Құтты болсын қуаныш
Сценарий тақырыбы
Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік
Тойбастар күйі (хабарланбайды).
Кештің ашылуы
1-жүргізуші
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгін Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Егемендікке бейбіт жолмен қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттері қатарына қоса алдық. Осы 20 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өттік.
Бұл кезеңде Қазақстанды әлем мойындайтындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізуге ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі зор. Тәуелсіздік күні — барша азамат үшін орны бөлек мереке. Өйткені бұл қуанышты күнді ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап, зарыға күтті.
2-жүргізуші
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік — ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан жүректі ұғысқан.
Ата-бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан — Гүлстан!
Көрерменге ұсыныс
Казталовка орта мектебінің көркемөнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасын қабыл алыңыздар.
Оқушылар сәлемдемесі
20 оқушы
Өнер бөлімдері: ән, күй, би
Өлең өрімі
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау, көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан — елім менің!
Ән
«Қазақстан» — 10-сынып оқушысы Рахмет Сая.
Құттықтау сөз
Құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры Талпахов Альберт Асқарұлына беріледі.
Күй
«Балбырауын» — Ерболат Еркін және Хойшина Әсем.
Би
Бишілер тобының орындауында «Алтынай» биі.
Ел туралы толғаныс
Қасым Аманжолов жырлағандай, кең байтақ жерімізде қазақ халқы талай сыннан өтті. Қиындықты еңсеріп, ешқашан мойымады. Азаттық таңы туарына сеніп, үмітін үзбеді.
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па,
Өз-өзінен жүрегім ән салады.
Ән
«Алға, қазақ жігіттері» — «Тұмар» дуэті.
Бірлік пен береке туралы ой
«Орнында бар оңалар» демекші, ел де орнында, жер де орнында — жерден асқан байлық жоқ. Жер болса — ел болады, ел болса — ер болады. Ерлеріміздің арқасында Қазақстан егемен ел болып, дүниежүзіне танылды.
120-дан аса ұлт өкілі тұратын қасиетті мекенде әрбір азамат өз Отанын жанындай сүйіп, көк байрағын биік көтеруді мақтаныш тұтады.
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе-тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы — құт, жері — дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
Ән
«Жаса, Қазақстан!» — 9-сынып оқушысы Тасболатов Бауыржан.
Желтоқсан: ел жадындағы сын
Желтоқсан — заман толғағы байтақ даланың,
Шарпыған сәті үміт пен күдік қаланың.
Желтоқсан — Қайрат, Ләззат, Сабира
Құрбаны болған жаланың.
Ал қоғамның адамнан бар ма асылы,
Кеткенде жоқ құлақтан зар басылып.
Бұғаудағы боздақтары кете барды,
Бірі атылып, ал бірі дарға асылып.
1-жүргізуші
Барлық ұлттың басын қосты бұл достық,
Ұлы достық, нұрлы достық, күн достық.
Достық деген қасиетті ұранға
Кең даланың жүрегі де үн қосты.
Би
«Шаттық» — 9-сынып оқушылары Шамұратова Жадыра және Төлегенова Айза.
2-жүргізуші
Қасиетті Қазақстан — мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.
Елім, жерім, Отаным — бақ-дәулетім,
Болашағым, өнер-білім, өркенім.
Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма,
Туған тілім шұбарланбай жарқыра.
Тарихымызда таланттылар көбейсін,
Бас иемін ата-баба рухына.
Бойымда әні бұлақ жатыр бұрқырап,
Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап.
Тілейтінім барша жұртқа бір ғана:
Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ.
Ән
«Қазақстаным» — 6-сынып оқушысы Кабир Әсем.
Барша бала сахнаға шығып тұрады; қолдарында шарлар мен жалаушалар.
Қорытынды
Ту тігілді халқымның бүгін бағына,
Жас өрендер желбіретіп нық ұста.
Ғасырларға жалғастырып елдікті,
Дақ түсірме ата-баба рухына.
Үлгі бізге аталардың ерлігі,
Ұлағаты, өнегесі, еңбегі.
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары,
Бүгінгі ұрпақ — елдің ертеңі.
Осымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне жетті.
Қазақ елім! Туды жастық дәуірің,
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын! Келесі кездескенше сау-саламатта болыңыздар!
Дереккөз
http://www.scenarii424-scenarii.html
©