Қолымыздан келетіні, жанымызда жүрген жандарға барынша қамқорлығымызды аямау

Қазақтың біртуар азаматы, ұлтым деп шырылдаған Мұхтар Шаханов жастарға: «Батыстың цивилизациясын аламын деп, канализациясына түсіп кетпеңіздер», — деп ескерткен еді. Бұл сөз бүгінгі заманның да мұңы, шындығы.

Адамзаттың дертіне айналған есірткі қазақ даласына да әлдеқашан жетті. Батырлығымыз бен адалдығымыз, ғасырлар бойы тамырымызда тулаған таза қанымыз осы бір аждаһаның алдында дәрменсіз қалып бара жатқандай. «Осынша азғанымыз ба?» деген сұрақ жанды тырнайды. Неліктен бүкіл жер шарын тоздырып бара жатқан бұл кеселге қарсы тұру сонша қиын? Әлде қауіптің салмағын санамызға жеткілікті сіңірмей, қорғана алмай жүрміз бе?

Есірткінің өршуінің себептері

Бұл аждаһаның қазақ даласына да суырылып еніп, меңдей түсуінің себептері әрқилы. Бірі — рухтың әлсіреуі, бірі — өмірге құштарлықтың жоғалуы. Кейде мейірім мен назардың жетіспеуі, жанашыр сөздің тапшы болуы да адамды қате қадамға итермелейді.

Әркімнің жағдайы бөлек, бұл қасіретке келу жолы сан алуан. Бірақ апарар жері біреу-ақ: өлім. Иә, өлім.

Сандар сөйлегенде

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, әлемдегі 7 миллиард адамның ішінде шамамен 21 миллион адам есірткі пайдаланады. Ал елордамыз Астанада 2008 жылы есірткі қолданудың салдарынан 19–30 жас аралығындағы 48 адам көз жұмған.

Бұл — жай статистика емес

Бұл — бір отбасының тізгінін ұстайтын азаматтан айырылу. Бұл — бір шаңырақтың түтіні түзу ұшады деп үміттенген қаракөздің көз алдымызда үзілуі.

Қазір бұл көрсеткіштің қаншалықты өзгергенін дөп басып айта алмаймын. Бірақ көбеймесе, азая қоймасы анық. Шынын айтқанда, бұл — үрей тудыратын деңгей.

Қоғамның күресі және ішкі қауіп

Әдетте кінәні қоғамға арта салуға бейімбіз. Иә, қоғам күресіп жатыр. Алайда жанға бататыны — күрес жүріп жатқанда, «іштен шыққан шұбар жыландай» есірткінің сойылын соғып, өзгені де құрдымға сүйрейтіндердің азаймай отырғаны.

Енді ғана еңсемізді тіктеп, ел боламыз дегенде, бұл кеселдің салмағы да жеңіл тимейді. Сондықтан қолымыздан келетіні — жанымызда жүрген жандарға қамқорлықты аямау.

Не істей аламыз?

Қазақтың жолынан адасқан бір перзентін болсын туған бауырымыздай көріп, қорғаштайық. Еңсесін тіктеп жүруге сеп болайық. Егер біреудің бұл кеселге ұрынғанын байқасақ, дер кезінде көмек беруге тырысайық.

Есте сақтайтын ой

  • Кез келген қиындықтан шығатын жол бар.
  • Есірткі «шипа» болмайды — керісінше, адамды одан бетер тоздырады.
  • Салауатты өмір салты — ең сенімді қорған.

Қысқасы, әркім өз денсаулығына жауапты. Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қысқа ғұмырды есірткімен улап, ұрпағыңның азғанын көру — кімге қажет? Ендеше, ессіз дүниелермен уланған ғаламда өзіңді сақтап қал.

Жыр жолдары

Адасқан әр перзентіне қапа боп,
Жер-ананың жанарына жас толған.
Бар бақытты Алла берген қайырып,
Адамзат-ай, өзіне-өзі қас болған.

Бірер секунд ләззат үшін түбінде,
Шарасыздық шеңберіне шырмалған.
Басың қаңғып, тентірейсің бүгінде,
Адамзат-ай, ессіздікпен уланған.

Кідіре тұр, бағамдап көр алдыңды —
Қол-аяғың бұғаулаулы қаларсың.
Алла берген көпсіндің бе ғұмырды?
Ей, адамзат! Қайда кетіп барасың?