Ұрпаққа аманат
Сценарий туралы
Тақырыбы
Ауған оқиғасы
Түрі
Кіріктірілген интеллектуалды тәрбие іс-шарасы (сыр-сұхбат, түсіндіру, сайыс)
Мақсаты
- Ауған оқиғасының тарихи-мағыналық ақиқатын ашу.
- Тәуелсіздік жолында күрескен ағаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету.
- Жастарды отансүйгіштікке, ерлікке тәрбиелеу.
- Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету.
Көрнекілігі
Проектор, экран, компьютер, слайдтар
Жоспары
- I Ерлік сабағының ашылуы
- II Қонақтарды таныстыру
- III Ауған ақиқаты: Ауғанстан соғысы тарихына қысқаша мәлімет
- IV Ардагермен сұхбат
- V «Жауынгер және жасұлан» сайысы
- VI Қорытынды
Барысы
Ерлік сабағының ашылуы
1-жүргізуші
Құрметті қонақтар, ұстаздар мен студенттер! Интернационалист жауынгер ағаларымыздың құрметіне арналған «Ауғанстан ақиқаты» ерлік сабағына қош келдіңіздер!
2-жүргізуші
Жауларға қарсы келген жасқанбаған,
Жасаған ерлігіне мастанбаған.
Ұрпаққа өмір жолың өнеге боп,
Тарихта ардагерлер асқан бағаң.
Батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз бүгін біздің ортамызда. Ендеше, кеш қонақтарымен танысайық.
Ауған ақиқаты: тарихқа қысқаша шолу
1-жүргізуші
Ауғанстан жеріндегі соғыс тарих беттерінде өзіндік із қалдырды. Бұл соғысты тарихтан сызып тастау мүмкін емес. Ендеше, қысқаша деректерге тоқталайық.
1-оқушы
Алдымыздағы ақпанның 14-інде КСРО әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына 24 жыл толады. Ауғанстанға әскер енгізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында Кеңес Одағы Коммунистік партиясы ОК Саяси бюросының отырысында қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілді.
Қызыл Армияның шектеулі контингенті он жыл бойы ауған халқымен бірге соғыс қимылдарын жүргізді. Бұл қатарда Қызыл Армия жауынгерлерімен бірге қауіпсіздік қызметінің және ішкі істер органдарының қызметкерлері де болды.
1986 жылдың ақпанында өткен КОКП XXVII съезінде М. Горбачев әскерді кезең-кезеңімен Ауғанстаннан шығару қажеттігін мәлімдеді. 1989 жылғы 14 ақпанда КСРО-ның соңғы әскери бөлімі Кабулдан шықты.
Ауған соғысының табиғаты да, тарихы да күрделі. Сол кезеңде 18–20 жас аралығындағы өрімдей жастар, оның ішінде 22 мыңға жуық қазақстандық өзге елде интернационалдық борышын өтеді.
Нақты дерек
- Ауған соғысына КСРО құрамынан 22 000 қазақстандық қатысты.
- 2 238 күнге созылған соғыста 924 қазақстандық қаза тапты.
- 1 015 жауынгер мүгедек болып оралды.
- 21 адам хабар-ошарсыз кетті.
Соғыс — қаралы ұғым. Ауған соғысында мерт болғандар мен ардагерлердің алдында біз әрқашан бас иеміз.
2-оқушы
КСРО әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына 24 жыл толуын атап өту қарсаңында, қазақстандық БАҚ тілшілеріне ой бөліскен Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл жастарды ел үшін еңбек етуге шақырды.
Оның айтуынша, адамды жақсылыққа жетелейтін үміт керек: жамандықтың бір кілті ашылса, адамның да, қоғамның да қалған өмірі күреспен өтуі мүмкін.
Ардагер Елбасының «Қазақстан–2050» стратегиясындағы бағыт жастарға үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. «Бүгінгі жастар — тәуелсіз елдің төл перзенттері. Санасы тәуелсіз, ойы озық, білімі биік. Бірақ жауапкершілікпен қатар, ауыртпашылықты да сезінуі керек», — деді ол.
Сондай-ақ, ол бүгінгі еңбек майданын кешегі ауған соғысымен салыстыра отырып, бейбіт өмірдегі табанды еңбектің де ерлікке пара-пар екенін айтты.
1-жүргізуші
Осыған байланысты қазіргі жастарға қойылатын талаптың жоғары екенін ескерсек, білім алуға, еңбекке, Отан қорғауға жауапкершілік деңгейі туралы ой бөліссеңіздер.
«Ұрпаққа аманат» (оқылым)
2-жүргізуші
Құрметті қонақтар, келесі кезекте келешегіміз бен жарқын болашағымыздың иесі — жалындаған жас ұрпаққа жауынгер ағалардың аманаты ретінде 3-курс студенті Шарапов Олжастың «Ұрпаққа аманат» арнауын ұсынамыз.
Ұрпаққа аманат
Баласы батыр туғаннан,
Денесін сумен жуғаннан.
Батыр да халық қазақпыз,
Кіндігін түйіп буғаннан.
Даламен бірге қайнасып,
Көкпенен бірге жайнасып,
Көршімен тату, жауына қату,
Қарасаң егер байқасып.
Тамыры терең кететін,
Жайнаған дархан мекенім.
Бар ма екен шіркін жалғанда,
Қазақ еліме жететін.
Осындай елді құраған,
Бабадан қалған мұрадан,
Жастарға сарқыт ерлігі,
Сел болар ақса жырадан.
Ел үшін өткен батырлар,
Шайырлар менен ақындар,
Күш пенен түйсік, ақылды,
Бағындыра алған дарындар.
Олардың ерлік тәлімі,
Халқына айқын мәлімді.
Ұғына алса керекті,
Қазіргі ұл-қыз хәліңді.
Атойлап шапқан батырлар,
Рухын қайрап ақындар,
Ұрпағым аман болсын деп,
Қыршынбасын деп жатырдан.
Ел үшін қиып құр жанды,
Ұстанған елміз бір заңды.
Биікке қойған қазақпыз,
Ар-ұятпенен ұжданды.
Жауына күшін көрсетіп,
Ізіне ерген ел сеніп,
Жастарға бүгін аманат —
Жасалған істер белсеніп.
Бабалар салған сара жол —
Өшпейтін мәңгі дара жол.
Ұрпаққа бүгін аманат —
Қорғай біл, халқым, пана бол.
Ардагермен сұхбат
1-жүргізуші
Ерлік — жан дүниенің ұлы қасиеті. Жауынгерлік жастықтың бір бөлегін оқ пен оттың ортасында өткізіп, елге аман-есен оралған ағаларымызбен жүздесіп, сұхбат құру — біз үшін үлкен мәртебе.
Сұрақтар
- Қазіргі бейбіт заман сарбаздарынан қандай батылдық пен ерлік қасиеттерін көріп жүрсіз?
- Өз тәжірибеңізге сүйенсек, бүгінгі жастар өз елінің патриоты ретінде қандай болуы керек?
- Ерлік, батырлық, жауынгерлік ұғымдарын жастар арасында қалай насихаттаған дұрыс деп ойлайсыз?
1-жүргізуші
Он жылға жуық созылған бұл соғыстың аяқталуы да ауыр болды. Біз көбіне 1989 жылғы 15 ақпанда 40-армияның генерал Борис Громов бастаған құраммен Ауғанстаннан шыққанын білеміз. Алайда, шын мәнінде, кейбір шекаралық бөлімдер мен құрамалар белгілі бір уақытқа дейін қалып қойды.
Соңғы шыққан қазақстандықтардың бірі — офицер Виктор Харичев басқарған шекарашылар. Олар ешқандай сән-салтанатсыз, құшақ-құшақ гүлсіз-ақ соғыстың соңғы нүктесін қойды. Өкінішке қарай, бұл деректі көпшілік біле бермейді.
Әскердің Ауғанстаннан шығарылғанына 24 жыл өтсе де, сол кезең жауынгерлері бүгін бейбіт өмірдің бел ортасында жүрсе де, соғыс жарасы бір күнде жазыла қоймайды. Сондықтан өз өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген ауғандық ардагерлерді қадірлеу — баршамыздың борышымыз.
«Жауынгер және жасұлан» сайысы
Оқушы
Мен қазақпын, ұланымын елімнің,
Мен қазақпын, тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерген,
Болашаққа алға бастап жетелер.
Қиындығын қазағымның әрқашан,
Қайыспайтын қара нардай көтерер.
2-жүргізуші
Құрметті қонақтар, ендігі кезекте «Жауынгер және жасұлан» сайысын ұсынамыз. Ортаға жауынгер-интернационалист пен жасұландарды шақырамыз.
1) Блиц-сұрақтар
Екі топқа 9 сұрақтан қойылады (үлгі сұрақтар төменде).
- Қазақстан Республикасында неше облыс бар?
- 14
- Қазақстан Республикасының Конституциясы қашан қабылданды?
- 1995 жылы 30 тамыз
- Қазақстанның Қарулы күштері қай жылы құрылды?
- 1992 жылы
- Мемлекеттік рәміздер күні
- 4 маусым
- Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі кім?
- Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы
2) «Мозайка»
Екі топқа екі түрлі суреттің қиындылары беріледі. Мақсат — қысқа уақытта құрастыру.
Бағалау өлшемі
- Жылдамдық
- Дәлдік
- Топтық үйлесім
3) «Әуенді тап»
Әндер екі топқа жасырылып беріледі.
- «Елім менің» — Б. Тілеуханов
- «Көк тудың желбірегені» — Ақсұңқар Әбілтай
- «Айналдым елім» — «Жігіттер» квартеті
- «Қазақ елі осындай» — М. Арапбаева
- «Мен қазақпын» — Е. Құдайбергенов
- «Атамекен» — Е. Қасанғалиев
Ескерту
Ордендер туралы блиц-сұрақта аталған тізім уақытқа қарай толықтырылып, ресми дереккөзбен нақтыланған нұсқада ұсынылғаны жөн.
Қорытынды сөз (ой түйін)
1-жүргізуші
Өтер жылдар, айлар тағы алыстап,
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың —
Ауғандағы азап шеккен арыстар.
Өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді — ол заманмен бірге жалғаса береді. Бұған дәлел — бүгін ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлердің бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдық жұмыстарға белсенділігі, түрлі кәсіпті игерудегі ерен еңбегі.
2-жүргізуші
Сонау Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттарда бір-бірін бауыр тұтқан азаматтар бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.
Аяулы ағалар, уақыт тауып келгендеріңізге рахмет! Сіздерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз. Аспанымыз ашық болып, бейбіт өмір жалғаса берсін.
Ән
«Майдангерлер»
Орындайды: Шарапов Олжас