vv

28 маусым

Бүгінгі мереке туралы ауыз толтырып айтарлықтай әңгіме де, ізгі тілектер де көп жазылды. Әлі де жалғасын тауып, толастар емес. Қол тиген сәтте, асығыстық болса да, бір-екі ауыз сөз айта кетейін.

«Төртінші билік» — мақтаныш қана емес, аманат

Аузын айға білеген әрқайсымыз журналистика мен баспасөзді «төртінші билік» деп жиі айтамыз. Бұл, бір жағынан, жүгі ауыр кәсіп иелері үшін мақтаныш. Екінші жағынан, өз-өзімізді жұбатудың да бір тәсілі сияқты: артыңда қаншама сенім тұр, соған сай болмақ мақсат жатыр.

Маңызды қағида

Уақыты өткен сылдыр сөз емес, уытты әрі ұтқыр сөз айту — журналистке бұрыннан тән қабілет те, қасиет те.

Журналист ауыздан шыққан әрбір «Аһ!» дегенді ақиқат санап, жол-жөнекей тексермей тұрып жарияланымға арқау етпеуі керек. Ұйымдасқан сайын оң-солға қисая беріп, өзгенің өмірін өсекке айналдыруды, жердегі «жұлдыздардың» тіршілігін тілге тиек етуді мақсат тұтпаған абзал. Ол жағын «сары басылымдар» онсыз да істеп жатыр.

Сенсация қуалау — кәсіби жеңіс емес

Бүгінде жоқ жерден сенсация тудыратын қарабайыр «әнші-тілшілердің», ел өмірін жұтаңдыққа бастайтын үстірт тәсілдердің көбейгені — талас тудырмайтын ақиқат. Осы жолға еліктеп, табан тоздырып жүгіру нәтиже бермейді.

Дегенмен, болашақта тағдыр тәлкегімен тілшілік тіршілігіне жолай қосылар адамдар да табылар. Бәрі емес, әрине. Егер талап танытып, еңбектенсе, мамандыққа деген махаббаттың жемісті жеңісін де көрер.

Түйін

Іс тетігін қашан да маман шешеді. «Қой сойса да, қасапшы сойсын» деген ниет — осы.

Әріптестерге арнау: ақпарат майданындағы армия

Осы қысқа да нұсқа мәтінге арқау болған әрлі-әріптестерім! Ұлт сенімін арқалаған ұлы жүректер! Әр топты (101, 102, 103) ақпарат майданындағы армия десек, әрқайсымыз сол майданның жауынгеріміз: қаруымыз — қалам (телевизиядағылар үшін — микрофон), қалқанымыз — дәптер.

Санаға сақ болып, халыққа бақ қондырайық. Журналист қорек етер түйе жантақты — сүбелі жаңғаққа, жамылар «қар» көрпені — төр көрпеге, жастанар «мұз» жастықты — құс жастыққа айналдырар қуат тілеймін.

Ауызбен орақ орғандардың емес, аузымен құс тістегендердің санатынан табылып, Ахаңдар ашқан «арна» тізгінін қолдан бермейік.

P.S.

Біз, журналистер, қоғамға «мысықтың» қай бағытқа бет алғанын көрсетеміз. Ал ары қарай қоғамның өзі-ақ «мысықпен» айналысып кетеді — сана сапасы мен ой ұшқырлығына сай.

Мақала Журналистика Жауапкершілік