Қазақтың атақты биі
Ұлы жүзім — құнарым!
Орта жүзім — жыр-әнім!
Кіші жүзім — қыраным!
Айбынды Алаш — ұраным!
Қазақ билері: әділ сөздің төрелігі
Қазақ билері — ерте заманда қазіргі соттың да, тергеушінің де қызметін атқарған тұлғалар. Олар бір ғана ұтымды сөзімен шиеленіскен дауды шешіп, елдің береке-бірлігін сақтауға ықпал еткен. Би болу үшін әділдік, көрегендік, шешендік пен халық алдындағы абырой басты өлшем саналды.
Үш би
Қазақтың атақты билері елді үш жүздің бірлігін сақтауға шақырды:
- Төле би
- 1663–1759
- Қазыбек би
- 1667–1764
- Әйтеке би
- 1644–1700
Негізгі бөлім
Төле би Әлібекұлы
Төле би Әлібекұлы (1657–1756) қазіргі Жамбыл облысындағы Шу өзенінің жағасында, Жайсаң жайлауында дүниеге келген. 1756 жылы қазіргі Түркістан өңіріне қарасты Леңгір маңындағы Ақбұрхан ордасында қайтыс болған деген дерек бар. Ол — қоғам қайраткері, атағы алысқа жайылған шешен, Ұлы жүздің бас биі әрі «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі.
Төле би жастайынан шешендік-поэтикалық дәстүрді бойына сіңіріп өскен, зерделі әрі сауатты адам болған. 15–20 жасынан-ақ билердің бас қосқан жиындарына қатысып, әділдігі мен тапқыр сөзі арқылы таныла бастайды. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығының әлсіреу кезеңінде Төле би елді басқаруда ерекше қайрат танытты.
Тарихи рөлі
- Қазақтарды біріктіру, жоңғар бұғауынан құтқару ісінде маңызды рөл атқарды.
- Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек батырлармен бірге азаттық күресін ұйымдастыруға атсалысты.
- Ресеймен байланыс орнатуға күш салып, 1749 жылы Орынборға елшілік жіберді.
Халық ауыз әдебиетінде Төле би туралы көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Оның атына телінген мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер кең тараған. Төле би Шымкентте, Түркістанда және Ташкентте билік жүргізіп, ел ішінде тәртіп пен татулыққа қызмет етті. Ол Ташкентте, атасы Жүніс ханның қасына жерленген деген мәлімет бар.
Қазыбек би Келдібекұлы
Қазыбек би Келдібекұлы (1659–1765) — қазақтың атақты биі, ел басқару ісіне ықпал еткен ірі тұлға. Тәуке хан қазақ жүздерінің басқаруын реттеу ниетімен Ұлы жүзге Төле биді, Кіші жүзге Әйтеке биді, Орта жүзге Қазыбек биді би етіп тағайындағаны айтылады. Аңыздар мен кейбір архивтік деректер Қазыбек бидің Тәуке хан заңдарына қатысты жинақтарды өңдеуге қатысқанын көрсетеді.
Қазыбек би Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет және Абылай хандар тұсында мемлекет ісіне белсене араласып, ішкі-сыртқы саясатқа ықпал еткен. Ол жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі болды. XVIII ғасырдың 40-жылдары Абылай хан жоңғарлар қолына түскенде, оны тұтқыннан босатуға атсалысқаны да ел жадында сақталған.
Ұстанымы
XVIII ғасырдың 60-жылдары Цинь империясы Қазыбек биді өз жағына тарту үшін елшілер арқылы бағалы сыйлықтар жолдаған. Алайда Қазыбек би Қытай ықпалына қарсы болып, Абылайды Циньмен шектен тыс жақындаспауға шақырған.
Ел ішінде ол «Қаз дауысты Қазыбек» атанып, әділ билігімен және өр рухты сөзімен танылды.
Әйтеке би Байбекұлы
Әйтеке би Байбекұлы (1644–1700) — Тәуке хан тұсында ең беделді билердің бірі. Ол «Жеті жарғы» заңдарын жетілдіруге елеулі үлес қосып, хан кеңесшісі ретінде ел тағдырына қатысты мәселелерде белсенді қызмет атқарған. Әйтеке би орталықтандырылған, біртұтас Қазақ хандығын нығайту идеясын қолдап, үш жүздің ынтымағын сақтауға ерекше мән берген.
Ол 25 жасынан бастап әуелі Ордабасыда, кейін Күлтөбе мен Ұлытауда жыл сайын өтетін үш жүз басшылары мен игі жақсыларының жиындарына тұрақты қатысқан. Бұл басқосуларда ұлт бірлігін күшейту, ру-тайпа арасындағы дауларды әділ шешу мәселелері талқыланатын. Қызу айтыс-тартыс ушыға түскенде, жұртты тоқтатар бәтуалы шешімді Әйтеке би айтқан деген деректер кездеседі.
Жерленген жері
Әйтеке би Ташкенттен шамамен 75 шақырым жердегі Қауыншы мен Шыназ елді мекендерінің маңында жерленгені айтылады.
Қорытынды: ұлыларды ұрпақ ұмытпайды
Отан — алтын бесік
Менің туған-өскен жерім — егеменді Қазақстан. Қазақстан — табиғаты көркем, қазынасы мол, байтақ ел. Биік асқар таулар мен мөп-мөлдір көлдер, сан алуан өсімдіктер, дәрілік шөптер, аң-құсқа бай кең дала — бәрі де туған жердің айрықша байлығы. Осындай шұрайлы өлкеде ата-бабамыз, батырларымыз, ақындарымыз, ғалымдарымыз өсіп-өнген.
«Отан — алтын бесігің, Отансыздық — нағыз жоқтық» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, ана тілін ардақтау — әрбір азаматтың бірінші міндеті. Қандай қиын кезең болса да, ата-бабаларымыз елді сыртқы жаудан қорғап, туған жер үшін жанын аямаған. Бұл қасиет ұрпақ бойына ана сүтімен дарып, ана тілімен бекіп, ұлттық тәрбиемен нығаюы тиіс. Өйткені Отан — біз үшін оттан да ыстық.
Үш бидің орны
Қазақ тарихында «қара қылды қақ жарған», ел ынтымағы үшін күрескен кемеңгер үш бидің орны ерекше. Халық жадында олардың аты әділдікпен, мәмілемен, бірлікке шақырған парасатымен сақталды. Ел тыныштығы, бақытты келешек пен тәуелсіздік жолында олар қауіп-қатерден тайсалмай, жауапкершілікті өз мойнына ала білді.
Халық сөзінен
Атақты қазақ үш биі,
Онан өткен Әйтеке,
Бірінші әзіз Төле еді.
Таудай сөзге тарыдай,
Бұзылмайтын сөз айтқан.
Қиюын тауып сөйлейді,
Шешеннен шешен демегі —
Қаз дауысты Қазыбек.
Бүгінгі бейбіт өміріміздің түп-төркіні осындай бабалардың еңбегі мен ерлігіне тіреледі. Сондықтан үш биіміздей ұлыларды, ел деп еңіреген батырларымызды ұрпақ ешқашан ұмытпауы керек. Үш биге қойылған мүсіндер — кейінгі буынның оларға деген құрметінің айқын белгісі.