Ата - аналарды марапаттау

Салтанатты жиынның басталуы

Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Қиындығы мен қызығы мол тағы бір оқу жылы артта қалды. Алда — жайдары, жарқын жаз, көңілді демалыс және тынымсыз еңбекке толы жаңа белес. Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен, «Соңғы қоңырау» мерекесімен құттықтаймыз!

Ұран: «Ақыл, білім — жастарда. Сөз береміз жастарға!»

Жүргізушілердің құттықтауы

Нұрай

Құрметті ата-аналар, келген қонақтар! Мектептен басталады білім-бұлақ. Бүгінгі салтанатты мерекемізді ашық деп жариялаймыз.

Нұрсұлтан

Биылғы бастауыш мектеп түлектері — 4 «А» және 4 «Ә» сынып оқушылары. Түлектерді және сынып жетекшілерін ортаға шақырамыз.

(Қол соғылады. 4 «А», 4 «Ә» оқушылары мен сынып жетекшілері орындарына жайғасады.)

Нұрай

Құрметті бастауыш мектеп түлектері, өздеріңізге арналған «Соңғы қоңырау» мерекесін ашық деп жариялаймыз!

Мемлекеттік рәміздер

Нұрсұлтан: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде әкелінсін. Мемлекеттік Әнұран орындалады.

Қоңырау үні — жаңа белес

Нұрсұлтан

Қымбатты түлектер, бастауыш мектепте өткізген төрт жылда қоңырау үнін талай рет естідіңдер. Алғаш мектеп табалдырығын аттағанда естіген қоңырау есіңде ме?

Нұрай

Ал бүгінгі қоңыраудың үні мүлде ерекше. Бұл — бастауыш мектептің ең соңғы қоңырауы. Ол сендерді балалық шақтың келесі бір белесіне жетелейді.

Нұрсұлтан

Бүгін алғашқы ұстаздарыңмен қоштасар сәт келді. Биыл бастауыш мектебімізден 44 түлек түлеп ұшты.

Құттықтау сөздер және марапаттау

Жүргізуші

Түлектерге ақ тілек жолдау үшін алғашқы сөз мектеп директоры Сатаева Айгүл Уәсілқызына беріледі.

Жүргізуші

Мектеп бұйрығымен таныстырып, оқу озаттарын марапаттау үшін оқу ісі жөніндегі орынбасары Идрисов Ахат Несіпханұлына сөз беріледі.

Грамотамен марапаттау бағыттары:

  • Оқу озаттарын марапаттау
  • Сынып және мектеп өміріне белсене қатысқан оқушыларды марапаттау
  • Ата-аналарды марапаттау

Музыкалық сәлем

Оқу озаттарына арналады: 3 «А» сынып оқушысы Тұрсынтаева Айым — «Жаса, Қазақстан!» әні.

Ұстазға алғыс, жүрекке толқыныс

Келешек қой — осылар, барға шүкір. Алдарыңда ақ қанат арман тұр. Жүректері лүпілдеп, тебіреніп, жетекшісін елжіреп қимастай бір.

Нұрсұлтан

Көңілдері қобалжып, қимастық сезімге бөленген 4 «А» және 4 «Ә» сынып жетекшілері Құралай Жәнібекқызы мен Сания Салесханқызына сөз беріледі.

Ән

4 «Ә» сынып оқушысы Ниязбекова Балауса — «Мектебім».

Түлектердің сөзі және «Білім кілті»

Нұрсұлтан

Жас түлектер, ендігі сөз — өздеріңде. 4 «А» және 4 «Ә» сынып оқушыларына сөз беріледі.

4-сынып оқушылары

Білімнің бұл өмірде жеңгені көп,

Білім қалар халқымның сенгені көп.

Сондықтан да білім кілтін

Ақ ниетпен сендерге тапсырамыз.

(Білім кілті МАД сыныбына табысталады.)

Болашақ бірінші сынып оқушылары

Нұрай: Біздің мектеп табалдырығын аттағалы тұрған жас бүлдіршіндерге — болашақ 1-сынып оқушыларына сөз береміз.

1-бала

Жүрем бе ойнап мен текке,

Барамын биыл мектепке.

Қолға қалам аламын,

Сурет те саламын.

2-бала

Дәптерімді таза қып,

Жазуды да жазамын.

Кітап та оқимын,

Көңілге ой тоқимын.

3-бала

Ән де саламын,

Спортқа да барамын.

Білім алып жан-жақты,

Жігіт болам жан-жақты.

4-бала

Тәрбиелі, тәлімді,

Қуантатын бәріңді.

Білім нәрін тоқушы,

Менің атым — оқушы.

Ата-анаға құрмет

Ата-ана тәрбиелеп балапанын, әлдилеп, аялаған алақанын. Болашақта бақ тілеп тұрасыздар, ойлайсыздар алдағы бала қамын.

Ата-аналар атынан тілек сөз беріледі.

Музыкалық сәлем

Бірінші сыныпқа баратын оқушыларға арналады: «Жаңа заман» биі.

Өнер шашу және вальс

Өнерпаздар ортамызда әлі бар: бишілердің билеп берер сәні бар. Қошеметтеп, қол соғып қарсы алайық — вальс биін билейтін ұл-қыз бар.

Вальс

3 «Ә» сынып атынан бастауыш мектеп түлектеріне арналған вальс биі.

Соңғы қоңырау

Нұрай: Биылғы оқу жылының соңғы қоңырауына құлақ салайық.

(Қоңырау соғылады.)

Мұғалім

Құрметті оқушылар! Сіздерді көңілді демалыс, жайдары да жарқын жаз қарсы алады. Ендеше, түлектерді құрметпен шығарып салайық.

Екі жүргізуші

Үлкен өмірге аттанған қадамдарыңа нұр жаусын, талаптарың оң болсын!

Қорытынды

Мұғалім: Сонымен, «Соңғы қоңырау» мерекесін жабық деп жариялаймын!