Елтаңба авторы

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Сенек ауылы • Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектеп

Орындаған

Съезд Дана (10-сынып)

Жетекші

Джанбаева Маржан Нұрымқызы

Жұмыстың тақырыбы

«Ұмытуға болмайтын оқиғалар: Елтаңба авторы — Жандарбек Мәлібеков»

Қазақстан тәуелсіздігіне арналған мектепішілік ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұсынылған зерттеу жұмысы.

Кіріспе

Тәуелсіздікті нығайту жолындағы өміріміз маңызды оқиғалармен өрілді. Бүгін Қазақстан атауы әлемге кеңінен танылып, еліміздің әрбір қадамын халықаралық қауымдастық қызығушылықпен бақылап отыр.

Ата-бабадан қалған асыл мұралар — халықтың тарихын, ұлттық болмысын және рухани дүниесін танытатын қазына. Әдебиет пен мәдениет, ежелгі дәуірден жеткен шежіреміз елдігімізді бекемдеп, келер ұрпақты адамгершілікке, парасаттылыққа бастайды.

Негізгі ой

Қазақстанның Елтаңбасы — тарих пен бүгінді жалғаған, ұлттық рухты асқақтататын мемлекеттік нышан. Алайда оның авторы Жандарбек Мәлібеков туралы мәлімет аз болғандықтан, бұл тақырыпты зерттеу өзекті.

Елтаңбаның әрбір белгісінде терең мағына бар. Осы мағыналарды ұштастырып, ұлттық дүниетаныммен үйлестіре алған тұлға — сәулетші Жандарбек Мәлібеков. Бұл жұмыста оның өмір жолы мен еңбектеріне, сондай-ақ Елтаңбаның идеялық негіздеріне тоқталамыз.

Негізгі бөлім

Өлең жолдары

Тәуелсіздік рухы күшті ғажап күн,
Артта қалды бодан болған азат күн.
Елім, жерім, қазағым деп күңіренем,
Өйткені мен тәуелсізбін, азатпын.

Құлтай Жадыра

1) Жандарбек Мәлібековтың өмірбаяны

Жандарбек Мәлібеков 1942 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін тәмамдаған.

Білімі

Ташкент политехникалық институты (1964)

Сәулет өнері факультеті

Қызметі

ЕҰУ, профессор-оқытушы

Астана, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Еңбек жолында Өзбекстан Республикасы ғылыми-инженерлік қала құрылысын жобалау институтында сәулетші, кейін бас сәулетші болып қызмет атқарған. 1993 жылы Астанаға қоныс аударған.

Отбасы туралы дерек: жұбайы Ақшаймен бірге үш ұл тәрбиелеген (Серік, Нұрлан, Досжан), немерелері бар. Серік пен Досжан әке жолын жалғастырған, Нұрлан отбасымен Ташкентте тұрады.

2) Өзбекстан Республикасына қосқан шығармашылық үлесі мен жетістіктері

Жандарбек Мәлібековтың Өзбекстандағы шығармашылық мұрасы — қалалық кеңістік пен қоғамдық нысандар сәулетіне қосылған елеулі үлес. Ол шамамен қырық жылға жуық уақыт бойы жобалау институтында еңбек еткен.

Негізгі жобалары

  • Әндіжан қаласының әуежайы
  • Ташкенттегі Үкімет қонақүйі
  • Ферғанадағы облыстық пошта
  • Драма театры және Орталық кітапхана

Кәсіби мәртебесі

Қазақстан және Өзбекстан сәулетшілер одағының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі.

Жетістіктері

1982 жылы Нүкіс қаласының орталығын абаттандыру байқауында І орын; 1985–1990 жж. бірнеше архитектуралық байқаулардың жеңімпазы.

Марапаттары қатарында Құрмет ордені және «Тәуелсіздікке 10 жыл» медалі аталады.

3) Қазақстан Республикасына қосқан ерен еңбегі

1992 жылы Қазақстанның Елтаңбасы мен Туына конкурс жарияланғаны белгілі. Уақыттың тығыздығына қарамастан, Жандарбек Мәлібеков бұл байқауға қатысуға бел буып, Елтаңба нұсқасын әзірлеуге кіріскен.

Тарихи негіз

Ежелгі дәуірден белгілі тамға ұғымы — ру-тайпаға, әулетке тиесілі белгіні білдіретін нышан. Түрік қағанаты кезеңінде бұл термин кең қолданылып, билік белгісі ретінде орныққан. Тамға дәстүрі қазақ қоғамында да ұзақ уақыт сақталып, кей өңірлерде бүгінге дейін жалғасып келеді.

Шаңырақ

Шаңырақ — мемлекеттің түп негізін, отбасының бірлігін бейнелейді. Ол күн шеңбері тәрізді тұтастықты меңзейді. Қазақ дүниетанымындағы «шаңырағың биік болсын» тілегі — тұрақтылық пен берекенің символы.

Қанатты тұлпар

Тұлпар — еркіндікке ұмтылыс, қажымас қайрат пен жеңіске деген жігер. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті байланыстырып, жасампаздық пен өсу идеясын күшейтеді.

Бес бұрышты жұлдыз

Жұлдыз — бағыт-бағдар, биік мұрат, мәңгілікке ұмтылу нышаны. Кейбір талқылауларда оған саяси мән телінгенімен, түсіндіруде оның дінге де, бір идеологияға да тәуелді емес, жалпыадамзаттық символ екені айтылған.

Бірлік идеясы

Елтаңба бір шаңырақ астында тату өмір сүретін Қазақстан халқының өсіп-өркендеуін, рухани байлығын және көпқырлы болмысын тұтастай танытады.

Қабылдану барысы

Дайын жоба алдымен қазақ мәдени орталығы өкілдеріне көрсетіліп, кейін Алматыда байқауға ұсынылған. Жоба сессия қарауына жолданған көптеген жұмыстың ішінен озық деп танылған. Талқылау кезінде жұлдызға қатысты пікірталас болғаны айтылады: жұлдыздың мәні — кеңістік пен болашаққа бағдар, елдің өз жұлдызының жарқырауына тілек.

Кейінгі сәулеттік идеялары

Автордың еңбектері Елтаңбамен шектелмейді. Мысалы, елорда кеңістігін ұлттық нақышпен байытуға бағытталған жобалар қатарында «Мәңгілік ел қақпасы» (салтанат қақпасы) туралы бастама аталады: ұлттық бейнелермен безендіріліп, тәуелсіздік идеясына көркем тілмен үн қосатын сәулеттік шешім ретінде сипатталады.

Қазақстан Республикасының Елтаңбасы 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды. Осылайша, тарих сахнасына тәуелсіз мемлекеттің айрықша нышаны болып орнықты.

Пікір (ұсыным)

Қазақстан тәуелсіздігіне арналған «Ұмытуға болмайтын оқиғалар: Елтаңба авторы — Жандарбек Мәлібеков» тақырыбындағы зерттеу жұмысы автордың ізденісіне негізделген. Оқушының патриоттық көзқарасы, жауапкершілігі және ғылыми жұмысқа бейімділігі байқалады.

Пікір білдіруші

Джанбаева Маржан Нұрымқызы

Қорытынды

Болашақ ұрпаққа сара жол салып, мәдениетіміз бен елдігімізді дамытуға үлес қосқан тұлғалардың еңбегі халық жадында сақталары сөзсіз. Тәуелсіздік алғаннан кейін елорда тағдырын айқындау мүмкіндігі туды, ал бүгінгі Астана әлемдік іскерлік байланыстардың маңызды орталықтарының біріне айналып отыр.

Елтаңба — мазмұны өзгермейтін, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қалатын қасиетті нышан. Сондықтан оның түпнұсқалық бейнесін сақтап, ресми үлгісін бұрмаламай қолдану — ортақ жауапкершілік. Әр оқушы бұл рәміздің мәнін танып, қадірін түсініп өсуі маңызды.

Жандарбек Мәлібековтың еңбегі арқылы Елтаңба қазақ халқының нық болмысын әлемге танытатын айқын белгіге айналды. Тәуелсіз Қазақстанның жұлдызы жарқырай берсін, болашағы баянды болсын.

Пайдаланылған әдебиеттер

  • 1. «Аңыз адам» журналы
  • 2. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздік рәміздері». Алматы, 2005. Е. Ш. Шаймерденов
  • 3. «Егемен Қазақстан» газеті, №6–7, 2011
  • 4. «Ақиқат» журналы, №1, 2, 3, 4, 5, 7, 8, 2011
  • 5. «Ана тілі» газеті, №41, 46, 48, 49, 51, 2010
  • 6. «Бала би» журналы, №12, 2010
  • 7. «Ұлан» газеті, №45, 49, 50, 2010
  • 8. Интернет дереккөзі: Яндекс