше феска, қолында келте таяқ, көзінде қара көзілдірік.

«Партвзнос төлеуге келіп едім, саған жай жолығайын деп кірдім», — деді. Қос Ғабең — Ғабит Мүсірепов те, Ғабиден Мұстафин де — журналдың редакциялық алқасының мүшелері еді.

«Келесі мәжіліс қашан?» — деді Ғабекем. Мерзімін айттым. «Бір отырысты тіл мәселесіне арнау керек сияқты», — деді. Мен: «Өте орынды», — дедім.

«Ана еріншек ағаңмен ақылдас, мүмкін сол баяндама жасар», — деді Ғабекем. «Еріншек ағаң» деп отырғаны — Ғабит Мүсірепов.

Сол жолы Ғабекем журналдың тілі, жастардың тілі жайлы көп ой айтты да, ең соңында: «Тіл құрып барады. Тіл кетсе — халық та кетеді. Қазақ нәсілімен қоштаса бер», — деді. Пайғамбар сөзі секілді салмақты еді.

«Сарыбала» атанған күн

Әңгіме бір мезет денсаулық жайына ауысты. Ғабекем бір кездері бала күнінде Нұра бойында тай теуіп, бүйрегі жарақаттанғанын, кейін Новосібірде ота жасатып, бір бүйрегін алдырып тастағанын айтты.

«Екіншісі тайдан да емес, құдайдан да емес — адамнан болды», — деді. «Көз көрген» романына нақақ жала жабылып, газетке көлдей мақала жарияланғанын, астыртын арыздар көбейгенін, әділет іздеп жүріп алғаш инфаркт алғанын да жасырмады.

Тұрар Рысқұлов қойған ат

Мен еріксіз: «Сол “Көз көргендегі” Сарыбала — өзіңіз емес пе?» — дедім.

Ғабекең рақаттана күліп: «Дұрыс айтасың. Ал мені алғаш рет Сарыбала деп атаған кім екенін білесің бе?.. Маған Сарыбала деп ат қойған — сенің геройың! Иә, иә, Тұрар Рысқұловтың өзі!» — деді.

Сол сәт менің ішім ерекше қуанышқа толды: Тұрар туралы жылдар бойы дерек теріп жүрген адамға мұның өзі олжа еді. Ал Ғабекем болса, ойша алыстағы 1926 жылға сапар шегіп, Тұрар Рысқұлов туралы бір оқиғаны бастап кетті.

Коминтерн тапсырмасымен бір жыл Моңғолияда қызмет етіп қайтқан Тұрар Рысқұлов Қазақстан Совнаркомының төрағасы деген мандатпен Қызылордаға келсе, Голощекин алдынан шығып, азарда-безер болып, төрағалыққа өткізбеген көрінеді. Тұрекең уақытша Крайкомда істеп жүрген кез. Ғабиден Мұстафин дәл сол тұста Рысқұловпен жолығыпты.

Телехабарға шақыру

Айнабековтің қоңырауынан кейін сол әңгіменің бәрі қайта жаңғырды. Дереу телефон алып, Ғабекеммен байланыстым. Үйі қаланың шетінде, Қарғалы жақта еді.

«Ғабекем, баяғы әңгімеңізді теледидардан айтып берсеңіз жақсы болар еді», — дедім. Ол денсаулығының сыр бергенін айтты: «Өзің білесің ғой, мен қазір ештеңе жазбаймын, жұрт алдына да шыға бермеймін… Бірақ Тұрардың аруағы үшін барсам барайын», — деді.

Кездесуді Горный Гиганттағы жазушылардың шығармашылық үйінде белгілестік. «Тағы кім болады?» — деді Ғабекем. «Академик Серікбай Бейсембаев. Сіз, үшеуіміз», — дедім. «Онда мақұл», — деді.

Камера алдында: Қызылордадағы кішкентай бөлме

Уағдаласқан күні, дәл сол сағатта шығармашылық үйіне жиналдық. Теледидаршылар аппаратураларын орнатып, прожекторларын жарқ-жұрқ еткізді. Камера ең алдымен Ғабекемге бұрылды. Ол сөзін былай бастады:

«Өмірде көрген-білген көп, бірақ соның бәрі есіңде қала бермейді. Қалатыны ғана қалады. Соның бірі — Тұрарды көруім. Сонау Қызылорда қаласы, Крайком. Сондағы бір кішкентай бөлме. Төрде — Тұрар Рысқұлов. Дәл қазір көріп отырғандаймын…»

Ғабекем ол күндерді көз алдына әкелді: Қызылорда — астана. Жаңа түскен келіншегін жетектеп, жалғыз шамадан көтеріп, Арқадан күн-түн жүріп, әзер жеткен шағы. Оқу іздеп келсе, қабылдау уақыты өтіп кетіпті. Үй жоқ, жұмыс жоқ — далада қалғандай.

Сонда біреу: «Мұнда Тұрар Рысқұлов деген әділ кісі бар, жәрдем болса — содан» деп кеңес берген. Ғабекем Крайкомға кіріп барған.

Ашулы дауыс, қызыл көз, белдегі наган

«Барсам, төрде — Рысқұлов екенін бірден шамаладым. Қасында бір кісі ары-бері теңселіп жүр. Екі көзі қып-қызыл. Белінде наганы бар», — деді Ғабекем.

Әлгі кісі ашуға булығып: «Сонда коммунизмге анау алаштар да бара ма?» — депті. Рысқұлов сабырмен: «Егер адал қызмет етсе барады, неге бармайды?» — деген. «Онда олар барған коммунизмге мен бармаймын», — деп наган қабын қаққылап шығып кетіпті.

Кейін Ғабекем оның атақты революционер Угар Жәнібеков екенін білгенін айтты.

Рысқұлов сонда Ғабиденге бұрылып: «Иә, бала, шаруаңды айт», — дейді. Ғабекем бар шындығын жайып салады: оқуға түсе алмағанын, жұмысқа ешкім алмайтынын айтады.

«Тұрар асықпай тыңдап болып, жазғандарымды оқып көрді де: “Сарыбала, сенен бірдеңе шығады. Жазуыңды жетілдіріп, шыңдай бер. Оқуыңды өз бетіңше оқи бер. Горькийді білесің бе? Оның ешқандай оқуы жоқ. Оның оқуы — өмірдің өзі. Сол сияқты өмірдің қыр-сырын үйреніп, жаза бер. Мен Бейімбетке айтайын, жазғандарыңның жарық көруіне жәрдем етер”, — деді», — деп еске алды Ғабекем.

«Көңілім ортайып, жағдайсыз жүргенімде Тұрар үмітімді жандырып, жазуға құлшындырып, қолтығымнан сүйеп жіберді. Жақынымнан көрмеген жақсылықты тұңғыш рет Тұрардан көрдім. Мұны қалай ұмытасың?» — деді ол. Сарыбала атауы кейін кітап кейіпкеріне айналған.

Ғабекем шамамен жиырма минуттай сөйледі. Теледидар уақыты минутына дейін шектеулі болса да, оны ешкім асықтырмады. Қайта көбірек айтса екен деп отырдық.

Ол сөзін түйіндеп: «Тұрар — аса ірі тұлға, халықтың аяулы азаматы. Ол қандай құрметке болса да лайық. Оны келер ұрпақ білуге, үлгі тұтуға тиіс», — деді.

Кадрда қалған қазына

Сол Ғабекем қайтқалы да біраз жыл өтті. Ал теледидар Тұрар Рысқұлов туралы әлгі қысқа фильмді сирек болса да ара-тұра көрсетіп қояды. Жарқ етіп Ғабиден Мұстафин шыға келеді: сөйлеп отыр, қимылдап отыр, кейде жымиып та қояды. Құдіретті қоңыр дауысы күмбірлейді. «Мұстафин өлген жоқ, тірі екен» деп қаласың.

Сол жолы Ғабекемді теледидарға шақырып, оның келісіп келгеніне қуанамын. Егер мұндай әңгіме айтылмаса, егер камера оны түсіріп үлгермесе, қаншама қазына ашылмай, көмулі қалар еді.

Үлкен сабақ

Ұлттық рухани қазына — осындай естеліктерден құралады. Өмір таусылмайтындай, ешкім өлмейтіндей көріп, дер кезінде жазып алмаудың кесірінен талай дүниеден айырылып қалдық. Ал Ғабиден туралы сондай өкініште қалмағанымызға мың да бір шүкір.

Тұрардың көзін көрген, шарапатын сезген ардақты ағаның айтқандары ұрпақтан-ұрпаққа қала береді.