Мектептегі шет тілі

Шетел тілі сабағында ойын элементтерінің маңызы

Жаңа педагогикалық технология — әр сабақта қолдануға болатын, тақырыпты оқушыға жеткізудің және түсіндірудің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Қазіргі білім беру үдерісінде 50-ден астам педагогикалық технология түрі қолданылып келеді. Шетел тілін оқытуда ойындарды сабақ барысында да, сабақтан тыс жұмыстарда да пайдаланудың әдістемелік маңызы ерекше.

Ойын не үшін қажет?

Ойын балалар үшін әрдайым ойын болып қала береді. Сондықтан ойын элементтері бар сабақ оларды тез қызықтырады. Ал мұғалім үшін ойын — дидактикалық әдіс, яғни оқыту мен тәрбиелеудің пәрменді құралы.

Ойынның негізгі мақсаты

  • бағдарлама бойынша алған білімді қалыптастыру;
  • білімді тиянақтау және толықтыру;
  • алған білімді жаңа жағдайларда шығармашылықпен қолдануға үйрету.

Ойын арқылы оқушылар өздерін еркін ұстайды; үлгерімі төмен оқушының өзі белсенділік таныта алады. Ойын тек көңіл көтеріп, сергітумен шектелмей, баланың таным-түсінігін арттырады. Балалар бір-бірімен тез тіл табысып, ептілікке, сергектікке, тапқырлыққа үйренеді.

Шет тілі сабағында ойын элементтерін қолданғанда оқушылардың жас ерекшелік психологиясын және ойынның дидактикалық сипаттарын ескеру қажет. Сонда ғана сабақ тартымды, жеңіл өтіп, оқушыларды жалықтырмайды.

Грамматикалық ойындар

Тәжірибеде жиі қолданылатын үлгілер

1) «Сөйлемді толықтыр»

Мұғалім to be немесе to have етістігін әдейі қалдырып, сөйлем айтады да, етістік орнына үзіліс жасап, допты ойыншылардың біріне лақтырады.

Мысалдар

  • This … a ball.
  • We … in the classroom.

Допты алған оқушы етістіктің дұрыс нұсқасын қойып, сөйлемді толық айтуы тиіс. Қате жіберген оқушы ойыннан шығады.

2) «What have you?» және «What has your friend?»

Әр оқушының партасының үстіне әртүрлі заттар немесе ойыншықтар қойылады. Мұғалім бір оқушыдан: What have you on your desk? — деп сұрайды.

Мысал жауап

I have a toy car. I have a pencil-box, a pencil and two pens.

Кейін мұғалім келесі оқушыға: What has Asan on his desk? — деп сұрақ қояды. Ойын осы ретпен жалғасады.

3) «Act and say what you are doing»

Жүргізуші тақтаға шығып, белгілі бір іс-әрекетті көрсетеді (қол шапалақтау, кітап оқу, кітап алу және т.б.). Қасындағы оқушыдан оның не істеп жатқанын сұрайды. Оқушы: You are clapping your hands / You are reading a book / You are taking a book — деп жауап беруі керек.

4) «Who knows the Present Continuous Tense best?»

Ойыншылар дөңгелене тұрады. Жүргізуші бір етістікті айтып, допты бір оқушыға лақтырады (мысалы: to play). Оқушы осы етістікпен Present Continuous шағында болымды, болымсыз және сұраулы сөйлем құрастырып, допты жүргізушіге қайта лақтырады. Қате жіберген оқушы ойыннан шығады.

5) «Guess what they do in the morning»

Жүргізуші бір адамның таңертең жасайтын іс-әрекетін ойлап, сұрайды: Guess what Omar does in the morning. Оқушылар сұрақ қою арқылы табады: Does Omar get up? Does he do morning exercises? Тапқан оқушы келесі жүргізуші болады.

6) «I can see»

Оқушылар сынып бөлмесінде көріп тұрған заттарының бәрін I can see құрылымын қолданып сөйлеммен айтады. Ең көп сөйлем құраған оқушы жеңеді.

Қорытынды

Ағылшын тілі сабағында ойын элементтерін әртүрлі мақсатта қолдануға болады. Кейбір оқушыларға қызықсыз көрінетін материалды ойын арқылы әсерлі әрі түсінікті жеткізуге болады. Оқушының пәнге қызығушылығын арттыру үшін сабақтың ойын түрінде тартымды ұйымдастырылуына әр мұғалім мұқият дайындықпен келуі тиіс.

Қолданылған әдебиеттер

  1. 1. Иностранные языки в школе. №4. 1987.
  2. 2. Шет тілін оқыту әдістемесі. №6. 2006.
  3. 3. Мектептегі шет тілі. №1. 2010.
  4. 4. Мұғалімдерге арналған әдістемелік кітап. Enjoy English-3. Ақтөбе қаласы.