Тұрысатын жерін айтсын тобгачтар

Қасиетті қара топырақ

О, қазақтың қасиетті қара топырағы! Бұл — ата-бабамның ұрпағына қалдырған баға жетпес мұрасы, ең аяулы дұғасы, енді менің балаларым мен немерелеріме аманат етер асылым. Бұл топырақ — егемендігім мен елдігімнің тұғыры.

Еуропаны көрген інімнің өкпесі

Бірде бүкіл Еуропаның көрікті жерлерін аралап келген ініммен сөйлестім. Ол көргенін тізіп айтып, таңданысын жасыра алмады: салтанатты сарайлар, аспанмен тілдескен ғимараттар, аспалы көпірлер, көз жауын алар көрмелер, мұражайлар мен мұрағаттар…

Сөз соңында ол ішіндегі қынжылысты жасырмай: «Басқалар ұрпағына осынша мұра қалдырған. Ал біздің бабаларымыз не қалдырды? Немізбен мақтанамыз?» — деді.

Жауабы: мұраның ең зоры — Жер

Мен оған былай дедім: ата-бабаға бекер өкпе артпа. Оңтүстікте айласы көп алып Қытай, солтүстікте жерің мен еліңе көз алартқан Ресей — екі ірі империяның қыспағында аз ғана қазақ өмір сүрді. Сол шақта ұрпақ өрбіту — жай тұрмыс емес, елді сақтап қалудың көрегендігі еді.

Қала тұрғызбады деп кінә тағудан бұрын, тарихқа ақыл көзімен қарау керек. Жаугершілік заманда Күлтегін қала салмақ болғанда, дана Тоныкөк қорғанға қамалудың қауіпті екенін ескертіп, кең даланың еркін тактикасын — ат үстіндегі ұрыс тәсілін таңдағаны белгілі.

Аз болса да шойын білекті, арыстан жүректі бабаларымыз ұлан-ғайыр сары даланы сан ғасыр жаудан қорғап, бізге мұра етіп қалдырды. Түгін тартса май шығатын, қойны қазыналы, үсті жазиралы құнарлы дала.

Әсем қалалар салу, келер ұрпаққа мақтан болар сәулет тұрғызу — бүгінгі ұрпақтың міндеті. Бірақ біз үшін бабадан қалған осы ұлы дала алтын сарай мен аспалы көпірден де қымбат.

Жер үшін жанын қиғандардың ізі

Бұл топырақ — қан майданда мерт болған сарбаздардың қаны мен оларды жоқтаған қаракөз аналардың көз жасына суарылған. Сондықтан елімнің әр уыс топырағы қазақ үшін қасиетті.

Аңыз: тұлпар, ару, жер

Қасиетті жер туралы ойланғанда бір аңыз еске түседі. Бір күні көрші Хань елінен елшілер келіп, ханнан аламан бәйгеде даңққа бөленген Күреңқасқа тұлпарды сұрайды. Уәзірлер намыстанып қарсы болады. Бірақ хан: «Бір тұлпар үшін халықты қанға бөктірмеймін. Алсын. Биелер аман болса, мың сан тұлпар туады» — деп береді.

Келесі жылы олар Нұршешек атты сұлу ханшайымды сұратады. Тағы да ашу көтерілгенде хан: «Бір ару үшін қаншама жас қыршыннан кетеді. Халқымды қасіреттен сақтайын» — деп, ауыр шешім қабылдайды.

Үшінші жылы елшілер төмен ел қоныстанатын жер сұрайды. Бұл жолы ханның үні өзгеріп: «Жер — ата-баба қаны мен теріне шыланған аманат. Жерсіз еркіндік те, тіршілік мәні де жоқ. Қазақтың сыйға берер жері жоқ» — дейді.

Түйін: жер сатылмайды

Аңыздың өзегі — жер-қазақтың өзі. Тұлпар да, ару да қайта табылар. Ал жер қолдан кетсе, ұрпақ тамырынан айырылады.

Сол үшін дала отқа оранып, ат тұяғының дүбірі мен семсер сыңғырына толады. Жердің шаңы аспанға көтеріліп, ұлы шайқастарда сан мың боздақ опат болады. Бірақ қазақ ұлтарақтай жерін де жатқа таптатпайды.

Көктемгі қызғалдақ және үнсіз ишара

Ерте көктемде қазақтың сайын даласы жасылданып, алқызыл түске боялады. Алыстан қарасаң — жер ана төсі алқызыл дақтарға малшынғандай. Жақындасаң — қоңыр самалға тербелген сансыз қызғалдақ көңілге нәзіктік пен сұлулық құяды.

Сол алқызыл түс қайдан келді? Бұл — даланы қорғап мерт болған бабалардың қанының белгісі емес пе? Мүмкін, табиғаттың өзі бізге: «Ұмытпа. Жадта сақта. Аманатқа адал бол» — деп үнсіз ескертіп тұрған шығар.

Немеремен бір сәт

Көктемнің бір күнінде немерем: «Қозықұйрық теруге барайықшы, ата» — деп қоймады. Меселін қайтармай, өзім де майға қуырылған дәмін ұнататын соң, бірге жолға шықтық. Табиғаттың сол бір қарапайым сыйы да туған жердің қадірін тереңірек сезіндіреді.