Құланотыға бригадир құтаймағалы қашан

Сексеннің салмағы

Сексенге келгенде құрдасың сирей бастайды. Қапалы болса да, қатал шындық — осы. Құланоты ауылында соңғы жылдары сексеннің табалдырығын аттаған жалғыз адам — Сырым еді. Қалың бидайдың ішіндегі жалғыз арпа.

Бұл жасқа жеткенше Сырым өзінің оқшаулығын онша сезінбейтін. Өйткені алдында ағалары бар болатын; ал алпыс пен жетпістің арасында өзіңнен бес-он жас кішілерден үлкендігің аса байқалмайды. Енді Сырым алдындағы ағалардан жұрдай болып, артына бұрылып қараса, өзгелер әлдекім ат басындай алтын беретіндей алға тым асығыс кетіп қалыпты. Өзгелерден оқшау озып кеткеніне ыңғайсызданатындай хал кешетін болды.

Жараның ізі мен сөздің ізі

Қалай десек те, сексеннің аты — сексен. Қырыққа жетпей қыржиып қартаятындарды да көріп жүрміз. Ал төрт жыл қиян-кескі соғыстың ішінде жүріп, соғыс біте бергенде құмалақтай оқ емес, қол тоқпақтай снаряд оғы оң қолыңды шолтитып жұлып кетсе; ол аз болғандай, жамбасыңа осколка қалып қойса; үстіне өмір бойы колхозда бригадир, қарауыл болып қызмет етсең — сексен, әрине, аз жас емес.

Әйтеуір, абырой болғанда, осы уақытқа дейін Сырым ешкімге масыл болған жоқ. Рас, снаряд оң қолын жұлып кеткен сәтте есінен танып, санитарлар зембілге салып көтергені бар. Бірақ басқа уақытта жан баласына салмағы түсіп көрмеген.

Сонда да әлгі шоңмұрын бригадир мұны: «Масыл қақбас!» — деп кетті.

Бұл сөз оң қолын жұлып кеткен снарядтан да ауыр тиді. Снаряд қолын жұлып алса, әлгі сөз жүрегін жұлып жібергендей еді. Сырым үйдің іргесіне тізерлей қисайып, тырп етпестен ұзақ отырды.

«Өзім асыраған текешік көзін ежірейтіп, өзімді сүзіп кетті…»

Құланотының жазғы көрінісі

Сырым сыңар қолымен жер таянып тұра бергенде, жалғыз қол шүйкедей кәрі сүйекті көтеруге жарамай қалғандай бүгіліп кетті. Қанаты қайырылған кәрі қырандай жамбастай жатып, сәбіздікке ұрлана кірген қара қоян мен ақ қоянды көрді. Көрші үйдегі Нәметтің баласы қоян асырайды. Сол сәтте Нәмет есіне түсті: «Сен тірі болсаң, мен бұлай жатпас едім-ау…»

Жоңышқаның екінші орымы гүлдеген кез. Қаңылтыр төбелі тарбиған үлкен үйдің іргесінен басталған жасыл желең зүміреттей жайнап, әріде тұрған зифа теректерге жеткенше толқынданып жатыр.

Жүгері собық тартып, шашағы сылаңдап қалған. Ұзатылатын қыздай сызылып тұр: үкілері біркелкі, сахнадағы артистің үкісіндей.

Жүгерінің етегін ала Сырекең бір жүйек асқабақ еккен еді: ол да жапырақ жайып, желі тартып, түйін тастап қалыпты. Алтын тәж киген күнбағыстар менменсіп, кегжиіңкіреп тұр.

Немерелері отырғызған намазгүл күн көзінен ұялып, қауашағын ашпайды. Күн еңкейгенде ғана жайнап шыға келеді.

Алау бет алмалар құр қызарғанымен, әлі толық пісе қоймаған. Сұғанақ ала торғайларды Сырекең бұрын ол алмаға жолатпайтын. Ал қазір қарттың дәл жүректен жараланғанын пайдаланып қалғандай, торғайлар жеміске жаудай тиіп, істік сары тұмсықтарын сала бастады.

Ала торғайлар сау ете қалған сәтте, ақ қоян мен қара қоян өз қорасына қарай зытып жөнелді. Жолдары шынжырлы көк төбеттің жанынан өтетін. Аузы кебістей көк төбет қояндарды бас салайын деп құлағын тікірейтті де, жалқаулығы ұстап, көзін марғау жұмып жата кетті.

Музейдегі жамбас сүйек

Сырымның осколка қадалған жамбасы сыздады. Күн бұзылатын шығар деп аспанға қараса, теңбіл көк екен. Шарбы бұлт көкжиекті бастырған гүлқайыр жапырағындай өрнек салыпты. Жамбасы сыздаған сайын, Алматыда көрген музей есіне түсе берді.

Жиені бір жылы астананы аралатып, «Алтын адамды көрсетемін» деп музейге алып барған. Алтын адам аса таңғалдырмаған. Таңдандырғаны — жәй ғана жамбас сүйек еді: сүйекке садақтың сұқ саусақтай оғы бойлап кіріп кеткен. Ағаш жебе әлдеқашан шіріген шығар, ал темір ұшы қалып қойған. Сүйек сары тап болып сарғайған. Темір ұшы сүйекпен бірге жаралғандай, нық қадалыпты.

Жиені: «Бұдан бірнеше мың жыл бұрынғы жауынгердің жамбасы», — деп түсіндірді.

Сырым таңдайын тақылдатып: «Әб бә-әрәкелде… Мен өлген соң менің жамбасым да мың жыл бойы ескі жауым — осколкамен бірге жатар екен ғой», — деді.

Сырым сыздаған жағына салмақ салмайын деп екінші қырына аунады. Бірақ музейдегі сүйек көз алдынан кетпеді. «Мен ақырет сапарына бет алған соң, мың жылдан кейінгілер осколкалы жамбасымды тауып алып, музейге қояр. Демек, мен адамзатқа мың жылдан кейін де керекпін… Ал әлгі шоңмұрын шірік не деп кетті сонда?»

Намыс туралы бір сөз

Сырым бес жыл бұрынғы бір жиналысты есіне алды. Қызыл арай колхозының Құланоты бөлімшесінің жалпы жиналысын председатель Нақыпханның өзі келіп ашқан. Құланотыға бригадир табылмай, бір жылда екеуі ауысып тұрған кездер де болған. Ел басқаруға, шаруашылықты ұйымдастыруға олақ жігіттер көп еді; «пысық» дегендері араққа құмарлау болып шығатын. Ал арақ жүрген жерде әзәзіл қоса жүретінін кім білмейді?

Нақыпхан: «Ағайын, Құланоты құлдырап кетті. Сендерге бола бүкіл Қызыл арай зардап шегіп, аудан бойынша алға шыға алмай отыр. Құланоты болмаса, ауданның алдын бермес едік», — деді.

«Енді басқа бөлімшеден — Жабағылыдан не Арқалыдан — бригадир шақыртуға тура келеді. Өз жігіттерің жарамады, енді өкпе жүрмейді», — деп кесіп айтты.

Сонда Сырым шыдай алмай, артқы қатардан жалғыз қолын көтеріп: «Нақыпхан шырағым, мұрсат болса, бір ауыз сөзім бар», — деді. Председатель: «Айтыңыз, Сыреке», — деген соң, Сырым қолсыз иығын бір қозғап, алға шықты да, өзіне қадалған көздерді түгендеп тұрып біраз үнсіз қалды.

«Қиналып тұрмын… Халық алдына шығып сөйлеу — менің шаруам емес еді. Мен зейнеткер адаммын. Үйде жантайып жатуым жарасар. Бірақ кезінде белсенді де болдық. Жиырма тоғызыншы жылы осы Құланотыны өз қолыммен құрысып едім. Онда қолым екеу еді…»

Ол кеуек жеңіне қарап қойды. Жұрттың назары да, Нақыпханның көзі де кенетоздау боз костюмнің бос жеңіне түсті.

«Құрал-сайманымыз өгіз жеккен соқа, белорақ, ағаш тырма, кетпен-күрек болса да, сол заманның өлшемімен ударник Құланоты атандық. Ал қазір… өгіз бар ма? Тракторды жұрт ат орнына мініп жүр. Үй басы сайын жеңіл көлік, мотоцикл. Не жетпейді? Қалайша артта қаламыз? Әлде мен қартайдым, әлде Құланоты тоқтықтан керенау тартты…»

«Бригадирді сырттан әкелемін дедің. Жақсы адамның жаттығы жоқ. Бірақ намыс қайда? Құланоты өзін-өзі басқара алмай, бригадирді сырттан алдырыпты деген — өлім емес пе?»

Нақыпхан: «Жігіттеріңе билікті армансыз-ақ бердік. Әлжан да, Наржан да… басқара алмады. Енді не қылайын?» — деп екі қолын екі жаққа жайды. Сонда Сырым: «Жібі түзу біреуі табылар. Маңдай алды механизатор Төкенді ұсынамын», — деді.

Төкеннің өркөкіректігі

Әне, сол Төкен жап-жаңа мотоцикліне зыңылдатып, Сырым қарттың үйін үш рет айналып шықты. «Басып кетеді екен» деп немерелері тым-тырақай қашып, тал-талдың арасына кіріп кетті. Тауықтар қақылықтап, шынжырдағы ит жанталаса абалап, ауылды жау шапқандай у-шу көбейді.

Есіктің көзінде былқ етпей отырған жалғыз Сырым еді. «Төрт жыл соғыста немістің танкісі таптай алмаған тәнімді енді Төкеннің мотоциклі таптаса — таптап-ақ кетсін», — деп міз бақпады.

Бәленің басы — колхоз дүкенін жиырма жылдан бері ұстап келе жатқан Алпысбай болатын. Ол ескі «Жигулиін» сатып, «Волга» алған. Енді қаладағы құдаларына бармақ. Бірақ қаланың өзіне жүруге қорқады да, көрші Сырымның механизатор баласы Нұркенге қолқа салады.

Нұркен: «Мен жұмыстағы адаммын. Колхоздың шөбін қайда қоям?» — дейді. Алпысбай: «Бір күнде шөпті жау алмайды. Бүгін барып, тойға қатысып, түнделетіп қайтамыз», — деп қинап бағады.

Осы кезде Төкен келеді. Алпысбай оны тоқтатып, бірер сөзден соң екеуі дүкенге кіріп кетеді. Біраз уақыттан кейін Төкен теңселіңкіреп шығып, Нұркенге бұйрық береді:

«Қысқасы, былай: сен бүгін Алпысбайдың қарамағындасың. Сенің орныңа шөпке балаң Нұрлан шығады».

Нұркен: «Нұрланды военкомат шақыртқан. Әскер жасына толды. Бүгін сонда кетеді», — дейді.

Төкен: «Военкомат күте тұрады, ертең барады. Көп сөздің керегі жоқ!»

Амалсыз Нұркен келісіп, Алпысбайды бәйбішесімен бірге қалаға алып кетеді. Ал военкоматқа баруға жиналған Нұрлан үйге қайта кіріп, киім ауыстырып жатқанда, Сырым көріп қалады.

«Бұл қалай?» — дейді ата. Немересі мән-жайды айтады. Сонда Сырым: «Жоқ, балам, военкоматтан қалма. Әскердің аты — әскер», — деп кесіп айтады. Нұрлан ойланып, ауданға жолға шығады. Трактор Сырымның үйінің алдында қаңтарулы қалады.

«Масыл қақбас» деген таңба

Ту көшенің басынан тракторды көзі шалған Төкен мотоциклін зіркілдетіп жетіп келді. Жалғыз қолымен қайыс жүгеннің үзік жерін таспамен тігіп отырған Сырымға мотоцикл үстінен айқай салды:

«Нұрлан немерең қайда?»

Сырым сабырмен: «Нұрлан военкоматқа кетті», — деді.

«Ол трактормен шөпке баруға тиіс еді ғой!»

«Трактордың өз иесі бар. Ал военкомат шақырса, бармау — қылмыс. Сен шөпке бар дейсің, мен военкоматқа бар дедім».

«Қысқасы, сен шал қаскөйсің… Масыл қақбас!»

«Сені бригадирлікке ұсынған мен едім ғой…» — деп Сырым айтпақ болды, бірақ ішіне жұтты. Арада бес жыл өтіп кетті. Сол бес жыл ішінде Құланоты колхоз бойынша алға шықты. Төкеннің суреті аудандық газетке қайта-қайта басылып, жиналыстарда мақтала берді. Мақтау буы басына шығып, мотоциклі Алпысбай дүкенінің алдында жиірек қаңтарылатын болды.

Төкен тағы да тіл тигізді. Сырымның иегі дірілдеп:

«Жасым сексеннен асты. Қатарымнан ешкім қалған жоқ. Қақбас екенім рас. Көрімнің аузы ашық…»

«Бірақ ажал жетпесе, өзім барып тірідей жата алмаймын ғой. Не істейін, Құдай мені алмаса!» — деп дауысы жарылып кетті.

Төкен бұл сұрапыл сауалға сөз таба алмай, «ух!» деп шаңды бұрқыратып, тауықтарды шулатып, үйді үш айналып шықты да, көшеге түсіп, құйындатып кете барды.

Қайран қатарлар…

«Әлгі итке айтар сөзім айтылмай қалды-ау…» — деп қарт қапаланды. «Қатарымнан ешкім қалған жоқ» дегенді айтты, бірақ олардың кім екенін, неге қалмағанын айта алмады.

Қайран құрдастар! Олар да енді сексенге келер еді. Қырқында қыршынынан қиылған есіл ерлер! Егер Сайлау мен Найым, Сұлтан мен Нұралы, Оразгелді мен Өскен, Орха мен Ноха, Жиренбай мен Поштақұл тірі болса; соғыста мерт кетпесе — Сырым адасқан кәрі қаздай жалғыз қаңқылдап қалар ма еді?

Соғыстан тірі қайтқан Нәмет пен Сәмбетке топырақ туған жерден бұйырды. Тым құрыса, солар тірі тұрғанда, мына сөзді сөйлер еді. Төкенге Сырымды талаттырмас еді…

«Қайран менің қанаттарым… Есіл менің мияттарым… Қанатынан қайрылған, қатарынан айырылған мен кәрінің жыртық көңілін жамайтын жан қалмады…»

Үміт келетін сәт

Сырым таспаны сулап, жүгеннің жыртық жеріне біз сұға бергенде, кенет сырттан бала даусы саңқ етті:

«Сәлеметсіз бе, ата!»

Бас көтеріп қараса, алау галстук таққан екі бүлдіршін қолдарын көтеріп, пионерлік сәлем беріп тұр екен.

«Ата, бізді сізге Ақсай пионер лагерінің дружинасы жіберді. Сізді лагерьдегі пионерлермен кездесуге шақырып келдік».

Сырым қарт кенет жамбас сүйегінің сыздауы сап тыйылғанына таң қалды. «Е, бұл ескі жауым — осколка мен жалғызсырағанда есіреді екен ғой», — деп түйді. Музейдегі жамбас сүйек есіне түсті: «Ол мың жылдан бері жалғыз-ақ… бірақ…»

Сыңар қолымен жер тіреп орнынан тұра берді. Қоңылтақ жеңі қанатқа айналғандай желп етіп, Сырым жерден жеңіл көтерілгендей болды.