Дәуге маузерлі қолымен жөн сілтеп
1
— Бұл жолғы барлауға «тіл» әкелем деп өзіне өзі сенген жолдас қана барсын, — деді командир ұшқындаған, кішірек қара көзін айнала ойнатып.
Сол сәтте Расулов алға шығып: — Мен, жолдас младший лейтенант! «Тіл» әкелемін! — деді.
Уәдесінде тұратынына көптен көзі жеткен лейтенант жымия қарап: — Мақұл. — деді де: — Расуловқа серік қайсың? — деп сұрады.
— Мен, жолдас лейтенант! — деді Бектұрғанов.
Екеуі тапсырманы алып, қалың орманға сүңгіп бара жатқанда, Бектұрғанов күрсініп: — Шіркін, осындайда жүзіктің көзінен өтетіндей жылпос, жүйрік атың болса ғой! — деді.
— Не істейсің оны мына қалың орманда? — деді Расулов.
— Көрер едің не істегенімді... Бірақ жоқ қой ондай ат!
— Неге жоқ? Даяр атты кім мінбейді? Мықты болсаң, немістен тартып алып мін! — деді Расулов.
— Кездессем көрермін, — деп кіжінді Бектұрғанов.
— «Кездессем көрермін» деу сөз бе? Іздеп келе жатқаның неміс емес пе? Жолығуыңа мен кепіл болайын, ал тартып алуыңа өзің кепіл бол! — деді Расулов қайрай түсіп.
Бұл қайрауға намыстанған Бектұрғанов іштей «енді көрерміз» деп тістеніп, болмаған іске мақтанғысы келмей үнсіз қалды.
Күн жаңа ғана шашырап шығып келе жатқан мезгіл еді. Орман ішіндегі тапталған жасыл шөп үстінде түнгі шықтың тамшылары жапырақ алақанында мөлдіреп тұрып, домалап жерге түседі.
Оқ тескен, қылыш кескен, танк таптаған қарағайлардың жарасынан сорғалаған шайыр асқынған жараның іріңіндей жеркендіріп, жүректі шымырлатады.
Әр жерде шашылған неміс өліктеріне үймелеген қара шыбын мен құзғын қарға жемге таласып, ызың-шуын үдетіп, іріген денеге тұмсығын қомағайлана көме түседі.
Бұтақтан бұтаққа секірген тиындар да, ит-құсқа жем болған өлімтіктерге таңданғандай, таңдайын тырс-тырс қағып өтеді.
— Немістер көшкен жайлаудың сиқын байқайсың ба? — деді Бектұрғанов сыбырлай сөйлеп.
Ентелей адымдаған Расулов жауап қатпады. Орман арасына қадалған көзі өткірлене түсіп, адымын жиілетті.
Екеуі арнасы тар, бірақ суы терең өзенді жағалап келеді. Карта бойынша өзен ілгеріде екіге бұтақталып, айырымы алшақтайды. Командир «тіл» алатын жер сол айырдан алыс болмауы керек деген, бірақ оң тармақ па, сол тармақ па — нақты айта алмаған: «шамаларсыңдар, байқасыңдар» деген.
Өзеннің айырсына жеткен соң, танк құлатқан жуан еменнің әлі үміт үзбеген қалың жапырақты бұтақтарын беттеріне перде етіп, емен діңіне отыра кетті.
Жеке даңққа ұмтылу
Атаққа кім құмартпайды? Еңбекпен иеленген атақ — адамға мақтаныш. Сегізінші гвардияға бұл екеуінің күнгей Қазақстаннан келіп қосылғанына әлі ай толған жоқ. Содан бері бірнеше қырғын шайқасқа кірді, бірақ екеуіне де әзірге көзге түсетін сәт бұйырмады.
Екеуінің де ішінде бір-ақ тілек: «Тапсырманы айна-қатесіз орындасақ, қандай абырой!» Оның үстіне сол абыройға ешкімді ортақтастырмай, жалғыз жетсе деген жасырын ой да жылт етеді.
— Әй, Бектұрғанов, — деді Расулов, — дем алдық. Енді қозғалайық. Бірақ біз былай істесек қайтеді: қалаған жағыңды ал. Сен өзеннің бір тармағымен кет, мен бір тармағымен кетейін.
— Оқасы жоқ, — деді Бектұрғанов, өзі де соны аңсап тұрса да. — Таңдауды сен ал.
Екеуі жеребе тартты: ұзындау жас шыбықтың бұтағын сындырып, ұшын ұстасты. Ұшына Расулов шықты. Бектұрғановтың көңіліне «бұның жолы болады екен» деген ой келіп, бірақ ырымға дағдыланбағаны үшін, оны өзінен өзі қайта ысырып тастады.
— Сен оңға, мен солға кетеміз, солай ма? — деді Бектұрғанов көзқарасымен «қайтеміз?» дегенді аңғартып.
Расулов ауылдан келген, партияда да, комсомолда да жоқ, еңбектен басқаға елігіп көрмеген момын жігіт еді. Бірақ ескі ырымға аздап иланатыны бар. Сондықтан жеребеден шықпай қалған Бектұрғановты іштей біртүрлі аяп қарады; дегенмен оның жүзінен қобалжу байқамады да, «жамандыққа ұшырамайды» деп өз-өзін жұбатты.
— Ендеше отырмайық, — деді Расулов. — Жөнелейік. Шама келсе, әлгі орман алаңында бір-бірімізді тосармыз.
— Жақсы.
2
Расуловтың мінезі мен арманы
Расулов келеді. Бойы орташа болғанмен, жауырыны кең, кеудесі төстек, мойны қысқа да жуан, бұлшық еті темірдей қатты еді. Колхозда жүргенде он пұттық қапты көтеріп жүре беру, элеваторға жүк апарып түсіргенде бес пұттық үш қапты басқышпен өрлетіп тасу, шөп тиеген бричка орға аударылса, иыққа салып көтеріп түзеп жіберу — оның дағдылы «ермегі» болатын.
Арманы — балуан болу. Мейрам күндері күреске шыққысы келсе, күшін білетіндер «мертігеміз» деп жоламайтын. Әскерге алынғанда ол іркілмеді: «Отанды мен қорғамасам, кім қорғайды?» деді өзіне. Ауылдан аттанарда бір-ақ ойы болды: ел мен жерді қорғаған азаматтың қатарында өлсем — арман жоқ.
Бірақ көңіл түбінде бір түйін бар еді: күші он есе кем жаудың оғы қапыда өлтіріп кетсе — обал. «Шіркін, қолма-қол ұстасатын күн туса, күші асқаннан өлсем де арманым болмас еді» деп қиялдайтын.
Сол арман оны барлауға алып келді. «Жалпы соғыста қашсаң да, қусаң да — көптің бірісің. Ал барлауда — не көрсең де жеке көресің» деп ойлайтын. Қарттардың Қыпшақ Жәнібек батырға арнап айтатын тілегі есінен шықпайтын: «Құрулы мылтық, құрсаулы жауға кездестір!» Бұл жолы сол тілекті өзі арман етті.
«Екі өлмек жоқ, өлім — біреу. Өлсем де, тірілсем де, осы жолы жаудың бір күштісіне жолықсам екен!» — деді ол өзіне өзі, өзен бойымен тоғайды тесе қарап келе жатып.
Күтпеген олжа
Кенет құлағына адам дауысы ілікті. Расулов бір сәт тына қалып, жүрегін орнықтырып алды да, жолбарыстай еппен дыбыс шыққан жаққа бұрылды.
Қалың тал арасынан өзеннің жарқабағында жалаңаш үш адамды көрді: көйлектерін алдына жайып, бит аулап отыр. Сөзін түсінбесе де, неміс екенін таныды.
«Тіл» керек болса, бұдан оңай «тіл» бар ма? Автомат кезеніп шыға келсе, бұлар қашып құтыла ма? Бірақ Расуловтың бір мінезі — өтірік айтпайтын. Екінші мінезі — сықаққа төзбейтін. «Жалаңаш күйінде ұстадым» десе, жолдастары мазақ қылады; «қаруымен ұстадым, кейін шешіндірдім» десе, өтірік болады.
«Әуреленбей, осыларды отырған орнында жойып жіберсем бе?» деген ой да келді. Бірақ сол сәтте-ақ: «Қарусыз жауды жеңгеннен не табам?» деп ішінен қайтарды.
Ол үшеуін көзбен сынады: біреуі — дәу, бойы Расуловтан бір жарым есе биіктей; екіншісі — өзімен шамалас, бірақ бітімі талдырмаштау; үшіншісі — шартық тоқтыдай кіп-кішкентай. «Не де болса, ана дәуімен ұстасайын» деді ішінен.
Немістер киіне бастады. Орта бойлысы — обер-ефрейтор, дәуі мен кішісі — қатардағы солдаттар екенін Расулов киімінен аңғарды.
Киініп болуын күткен Расулов жасырынып тұрған талдың түбінен шыға бере, автоматтың аузын дәл тұмсықтарына тақап: — Таста қаруды! — деп ақырды.
Дәудің қолындағы винтовка салдыр-гүлдір түсіп, көзі шарасынан шығып шегіне берді. Сол мезетте Расулов офицердің қолы кабураға қарай жылжығанын көрді: маузер суыруға ұмтылған екен.
— Ә, солай ма?! — деп кекесінді күлкімен мырс еткен Расулов мылтық даусын шығарғысы келмей, автоматтың құндағымен офицерді бастан салып қалды. Офицер шалқасынан құлап, бөркі ұшқан оң жақ шекесінен қара күрең қан бұрқ ете түсті; маузер қолынан ұшып түсті.
Сол сәтте дәу солдат бұқадай жиырылып, желкесін күжірейтіп, қолын тарбита жайып, тізесін бүгіп, бас салуға ыңғайланды.
Дәумен арпалыс
Дәу — немістің шағындау фермерінің баласы, жасы жиырма бесте. Мектепті зейінсіздіктен бітірмей, қара күшке сүйенген қызметтің адамы болып өскен. Ақылы берекесіз болса да, күші берекелі еді; өзіне тең күш иесін өмірі жолықтырмаған.
Алдыңғы майдандарда найзамен талай адам шаншып өлтіргені үшін «зухштейр» атанған, темір кресттің де бірнешесін кеудесіне қадаған. Россия майданына келуі және алғашқы тапсырмаға шығуы — бүгін.
Олардың да міндеті — Қызыл Армиядан «тіл» әкелу еді. Қауіпті аймаққа көптен килігіп, киімдері биттеп кеткен соң, «алда қауіп жоқ» деген өз барлаушыларының сөзіне сеніп, суға түсіп, кейін бит тазалауға кіріскен. Расулов дәл осы сәтте тап болды.
Дәу үрейленгенде, Расуловтың қара көздері оған атылғалы тұрған екі мылтықтың аузы сияқты көрінді. Сол көзқарас бойындағы күшті сорып алғандай болды да, винтовкасы еріксіз түсіп кетті.
Расулов офицер мен кішісін талдырған сәтте ғана Дәу есін жинап, не өлу, не өлтіру қалмағанын ұқты да, қапыда сыртынан құшақтай алып, жерге алып соғып жаншуға ұмтылды.
Расулов автоматты жерге тастай сала, дәумен айқасқа кірді. Екеуі белдерін тартып, «көтеріп әкетем» деп көрді — қайсысының белі де бүгіле қоймады; бүкір өскен емендей мыңқ етпей сіресіп тұр.
Дәу іштегі бір қолын сыртқа шығарып, екі қолмен ышқырдан ұстап үйіріп жібермек болғанда, Расулов оң аяқпен іштен шалып қалды. Дәу бұрын көрмеген әдіске қарсы тұрып, керілген аяқтарын жинап үлгерді.
Екеуі өзеннің нақ жарқабағына таяп қалды. Дәудің ойы — Расуловты үйіріп суға ату. Сол кезде Расулов ілезде аяғын босатып алып, оң жақ жамбастан сыпыра шалып сілтеп жіберді. Дәу тоңқалаң асып, кеудеден төменгі денесі жардан асып, өзенге қарай құлады.
Құлау екпінінен дәудің бір қолы Расуловтың жағасынан шығып кетті де, екінші қолы ғана жарға ілігіп қалды. Сол мезетте Расулов жұдырықпен салып кеп жіберді. Дәу есеңгіреп, қолы босай бергенде, денесі суға шолп етіп батты.
Расулов үңілді: аз уақыттан кейін ғана әріректен дәудің саусақтары, артынан жирен шашты басы қылтың етті. Сол кезде Расуловтың есіне «тіл» деген сөз қайта түсті.
Ол офицердің жерде жатқан маузерін іліп алды да, киімшең күйі суға қарғып түсті. Суда жарысса алдына жан салмайтын. Құлашын сермей малтығанда дәуді ілезде қуып жетіп, маузерлі қолымен бағыт көрсетті: — Былай қарай малты, шортаным!
Неміс амалсыз көнді. Расулов оны өзі қалаған жағаға алып шықты.
3
Көлеңкеде қалған куә
Расуловқа кездескен үш фашисті Бектұрғанов одан бұрын байқап қойған еді. Серігін қауіпке жалғыз тастауға қимай, тоғайды бетке ұстап жасырынып, оқиғаның немен аяқталатынын күтті.
Ол автоматының ұшын неміске кезе қоймады: Расуловтың ажалын доптай қағуға дайын болғанмен, «қашан өзі дәрмені таусылғанша араласпайын» деп бекінді.
Расулов жеңіп шыққанда Бектұрғанов әрі сүйсінді, әрі қызғанды. «Штабқа мұндай табыспен барғанда мен не айтам?» деп ойлады. Расулов «тілді» алып штабқа кеткенде, Бектұрғанов отырған орнынан тырп етпей қала берді.
Аздан соң жау жақтан күбір естілді: ағашты тасалай келе жатқан бір топ солдат пен бір офицер көрінді. Қаласа, біреуін емес, бірнешеуін атып түсіруге дәл ыңғай бар еді. Бірақ намыс жетелеген Бектұрғанов «Расулов тіл алды екен, мен тіл алмайтын нем бар?» деген оймен орман ішіне сіңіп, өз бетімен кетіп қалды.
Ұзақ жүріп, ақыры өзен жағасындағы сынып құлаған қарағайға кеп отырды. Ойы қайта-қайта Расуловқа оралады: «Ауылда қазақша күресті бозбаланың ермегі көретін едім, соғыстағы маңызы қандай зор екен. Ана дәу неміс күш жағынан кем емес сияқты. Егер Расулов әдісқой болмаса, өзі жығылып қалуы да мүмкін еді...»
«Елге аман қайтсам, колхозда қазақша күресті өзім ұйымдастырып, бала-шағаны, жігіттерді түрлі тәсілге үйретемін» деп іштей түйді.
Намыс пен күмән
Расуловтың өнеріне сүйсінген сайын, «ал мен не өнеріммен мақтанам?» деген ой маза бермеді. Бектұрғановтың бір қасиеті — жаяуда қолы қатты: қол қысысып ойнаса, қарсысының алақанын езіп жібереді. Екінші қасиеті — атқа тақымы берік: аударыспақта да, көкпарда да талайды қозғалта алмайтын.
Бірақ бұл майдан — ат үстіндегі ойын емес, қол қысысып күш сынасар жер де емес. «Мерген емеспін, Расуловтай балуандық та жоқ. Немістер менімен алақан қысыспақ ойнай ма? Ендеше тілді қалай алам?» деп қамықты.
Кейін қайтқысы кеп, орнынан түрегелгенде, жаңа ғана басылған намыс қайта тұтанды: «Соғыс — тәуекелдің майданы. Тәуекелге бел байлап ілгері ұмтылайын» деп өзін жұбатты.
Неміс тылы
Біраз жүрген соң, орманның күнгей шеті ашық далаға шығып, сүйірленген тұмсығы батысқа қарай иіледі. Нақ сол арада өзен орманның теріскейіне қарай шалқаяды екен. Иін тұсында цемент көпір тұр, үстінен асфальт жол өтеді.
Картасына қараса — тұрған жері немістердің тылы. Бұл түскі сағат төрт шамасы. Аштық та қысты, әрі «не болар екен» деп күткен Бектұрғанов орман жиегіндегі қалың шоқты бетіне перде етіп отырып, сумкасынан азығын алды.
Қаңылтыр қалбырдағы консервіні бәкімен ашса, сиырдың семіз еті. Күн ыстықтау ма, әлде дененің қызуынан ба — сорпасы бусанып, ет балқып тұр. Қомағайлау Бектұрғанов сорпасын ұрттап, майлы етті асап, жұта бергенде, асфальт жол жақтан ат тұяғының тасқа тықылдаған үні сап ете түсті.
Жүрегі дір ете қалып, жұта берген асы тамағына тығылды. Ол консервіні қоя салып, мылтығын оқтап үлгергенде, шоқыта жүріспен бес салтты көпірден өте берді. Орманнан шыға бере ғана олардың неміс екенін аңғарды: біреуі офицер, төртеуі солдат. Орманнан шыға, аттарын тебініп шаба жөнелді.
Немістер ұзап кеткенде, Бектұрғанов бармағын шайнап: «Неге атпадым? Ең аз дегенде екеу-үшеуін түсіретін едім ғой» деп өзін қатты сөкті.
Енді ас ішкісі келмеді. Тамақтарын орап сумкасына салып, орманның сүйірленген тұмсығына қарай жүріп кетті. Бірақ ол «тұмсық» орманның шеті емес екен: бүйірдегі бір бөлігі ғана. Ар жағы сайға түсіп, жырақта бұлдыраған қалың орманға тұтасады. Ашық дала — айнала орманның ортасындағы арал секілді.
Ілгері бетте жау барын сезбеген ол, теріскейді шолып еді, көп ұзамай немістің блиндаждарына ұшырады. Еппен еңбектеп жүріп анықтады: айнала жаудың бекінісі.
Мұны білген соң, күн бата салттылар кірген жаққа қайта беттеді. Алдынан орманның ішкі қабатын жиектей аққан шағын өзен кезікті: суы тайыз, жиегі қалың қоғажай. Кейде суға, кейде батпаққа, кейде құрғаққа...