Ендігі жерде Алыпсоқтыңда жүгі ауырлай бастады, кешке таман үйге қайтқысы келмейтін түйелерді кері қуып әлек
Қоңыр күшік
Қуатты қол қоңыр күшікті көк желкесінен ұстап, тік көтеріп алған сәтте оның демі қысылып, жаны көзіне көрінгендей болды. Бірақ қанға біткен қайсарлық па, әлде ауырсынуды әлі танып үлгермеген жас дене ме — бір дыбыс шығармады, іштен тынды.
«Мынауың нағыз төбет болады-ау, қарашы — сесін шығармайды», — деп Болат күліп қойды.
Үйге сіңісу
Енесінің бауырынан шығып, осы үйге тұрақтағалы біраз уақыт өткен сияқты: күшік тарамыстанып, күннен-күнге өсіп келеді. Бұрынғыдай ызаланып тісін ақситпайды, таң атқаннан қара кешке дейін Жантас шалдың қасынан бір елі қалмай, түйелерді бірге бағысады.
Кейде қиялы алысқа шарлап кетеді: көзін жаңа ашқан шағы, бауырларымен бірге ала қаншықтың төсін еміп, қарыны тойған соң арпалысып ойнағандары; көрші үйдің қара-ала мысығының ысылдап, айдаһарша айбат шегіп тап бергені; ана қаншықтың «әрі кетші» дегендей зілсіз ырылдағаны — бәрі-бәрі көз алдына келеді.
Алыпсоқ деген атына сай, ол бірте-бірте нағыз қазақы төбетке айналып бара жатты: күжірейген жон арқасы, сұсты қабағы, ірі ауыл иттерінің өзін имендіретіндей ажар.
Күшік үшін осы ұзын, арық шал — ең жақын жан. Көзін ашқалы бері оның айналып-толғанып еркелеткенінен басқа жамандық көрмеген. «Қоңырым, Алыпсоғым», — деп басынан, құлақ түбінен жұлмалап қойса, күшік елжіреп, тәтті сезімге елігіп, есінеп алып көзін жұмып қояды.
Шөл мен айран
Бір күні екі түйені тұсап қойып, шөп шауып жүріп күн қатты ысыды. Жантас шал қап пен қанардан күрке жасап, көлеңкеге отырып тыныстады. Әдетте күшіктің алдына су құйып қоятын, бірақ бүгін асығыс жүріп, су ыдысын ұмытып кетіпті. Енді өзіне ішетін айраннан басқа ештеңе жоқ.
Амалы таусылып, қоңыр күшіктің кесесіне айран құйып берді. Шөлден әбден діңкесі құрыған күшік айранды жалап-жұқтап отырды. Сол сәтте тәтті сұйықтық баяғы ұмыт бола бастаған ана сүтін еске түсіргендей болды.
Күшіктің ойы енді екі аяқтыларға ауысты. Олардың былдырлаған тілін түсінбесе де, қас-қабағына қарап көңіл күйін, өзіне деген ықыласын дөп басатын халге жеткен.
Кемпірдің ықыласы, иттің тілсіз түсінігі
Жантас шалмен бірге өрістен тілі салақтап келгенде, алдарынан бәйбіше жадыраңқы қарсы алатын. «Жәкем-ау, бүгінгі шапқан шөбің тым аз ғой, жақсы жер таба алмадыңдар ма?» — десе, шал: «Мына Қоңырдың суын ұмытып кетіппін. Күшікті шөлдетіп алам ба деп, алысқа ұзамадым», — деп жауап қататын.
Күшік бұл бәкене кемпірдің де өзіне деген ыстық ықыласын сезетіндей еді. «Күшігім» десе-ақ, іші жылынып сала береді. Кейде алдарынан шықпаса, алаңдап іздеп, Жәкеңе қарай шәңкілдеп үріп қоятын: «Кемпірің көрінбейді ғой», — дегендей.
Жоғалған күн
Бір күні сәскеге дейін қораға жан баласы аяқ баспады. Қоңыр күшік үй жаққа қарап үріп қояды: «Мына түйелерді шығармай ма?» — дегендей. Ол Жәкеңнің ауырып, жатып қалғанын қайдан білсін. Түйені кемпір өзі шығарып, аяғын тұсап өріске қоя берді де, кері қайтты.
Қоңыр күшік еріп барғанымен, қайтар емес. Түйелердің соңынан кетіп барады. «Қасқа, шөлдеп өлерсің ғой, кері қайт. Кешке Болат алдарынан шығып табар», — деген сөзді, әрине, түсінбейді. Түсінсе де көнгісі келмегендей: қайткенде де түйеден бір елі қалмайды.
Болаттың келуі
Уақыт өтпей қойды. Күрке жасап, су беретін Жәкең жоқ. Күшік іштей тас түйін болып, «тек түйені аман-сау үйге айдап апарсам болды» деп бекінді.
Бір сәт дамылдап жатып көзі ілініп кетіпті. Шошып оянғанда, түйелер онша алысқа кетпепті — сонадайдан қарайып зорға көрінеді. Орнынан сүйретіліп тұрып, қайта ілесті. Кешкі мезгіл жақындап, күннің райы қайтқандай; салқындау жел соға бастады.
Кенет көк жиектен шаң көрінді. Тырылдаған дауыс жақындап, Болаттың темірден жасалған «бәлесі» зу етіп жанынан өтті. Болат түйені кері айдап келе жатыр екен. Қоңыр күшіктің жүрегі жарыла жаздап, алдарынан шәуілдеп жүгіре жөнелді.
Болат қоңыр күшікті көріп, әкесін көргендей қуанды. Көтеріп алып, жас баладай еркелетіп, құлағын жұлмалап әлек. «Қоңырым-ау, шөлдеп қалыпсың ғой, бақташым-ау…» — деп әкелген суын алдына тосып еді, күшік мақтауға масайрап, қоңыржай әуенмен үріп қойды.
Үйдің құты болған төбет
Уақыт өте қоңыр күшік көкжал төбетке айналды. Екі түйені таңертең айдап алып кетіп, кешке қызыл іңірде қайта айдап әкелетін болды. Түйелер де Алыпсоққа әбден үйреніп алған: айдағанына көніп, бір елі шашау шықпайтын.
Жәкең де бірте-бірте далаға көп шықпайтын болды. Болат қысқа жетердей етіп демалысында шөп шауып әкеліп береді. Жәкең мен кемпірдің Алыпсоққа деген көңілі тіпті бөлек: «Жеті қазынаның бірі ғой. Бір адамның жұмысын атқарып жүр. Құтым ғой менің», — деп, алдына асығын құйып, ықыласын білдіріп әлек.
Расында, қоңыр төбет бұл үйге құт болып келгендей. Соңғы екі жылдың ішінде Болат үйленді, немере сүйді. Аманшылық болса, екіншісін де күтіп отыр.
Күш түскен шақ
Алыпсоқ бұл өмірге тек түйе бағу үшін келгендей еді. Өзге ауыл иттеріндей бейсауат қыдырып, күл-қоқыс аралап, босқа қаңғып жүрмейді. Алты ай жаз бойы екі түйенің құйрығынан айырылмайды — құдды адам сияқты, айыбы тек тілі жоқ.
Соңғы кезде қара маяның ботасы тайлақ болып, бірге жайылатын болды. Ботасын ерткен қара маяның үйге қайтқысы келмейтіні айдан анық. Ал қоңыр нар бойдақ — оған бәрібір: үйір көріп, қара маядан қалмайды. Енді Алыпсоқтың жүгі ауырлады: кешке таман үйге қайтпай қоятын түйелерді кері қуып әлек.
Қара мая кейде аяғын тарпып, Алыпсоққа айбат шегеді: «Қарынға жабысқан талақ, құсамай кетші әрі, саған не жоқ?» — дегендей аузынан көбік шашып боздап қояды. Бірақ күшік кезінен сіңісіп кеткен төбеттен шынтуайтқа келгенде қаймығатындай: алға басқан аяғы кері кетіп, амалсыз үйге қарай бұрылады.
Соңғы күн
Соңғы екі-үш күнде қоңыр төбеттің денесі ауырлап, түсініксіз бір күйге түсті. Түнге қарай ішін тартып ұли береді. «Мына Алыпсоққа не болған, қара басыңа көрінгір, ұлығаны несі?» — деп Жәкең күңкілдеп қояды.
Бүгін күн ыстық болатын түрі бар еді. Түйені ертерек шығару керек, салқынмен жайылып алсын. «Алыпсоқ та болмай жүр соңғы кезде», — деп бәкене кемпір Жәкеңді ерте тұрғызды.
Салы суға кеткен төбет әлдене жамандықты сезгендей, алға басқан аяғы кері кетіп, түйеге әрең ілесті. Соңғы күндері ауыл сыртындағы қаңғыған иттерді ататын жалдамалылар көрінген. Алыстан тарсылдаған мылтық дауысы естіледі.
Қатты ыстықтан шөлдеген түйелер де бұл жолы көп қинамай, ауылға қарай өздері-ақ аяңдай бастады. Сол кезде екі адамның бірі: «Атпай-ақ қойшы, мынау қаңғыбас итке ұқсамайды ғой», — дегендей болды. Бірақ екіншісі елең қылмады да, қанды қол шүріппені басып қалды.
Осы күнге дейін екі аяқтылардан еркелетіп, басынан сипағаннан басқа ештеңе көрмей өскен қоңыр төбет өзіне бірдеңе шошайтқан адамға аңтарыла қарап қалды. Көзінде бір ғана сұрақ тұрғандай еді: «Айдалада неғып жүрсіңдер? Түйені үркітесіңдер ғой…»
Шаңқ еткен ащы үнмен бірге оның өз даусы да қаңқ етіп шықты. Жер шыр көбелек айналып, ол құлап бара жатты.
Бес күндік мағына
Итке де болса бес күндік мағыналы өмір — көз алдынан тізбектеліп өте бастады. Соңғы көмескі ойы бір-ақ ауыз еді: «Қап, түйелер үйге бармай қаңғып кетер…»
Сол оймен бірге көзінен ыршып шыққан бір тамшы жас бейкүнә өмірін қиған тағдырына лағнет айтып, үнсіз домалап бара жатты.