Байменова Назерке 8 сынып

Байменова Назерке

8-сынып, №1 балалар шипажайы мектебі

Жетекшісі: Садырбекова К.Б.

Салт-дәстүрдің ұлт болмысындағы орны

Қандай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін танытады. Мысалы, қазақ халқына тән бауырмалдық, ақжарқындық және қонақжайлық. Бұл ерекшеліктер басқа халықтарда да кездеседі, алайда әр ұлтта өзіндік қырынан көрініс береді.

Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын қазақтың салт-дәстүрлері оның ұмытылмағанын дәлелдейді. Олар тіршілік кәсібіне, наным-сенімге, өмірге деген көзқарасқа байланысты ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, уақыт ағымына сай өзгеріп, жаңарып отырады. Бүгінгі өмір ырғағына байланысты кейбірі түрленіп қана қоймай, жаңадан қалыптасып та жатыр.

Салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәні

Салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесіндегі мәні зор. Қазақ дәстүрлері мазмұнына қарай үш үлкен түрге бөлінеді: бала тәрбиесіне байланысты, тұрмыс-салт және әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер.

1) Бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар

Бұл бағыттағы дәстүрлер баланың дүниеге келген күнінен бастап, есейіп азамат болғанға дейінгі кезеңді қамтиды.

  • Шілдехана
  • Сүйінші
  • Балаға ат қою
  • Бесікке бөлеу
  • Қырқынан шығару
  • Тұсау кесу
  • Атқа мінгізу
  • Сүндет той
  • Тіл ашар
  • Еңбекке, өмірге бейімдеу

2) Тұрмыс-салт дәстүрі

Тұрмыс-салтқа қазақтың киіз үйі, жиһаздары, ұлттық киімдері мен тағамдары жатады. Мал бағу, егіншілік, аңшылық, бағбаншылыққа қатысты кәсіптерге баулу да халқымыздың дәстүрлі тәлімгерлік үлгілері арқылы жүзеге асқан.

Киіз үй Жиһаз, бұйым Ұлттық киім Ұлттық тағам Кәсіпке баулу

3) Әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер

Ұлтымыздың сөз өнері, ұлттық аспаптары, мерекелері және қонақ күту дәстүрі халқымыздың рухани биігін айқындайды. Соның бір дәлелі — ата-бабамыздың киіз үйден бастап, оның ішіндегі тұрмыстық заттарды, бұйымдарды, киім-кешекті шебер жасап, ұрпаққа мұра етіп қалдыруы.

Ұлттық мұраға құрмет — ұрпақ міндеті

Ата-бабамыздың салт-дәстүрлерін мақтан тұтамын. Қазақта: «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Осы сөзге сүйене отырып, бабалар аманатын сақтаушы ұрпақтың бірі болуға талпынамын.

Елімді, туған өлкемді, салт-дәстүрімді шын жүрегіммен сүйемін және оны әлемге танытқым келеді. Өйткені қазағымның асыл қасиеттері жүрегіме қуат, көңіліме мақтаныш береді.

Бүгінгі күні Тәуелсіздігімізді алып, дербес мемлекет ретінде өзге елдермен тереземіз тең болған шақта біз, жас ұрпақ, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді заман талабына сай қолдана отырып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етеміз деп уәде береміз.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы