Бір - екі сағат бос уақытым бола қалғасын, ҚазМУ қалашығындағы Көктем өзенінің жағасына келдім
Көктем жағасындағы бір сәт
Бір-екі сағат бос уақытым табылған соң, ҚазМУ қалашығындағы Көктем өзенінің жағасына келдім. Көктем күні. Айнала тым-тырыс. Қалта телефонымнан әсем әуен тыңдап, әрі-бері өткен адамдарға қарап, бір тыныш рақат күй кешіп отырдым.
Шынында да, «жұмыс, жұмыс» деп жүріп, бір күні өз атымызды ұмытып кетердейміз...
Адамдар, қимыл, және бір сәттік тыныштық
Әне, өзеннің екі қапталын бойлай қыз бен жігіт жүгіріп барады. Жігіттің қимылы қызық: бір орында орғып тұрғандай көрінеді, жұдырықтары да түйілмеген. Ал қыз шаршамайтын сияқты — жарты сағаттың ішінде көз алдымнан екі-үш рет өтіп үлгерді.
Ұсақ жәндіктердің «үлкен» мазасы
Кенет шыбын-шіркей маза бермеді. Ұсақ құмытылар қара костюміме қонып алып, қанаттарын сулап жатқандай. Құмырсқалар балағыма кіріп, аяғымды жыбырлатып, берекемді қашыра бастады. Әсіресе жап-жасыл, кіп-кішкентай, кенеге ұқсас бір жәндіктің «қайсарлығы» таңғалдырды: жеңіл ғана үрлегеніме мән бермеді.
Сәл қаттырақ үрледім — көзге әрең ілінетін аяқтарымен тұрған жеріне жабыса қалды. Бар күшіммен үрледім, бірақ мыңқ етпеді. «Құдайдың құдіреті-ай, сонша қуатты қайдан алып тұр екен?» деп ойладым. Қолыммен қағып жібермек болғанымда, жабысып тұрған жәндік бөлшек-бөлшек болып шашылып қалды. Орайсыз қимылыма кәдімгідей налыдым: тіршілік иесі тірі жүре беруі керек еді ғой...
Сол сәтте бір нәрсе анық сезілді: кейде ең кішкентай тіршілік иесінің өзі бізге сабыр мен ұқыптылықты еске салады.
Сөйтсем, ондай жәндіктер мың-миллион екен: қара костюмімнің үстінде жап-жасыл болып анық көріне бастады.
Құмырсқа және олжа
Біржанның «Бурылтай» әніне іштей ыңылдап отырғанымда, дәл аяғымның астынан өзінен кемі үш есе үлкен араның өлігін көтеріп бара жатқан құмырсқаны көріп қалдым. Нағыз жұмыскер: қыпша бел, бас жағы қара, аяқ жағы қызыл.
Сәнмен өрілген қыш тастардың арасынан жол тауып, араның салмағымен бірде оңға, бірде солға ауып, бірақ қалай да олжасынан айырылмай, қалың шөпке қарай тартып барады.
Іштей күбірледім: «Жазған-ай, қайта-қайта тастардың арасына түсіп кететінің не? Бетіне шығып алсаң, жол теп-тегіс қой...»
Не десек те, өлі ара құмырсқаға үлкен олжа. Өлермендене сүйреп, кейде арқасына тік салып, кейде бұрқ етіп астына құлап, бағытын жоғалтпай барады. Әуенге қайта елтіп, ойым басқа кеңістікті шарлап кетті: иә, бәріміздікі де тіршілік үшін жанталас...
Бір аяқ асты болған тағдыр
Қайта қарасам, құмырсқа ұзай қоймапты. Олжасын арқалап, өзен жағасындағы темір шарбақтың түбіне таяп қалғанын байқадым. Өзі шаршайтын емес.
Сол кезде ұзын бойлы бозбала жақындады. Алға тура қарап келеді. Адымы кең. Түйілген қабағы мен салбыраған иығы басының түрлі ойға толы екенін аңғартатындай. Ол тез-ақ өте шықты.
Бірақ сол өте шыққанымен бірге, мен бақылап отырған құмырсқаны басып кетіпті.
Бозбаланың соңынан өшіге қарап қалғанымды бір-ақ аңғардым. Құмырсқа олжасымен бірге кірпіш үстінде теп-тегіс болып жатыр. «Бір ғұмыр бітті...» дедім күбірлеп.
Қозғалар ма екен? Сәл жатып есін жияр ма екен? деген үміт санамда ойнап тұрып алды. «Өткен-кеткеннің аяғына тапталып қалады-ау енді...» деп ойладым.
Тіршіліктің тосын қайсарлығы
Орнымнан тұрып, құмырсқаны олжасымен бірге шетке шығарып тастамақ болып таяғанымда, оның алдыңғы аяқтары ептеп дірілдеп жатқанын байқадым. Демек, тірі! Бірақ менен қайран жоқ: ешқандай көмек көрсете алмаймын. Ендеше, аяқ асты болмай, шетте жатқаны дұрыс — күш жинап, тіріліп кетер.
Араның қанатынан ептеп ұстап, екеуін шетке шығарып тастадым. Осы жерден әңгімені тәмамдасам да болар еді. Оның үстіне, бос уақытым да бітіп, дәріске жинала бастағанмын.
Тағы бір жұмыскер және күтпеген көрініс
Бірақ әуестік жеңіп, соңғы рет қарағанымда... жаралы құмырсқаны да, өлі араны да басқа бір жұмыскер құмырсқа келіп, өңгеріп бара жатыр екен. Міне, қызық!
Арқасынан түсіріп алғанына қарамай, дырылдатып сүйреп кетті. Бірақ бір-екі қадам да аттамай, бір орында митыңдап қалды. Әрі-бері тартып көрді — қосар олжа қозғалмайды.
Жанына жақындадым. Сөйтсем, қызықтың көкесі осында екен: мен «өлдіге» санаған, кірпігі ғана қимылдап жатқан әуелгі құмырсқа алдыңғы аяқтарымен жерге жабысып алыпты. Айырылар емес. Әл үстіндегі бұған осынша күш қайдан біткен?
Кейде «әлсіз» деп ойлағанымыз — соңғы демі қалғанша берілмейтін қайсарлық болып шығады.
Жаңа жұмыскер де қайтар емес. Шегініп-шегініп алды да, екі алдыңғы аяқтарын бір-біріне ысқылап, тұра ұмтылды. Жаралы құмырсқаны өлі арамен қоса тік көтерді де, сүйреп жөнелді.
Жаралы жауынгердің белі бүкшиіп кеткен — сірә, сол тұсынан мертіккен. Ал артқы аяқтарымен олжасын бүріп алған, өлсе айырылмайтын сыңай танытады. Иә, өлі ара өте құнды, бағалы олжа болуы керек!
Бірақ саудың аты сау: кейінгі құмырсқа екеуін де сүйреген күйі қалың шөп арасына еніп кетті.
Жауапсыз қалған сұрақтар
Илеуге барған соң жаралы құмырсқаның жайы не болар екен? Ол олжаның өзіне тән екенін қалай дәлелдейді? Өйткені өзі де өңгеріліп келді ғой. Белден мертіккеніне ұяластары көмек көрсете ме?
Өмір қызық... Кейде ең қарапайым көріністің өзі көкейіңе осындай сұрақтарды көлденең тартады. Ойға шомып, дәріске беттедім.
Табиғаттың ұсақ тіршілігіне үңілсең, адам баласының өз күйбеңіне ұқсас талай көрініс табылады.