Сабыр Омарұлы Рахимов 1902, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкбел ауылы

Өмірбаяны

Сабыр Омарұлы Рахимов (1902, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкбел ауылы — 26.03.1945, Польша, Данциг; қазіргі Гданьск) — әскери қайраткер, генерал-майор (1943), Кеңес Одағының Батыры (1965). Сүйегі Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген.

Туған жері

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкбел ауылы

Қайтыс болған жері

Польша, Данциг (қазіргі Гданьск), 26.03.1945

Балалық шағы және әскери қызметтің басталуы

Әкесі ерте қайтыс болғаннан кейін, жас қалған Рахимовты анасы (өзбек қызы) Өзбекстанға алып кеткен. 1922 жылы әскер қатарына шақырылды. Бакудегі әскери училищені 1925 жылы тәмамдап, Самарқанд қаласындағы атты әскерлер дивизиясында взвод және эскадрон командирі қызметтерін атқарды.

Ерлігі және марапаттары

1925–1927 жылдары Орта Азияда, Қарақұм өңірінде Кеңес өкіметіне қарсы шыққандарға қарсы күрестегі ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды (1927).

1941 жылға дейін әртүрлі әскери мекемелерде қызмет етті. Соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылғы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін екінші рет Қызыл Ту орденін алып, полковник шеніне көтерілді.

Соғыс жылдарындағы жолы

  • Дивизиясы Дондағы Ростовта және Кавказда ұрыс қимылдарын жүргізді.

  • 1943 жылы Мәскеудегі Бас штаб академиясына оқуға жіберілді.

  • Академияны бітірген соң Белоруссия мен Польшаны азат ету операцияларына қатысты.

Дивизияның жауынгерлік жетістіктері

Соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына екі Қызыл Ту, сондай-ақ Суворов және Кутузов ордендері тағылды.

Жеке марапаттары

Сабыр Рахимов Ленин орденімен, төрт рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Суворов ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Естелік және құрмет

Рахимов туралы «Генерал Рахимов» атты көркем фильм түсірілген.

Өзбекстанда ауылдар мен мектептерге, Ташкенттің бір ауданына, көшесіне және метро бекетіне оның есімі берілген. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкбел ауылындағы орта мектеп те Рахимов есімімен аталады.

Ташкент қаласында генерал Рахимовқа ескерткіш орнатылған. Сонымен қатар Польша Республикасындағы бір траулерге оның есімі берілген.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында Тәуке хан көшесінің бойындағы Жеңіс саябағында да ескерткіші бар.