Төбесіне түскен қыз туфлиі

Көктемгі жол, көлеңкелі тұт, қажыған жүрек

Жол азабынан әбден қалжыраған Шаншархан кішкентай арық бойындағы қою көлеңкелі тұттың түбіне отыра кетті. Әжімсіз тершіген маңдайын беторамалымен қайта-қайта сүртіп, алқызыл жібек көйлегінің түймесін ағытып, рақаттана желпініп алды. Баяу ескен көктем самалы сәндеп тараған әдемі қара шашын бобыратып жіберді. Сылдыр қаққан арық суы өз салқын лебімен шаршаған жолаушының айызын қандырып тұрғандай.

Жігіт оң аяғындағы протезін шешіп, ағашқа сүйеп қойды. Тізеден төмен кесілген аяқ ұшы қызарып, ескі жараның аузы аздап ашылған екен. Аяққап ішіндегі қан сіңе бастаған жұмсақ мақтаны саусақтарымен түтіп жатып, ол ашынып күңкілдеді:

— Әй, айналайын инженерлер-ай, жарты аяққа темір дорба кигізгендерің дұрыс-ақ! Ал соны жеңілірек қылсаңдар қайтер еді?..

Күні бойы осы етектегі ауылдың есік-терезесін қағып, нағашы апасының үйін іздеген жігіт ешкімнен мардымды мағлұмат ала алмады. Жұрт әртүрлі айтты: «Ондай адам мұнда тұрмайды», «Көшіп кеткен». Ал кейбірі кәдімгідей жол сілтеді:

— Е, сенің айтып отырғаның қыли көз Жексенбай екен ғой! Былай жүресің, шырағым: анау қызыл шатырлы үйдің сол жақ бүйірін жанай өтесің де кілт оңға бұрыласың, қаз-үйрегі мол үлкен көшемен жүре бересің, жүре бересің...


Үміт үзілген тұста естілген ән

Біраз тынығып, дем алған соң Шаншархан протезін қайта киіп, жылтыр қара таяғын қолына алды да, қаладағы өз үйіне қайту үшін жолға шықты. Протездің бірқалыпты аянышты сықыры көңілсіз көкектің үніндей ілесіп келе жатқандай еді. Нағашы апасының үйін іздеп әбден сенделген жарымжан жігіт енді қалай да қалаға тез жетуді көздеді. Беталысы — автобус тоқтайтын үлкен жол.

Үміті біржола үзілген ол өзіне-өзі: «Бұл ауылға енді қайтып оралмаспын», — деп ант етті. Дәл осы сәтте үзіліп-үзіліп шыққан сұлу, сазды ән протез сықырын кілт тоқтатты. Жігіт елең етіп, құмарлана тыңдай қалды. Манағы шаршау да, аяқтың қақсауы да бір-ақ сәтте ғайып болғандай. Апасы да, қала да — бәрі ұмыт.

Қыздың сызылта салған үні жігіттің кеудесіне бұлақ суындай құйылып жатты. Сырдарияны Арал теңізі өз арнасына еркін сыйғыза алғанмен, мына әнді жігіт өз кеудесіне сыйғыза алмайтындай. Қайнарды көргісі келген адамдай, ол жолсыз даламен ән шыққан жаққа қарай еріксіз аяңдап отырды.

Табиғаттың өзі тыңдағандай

Көктемнің сұлу сәулесіне қанаты ілініп қалғандай, көк аспанда бозторғай діріл қағады. Айдын көлге төсін сүйгізген ай сәулесі астында шықылықтаған қарлығаштар көктем-бикештің қап-қара моншағындай сымдарға қаз-қатар тізілді. Зеңгір көкте үшкілдене ұшқан тырналар көктемнің базаршысындай еркін маңып барады. Тұтас гүлдеген алма бақтар жерге қонған ақша бұлттай жырақтан шалынады. Айдалған жердің ылғал топырағының иісі қандай сүйкімді!

Осы бір көріністердің бәрі де қыз әнінен тыныс алып тұрғандай еді. Шалғы-орақ, айырларына сүйенген пішеншілер нәзік, сырлы әуенді ұйып тыңдап:

— Бұл кімнің қызы екен, ә?

Олар тамсанып, салқын шалаптарын қомағайлана тауыса сімірді. Тіпті, шөмелеге басын құныға сұғып тойған ала сиыр да аузына сілекейін шұбыртып, тырп етпей маңқия аңырып қалған.


Алма ағашының бұтағындағы қыз

Домбыраның шегіндей болып шырқалған ән кілт үзілді. Шарбақтан секіріп түскен Шаншархан кеміс аяғын ауыртып алды да, көгал үстіне шойтаң етіп отыра кетті. Сол сәтте әлде көктен, әлде жерден — қайдан екені белгісіз — қыздың сықылықтаған күлкісі естілді:

— Жігітім, бақ гүлдегенде ұрлыққа түсуіңіз қалай? Әлде алма пісетін мерзімді ұмытып қалғансыз ба?

Шаншархан жүзіндегі күйзелісті сездіргісі келмей, түсін жылдам өзгертіп, сергек кейіп танытып жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді. Көзін уқалап, аңтарылып тұрғаны сол еді — қатқылдау бір зат төбесіне топ етіп тигендей болды. Ізінше қолдың басы ғана сиярлықтай қызғылт әдемі туфли алдына домалап түсті.

Ол төбесіне қарады. Алма ағашының аша бұтағында бір қыз отыр екен. Ақшыл сәтен көйлегінде алма гүлінің реңіндей құламыш, түрлі түсті өрнектер көп. Келісті мүсін гүлдің абат көбігіне шомылып, айналамен астасып кеткен; тек қызыл шырайлы жүзі ғана ақ қағазға тамған қызыл бояудай бірден көзге ұрады. Қара көзі төңкеріліп, қиыла қарайды. Тізеден едәуір жоғары ысырылған көйлек етегін қысылып қымтап қояды.

Әзілді бастап жіберген қыз бейтанысқа абайсызда туфлиін түсіріп алғанын енді сезгендей, іштей қатты қысылды. «Басы жарылып қалса қайтем?» деген оймен секіріп жерге түсті де, кешірім сұрауды жөн көрді:

— Кешіріңіз, замандас... Мен байқамай...

Жеңіл туфли дәл тигенімен, көпті көрген көнбіс құйқаға аса әсер етпеген еді. Екінші туфлидің де төбесіне түсуін бағып тұрған жігіт қыздың кешіріміне онша мән бермей, жымиып күлді:

— Біз сияқты бойдақтарға осы бастан көндігіп, шыныға берген жөн, қарындас. Ертең күн зәуі кеп, семьялы бола қалсақ — кім біледі...

Олар танысты. Қыз бақшының қызы екен. Аты — Динара. Көл, тау, орман, астық даласын балбыратып, қойдың күйісін тоқтатқан сол ән — осы бір оймақтай ауыздан ағытылып, шартарапқа тамылжып шарықтаған.

Жүрекке байланған сөз

Шаншарханның ішінен «ақ торғын үлбіреген тамақты, сұлу әнді ұзатып салған нәрлі қызғылт ерінді» рұқсатсыз өпкісі келіп-ақ тұрды. Ол сезімін жасыра алмай:

— Сіздің ләззәтті әніңіздің торына мен құмырсқадай шырмалдым. Сол тордан сытылып шығу маған қиын болып тұр. Мен сізге бағыныштымын.

Динара оның ниетін аңдамақ болып:

— Қалай, сіз әнді жақсы көресіз бе?

Жігіт іркілмей жауап қатты:

— Әнді де, әншіні де сүйемін!

Қыз ұялғандай төмен қарады. Шаншархан кенет ауыр ойға беріліп:

— Динара, мен қатты қорқып отырмын.

— Кімнен? — деді қыз.

— Тағдырдан. Бүгін міне, ойда жоқта кездестік. Жақсы-ақ. Ал ертең тәкаппар тағдыр бізді өле-өлгенше кездестірмесе не істейміз? Қайдан табамын мен сені?.. Мен сені қайдан табамын?..

Дәл осы сөзге жауап бергендей, қалың жыныс дүр сілкініп, жапырақтар сыбдыр қақты. Тоқымдай қара бұлт біртіндеп көбейіп, бүр жарған алма бақтың аппақ төсіне ызғарлы тізесін батырғандай. Ызыңдаған жел, сыбдырлаған қайың, сабалаған нөсер — бәрі бір-ақ сөзді қайталағандай еді: «Мен сені қайдан табамын?..»


«Махаббат көктемі» — дауыспен салынған үміт

Динара таң сәріден алма ағашына шығып алып, үнемі ән салатын. Екі көзі биыл көктемде ғана пайда болған даланың ирек соқпағынан айнымайтын: қыз жүрегіне тік тартылған сол соқпақпен бір жігіт күнде келетін. Ол — Шаншархан.

Әнші қыз бұл өлеңін «Махаббат көктемі» дейтін:

Еседі баяу ғана көктем лебі, Табиғат қандай ғажап, көркем еді! Неліктен айлы түнде ұйқы қашып, Неліктен жүрек тулап, өртенеді? Арадан өтсін күндер, көп жыл мейлі, Жүрегім саған ғана кеп жүр дейді. Қылт етсе сенің төбең анау сайдан, Неліктен тұла бойым елжірейді?!

Мақта өңіріндегі колхозшылар да, түбекте сиырын жусатқан малшылар да, тезек терген кемпірлер де, өзеннен су әкелген қыз-келіншектер де асқақтай көтерілген сұлу әнге тамсанып, жаппай құлақ түретін.

Етік тігіп отырған зор денелі, бурыл шашты Динараның әкесі де қалың ұлтанға бізін шанши сала, ықыласын әнге аударды. Аз сәт мүдіріп, кір жайып жүрген бәйбішесіне ажырая қарады:

— Мәртебелі кемпірім, қызың не дейді?

— Біздің Динаш әнді жақсы салады, — деді әйелі қысқа ғана.

— Сөзін айтам, сөзін... «Жүрек өртенеді» дей ме, немене?

Әйелі зірк-зірк етіп:

— О, байғұсым, жүректе нең бар? Тезірек мәсімді жама, суға барам, — деді.

Орта жасқа келген бағбан жіпті нымдап, ысып-ысып қойып, аузы-басы жыбырлап, бір құпиясын ішіне сақтағандай аласа сәкіге мықшия отырып, жай ғана езу тартты:

— Бойжеткен екен... Ым... Солай де!..


Күзгі бақ: үнсіздікке айналған ән

Уақыт өтіп, күз жетті. Қалпағынан айырылған күнбағыстар егінжайда сидиып тұр. Қураған жапырақтар бір-біріне сүйкенісіп, сылдыр- сылдыр етеді. Мизам желі ұшып, кейде ұзын шөптердің басына шырмала кетеді. Сүмбіле түсіп су суыған, қауын-қарбыздың да маусымы өткен шақ.

Арадан айлар өтіп, Шаншархан Динараға бүгін ғана соғып отыр. Бірақ алма бағына апаратын соқпақты таба алмай, әбден әуре болды: жалғыз аяқ жолды шырмауық пен құмай басып кетіпті. Ол кейде тоқтап, қанша құлақ тосса да, ешбір әуез естімеді. Тек қураған түздегі жүгерінің беймаза сыбдыры ғана.

Шаншарханды әрдайым қарсы алатын әннің ыстық құшағы күлге айналып суынғандай. Өзіне таңсық сұлу ән де, өзіне таныс сүйкімді бейне де бұл маңнан кеткен секілді — айнала тым-тырыс. Көктемгі көркін гүлінен, жазғы қырмызы алмасынан айырған алма бағы қуқыл тартып, өңсізденіп қалыпты. Сабағынан үзіліп, шайқала жерге түскен сарғылт жапырақтар үміт отын өшіргендей.

Бұта арасынан ол Динараның көгілдір шатырлы үйіне көз салды. Анау сыпада Динара үнемі шай ішіп отыратын... Койка бар, бірақ көрпе-жастық жоқ... Жіңішке жіпке жуылған ішкиім, көйлектер ілініп тұратын еді — қазір ол да жоқ.

Сол кезде үй жақтан шоқпар таяқ ұстаған шалдың шыққаны көрінді. Ізінше өктем дауыс естілді:

— Керім-ай, Керім! Атымды ертте, құдалардың ауылына барып, Динара жанды көріп келейін!

Із үстіндегі көз жас

Көңілсіз қиял тұманына шомған жігіт ауыр күрсінді. Бақ ішін тынымсыз кезіп жүріп, үлкен алма ағашының түбіне сұлқ отыра кетті. Динара дәл осы дарақтың басына шығып алып ән салатын. Төбесіне түскен туфли... Алғашқы танысу... «Мен сені қайдан табамын?..» деген өзінің аянышты сөзі — бәрі-бәрі есінен шықпапты.

Ән мекені құлазыған. Көктемде шырқалған әнге телміре қарайтын көгілдір аспан қазір төмен салбырап түсіп келе жатқандай. Жалғызаяқ жолды қалың шөп басып, сақал-шашы өсіп кеткен пендедей түр көрсетеді. Сіркіреген жаңбырдан ықтап, ала сиыр мая қуысын паналап тұр. Судырлап түскен сарыала қазтабан жапырақтар ой-сезімді қажап, көңілді тұнжыратады. Бұлбұлынан айырылған бақ тым көңілсіз.

Сазбалшыққа түскен ізге Шаншархан тесіле қарады. Динараның ізі. Башпайына дейін анық. Ол етпетінен сол іздің үстіне құлады. Протездің тізе тұстағы бүкпе темірі сықырлап, жігіттің солқылдап жылағанын білдіргендей еді...