Ақбаяннан хат

Ақ бөлменің тынысы

Қозғалмай шалқамнан жатқаным бір аптадан асып кетті. Көзімді ашып, жан-жағыма қараймын. Аурухана бөлмесі мұнтаздай таза. Қабырғасы да, төсек-орным да, терезедегі перде де — бәрі аппақ. Аққу үлпегіндей жұмсақ көрінеді.

Айнадай тап-таза ақ бөлмеге сән бергісі келгендей, ашық терезеден көгере бастаған жас қайыңның бұтақтары сығалайды. Жапырақтары желмен ойнап, әлсін-әлсін сыбдыр қағады. Кенет бір бұлбұл бабына келтіре салғандай әсем үнге көшіп, сұлу әуенге зәру жанымды баурап алды.

Езу тартып күлімсіреймін. Тәубе! Өмірдегі ең қуанышты сәттің өзінде осы шат дүниені қайта көрмей кетуім мүмкін екенін сол секунтта анық сезіндім. Қуанышта да ажал бар деп кім ойлаған? Жасың келген соң, жар басында тұрған адамдайсың: аяқтың бір сәл мүлтігі — шыңырауға кету.

Мен де сол қауіпке жақындаппын. Иә, ажал деген қақпаннан бұл жолы да құтылып кеттім. Қақпан тарс жабылғанымен, өткір жүзі жетпей қалды — тағы да босатып жіберді.

Сол күннің суреті

Көзімді жұмып сәл ойлана қалсам болды — сол күн көз алдыма елестей жөнеледі. Сол күні мен жиырма бес жыл бойы жүрегімнің түбінде тұмардай сақталған арманым — Ақбаянмен кездестім.

Электр қоңырауын басқанымда, есікті өзі ашты.

— Келдің бе? Үлкен бота көзін күлімдете қарады да, қынай белді сұңғақ денесін ырғалта, оқтаудай түп-түзу аяқтарын жай басып, қолымнан ұстап қонақ бөлмесіне қарай жетектей жөнелді.

Салтанатты қонақ бөлмесіндегі жұмсақ тахтаға қатар отырдық. Оның аппақ білегінен ұстап, өзіме қарай ақырын тарттым. Қарсыласқан жоқ. Бұл — жиырма бес жылдан кейінгі менің алғашқы сүюім еді. Ақбаян да оймақ ауызын жақындатып, сәл дымқылданған ернімен құшырлана жауап қайтарды.

Сол бір мезетте бойымды бір алып күш билеп кетті. Елуге таяғанда мұндай қуат қайдан келді деп таң қалдым. Ләззат адамға күш береді деген рас екен. Ақбаянды бауырыма қыса құштарлана сүйдім.

— Асықпа, көйлегімді шешейін, — деді Ақбаян даусы дірілдеп.

Ол құшағымнан босап, сырт киімдерін шеше бастады. Ақбаян десе — Ақбаян. Қырық екіге шықса да, жаратқан бедеудей сұп-сұлу: құмырсқа мықын, бура сан. Үлбіреген жібек іш көйлегінің астынан дене сымбаты анық аңғарылады — олпы-солпы жері жоқ. Парижде Роден музейінде көрген мүсіндердей, ақ мрамордан мінсіз жонылғандай аппақ, жұп-жұмыр.

Көзіме кенет ол аспаннан түскен хор қызы секілді елестеді. Шыдай алмай, құшағымды жая қарсы жүрдім. Ол да маған қарай ұмтылды. Сол сәтте дүние шыр көбелек айналып кетті.

Ең соңғы көргенім — мөлдір судың астында бұлқынған ақ сазандай жарқ еткен Ақбаянның аппақ денесі және шарасынан шыға жаздап үрейленген көздері. Одан кейін не болғанын білмеймін.

Дәрігер үкімі

Көзімді ашқанымда — түсі суық, ақ кебіндей бөлме. Үстінде ақ киімі бар, көзілдірікті, шоқша сақалды бір кісі бетіме үңіліп тұр екен.

— Сізге енді бір ай мызғымай жату керек. Сірә, бірдемеден қатты тебіренген секілдісіз. Инфаркттың ең ауыр түрінен әрең алып қалдық. Енді амал жоқ, біраз күнді қозғалмай өткізуге тура келеді, Сабыр жолдас.

Отыз жылға жуық шахтада жұмыс істеген адамның жүрегінің кенет талмаурап қалуы — ғажап емес. Бірақ ауыр мехнаттың талайына мызғымаған асыл жүрек ләззаттың бір сәт қуанышына шыдай алмағанын сонда түсіндім.

Үндемедім. Бірақ іштей шаттандым: аурудан аман қалу — олжа. Әлі-ақ жазылармын. Аяулы Ақбаяныммен тағы да кездесермін. Елуге таяғанша жер бастыртып жүрген жүрек үнемі бүйтіп талмаусырай бермес.

Бәтима және айтылмаған өкпе

Міне, осы күннен бері бір апта өтті. Дәрігер «қимылдама» дегенімен, шыдау қиын. Үнемі шалқамнан жата беруден арқам сіресіп қалғандай. Адам ауырған жеріне қолын апара береді ғой — мен де жүрек тұсымды алақаныммен басып қоямын. Қай тұсы екенін ажырату қиын: әйтеуір түйіліп ауырады. Алғашқы күні ине сұғып жатқандай шаншыған, қазір бәсеңдеген.

Тамырымды ұстап, жүрегімнің соғуын тыңдаймын: тық-тық... Бұзылған сағаттай тым баяу жүріп жатқандай. Біреу... екеу... үшеу...

Кенет есік қағылды. Санымнан жаңылып кеттім. Іштей ренжідім: «Тағы да сол қолыма ине сұғып, дәрі жіберетін шығар...»

— Кіріңіз...

Бәтима кірді. Талдырмаш денелі, аққұба жүзді, әдеміше келген, отызға жетпеген, әлі тұрмыс құрмаған әйел. Қазақы ұғыммен айтқанда — «кәрі қыз». Маған ресми түрде күтуші етіп бекітілген дәрігер қарындас. Тамырыма шанышқы арқылы дәрі жіберетін де — осы.

Бұл жолы оның қолында шанышқы емес, жаңа ғана үтіктелген ақ бастон костюмім бар екен. Терезе жанындағы арқалы орындыққа апарып ілді де, Социалистік Еңбек Ері екенімнің белгісі — Алтын медаль мен Ленин орденін өзіме көрсете тағды.

— Қалайсыз?

Бәтима біраздан бергі танысым. Арамызда шешілмей қалған, іште жатқан бір құпия сыр да бар. Ауруханаға осылай түскелі бері екеуміз де бір-бірімізден қысылатын сияқтымыз. Кейде шанышқысы қаттырақ батса, «әдейі ауыртқысы келе ме?» деп те ойлап қаламын. Өйткені оның маған өкпесі бардай көрінеді. Мүмкін, өкпесі де жоқ шығар — бірақ өзім солай жоримын.

— Жақсымын, — дедім, қабағы түйіліңкі жүретін Бәтиманың сол күйі маған күтпеген жылылық сыйлағандай болды.

— Әлжекеңнің сұлуы бүгін тағы келіп кетті, — деді ол пердені кеңірек ашпақ болып жатып. Даусында зіл бар еді.

Ақбаянның атын ол жақсы біледі. Бірақ атамай, үнемі «Әлжекеңнің сұлуы» немесе «әлгі директор ерінен айырылған бикеш» дейді.

— Михаил Кузьмич оған кіруге рұқсат етпеді. Әбден айықпай сізге жолығуға болмайды деп қайтарып жіберді.

Менің сөзімнің астары түсінікті еді:

— Бекер еткен екен... Мен сөйлеуге жарап қалдым ғой.

Бәтима енді ғана көзінің қиығын маған аударды.

— Сіздің сөйлеуге жарайтыныңызды жарамайтыныңызды өзіңізден гөрі емдеп жатқан дәрігеріңіз біледі.

Мен кілт тоқтамай:

— Бірақ менің неден ауырғанымды дәрігерім білмейді ғой. Аурудың мың да бір емі оның себебін білуде демейсіңдер ме?

Бұл — «Ақбаянды көрсем, кеселіме сол шипа» деген ишара еді. Бәтима оны бірден түсінді.

— Кеселіңіздің неден екені бәлендей жұмбақ емес тәрізді. Жұмбақ — сол кеселден жазылу жолы. Сізге әзірге директор ерінен айырылған бикешпен жолығуға ерте. Асықпасаңыз, кезі келер.

Осыны айтып, сабырлы түрде шығып кетті. «Емдеуші адам жаныңа батар сөз айтса не болады?» деген ой да келді. Бірақ Бәтиманың не айтқысы келгенін ұқтым: оның «кеселі» менің жүрегім емес — Ақбаян. Маған деген өкпесін де, Ақбаянға деген наразылығын да ауыртпай, сыр қылып жеткізіп кетті. Әйелдің күші аз, айласы көп деген — осы.

«Бүгін тағы келді» деген сөздің салмағы

Дегенмен Бәтиманың сөзі көңілімді көтеріп жіберді. Себебі мен бұл сәтте — бақытты едім. Ажалың жетсе, жаныңды алтын сандыққа да сақтай алмайсың. Мәселе менің кенет ауырып қалуымда емес, жиырма бес жылдан асқан арманым — сүйген адамыма қолымның жетуінде еді.

«Бүгін тағы келді!» Бұл сөздің ішінде маған ғана мәлім қымбат сыр бар. Мен жатқалы оның үшінші рет келуі. Ақбаяным мені іздеп үшінші рет келді. Бұл — оның жүрегі, жаны мен деп қалай ауырып жүргенінің белгісі емес пе? Сүйген адамың сен үшін жаны ауырып тұрса — одан артық бақыт бар ма?

Жоқ. Одан артық бақыт жоқ. Мен шын бақыттымын. Ризамын, алтын құсым.

Алтын құс

«Алтын құс» деген сөз аузыма қалай түсті? Толқыған жүрегімді әзер басып, сол атау алғаш туған әдемі кешті есіме алдым.

Мыс қазған кен орны ол кезде шағын ғана қала еді: ағылшындар салған бес-алты ескі шахта, жаңадан іске қосылған төртеуі. Ең тереңі жүз елу-екі жүз метрден аспайтын. Кен көтеретін, адам түсіріп-шығаратын клеттері де шағын. Жұмысшы саны да мыңға жетер-жетпес.

Сырт көзге ол мекен рабайсыз-ақ: қатпар тас, сирек жусан мен қау, жыңғыл мен ошаған өскен адыр-тобелер, ұшы-қиыры жоқ сұрғылт дала. Ойпаңдау сайда көмірмен жанатын электростанция — ТЭЦ. Қырқаларды бойлай тастан қаланған, сұр балшықпен сыланған бір қабат жатақ үйлер. ТЭЦ маңындағы алаңда кен қоймасы: сұрғылт перит пен арасынан жасыл мүк секілді көгеріп кеткен малахит тастары үйіліп жататын.

Осы жерден Қасқырсай мыс зауытына дейін алпыс шақырым. Ал Қасқырсайдан алпыс шақырым жерде Жайқоңыр деп аталатын қоңырқай тас көмір орны бар — көмір сол жерден зауытқа да, біздің рудникке де тасылады. Үш кәсіпорын бір-бірімен жіңішке теміржол арқылы жалғасқан. Ұзын тапал платформаларды сүйрейтін, кішкентай болса да ысқырығы жер жаратын «Поппель», «Көкек» деп аталатын паровоздар жүретін.

Біз Мысқазғанға сонау аумалы-төкпелі отызыншы жылдары Атбасардан келдік. Соғыс басталар жылы мен жиырма бірге шықтым. Екі жыл бұрын тоғыз жылдық мектепті бітіріп, әкем шахтада тас құлап мүгедек болған соң, институтқа бармай жұмысқа тұрғанмын.

Мен жиырма бірде болсам, Ақбаян он жетіге аяқ басқан еді. Тоғызыншы сыныпта оқитын. Көрші едік. Оның менімен құрдас Садық деген ағасы болатын. Ажарлы шешесінің аты — Бибиғайша. Садық та мен сияқты шахтада кен жарғыш, от-дәрі атушы болып істейтін, екеуміз дос едік. Олар Баянауыл жақтан. Мысқазғанға жиырма сегізінші жылы тәркілеумен келген. Келгеннен кейін екі жыл өтпей әкелері қайтыс болып, Бибиғайша бір ұл, бір қызбен жесір қалған. Бір кезде үлде мен бүлдеге оранған бәйбіше енді екі жеңін түріп, шахтаға түсті. Электровоз айдауды тез үйренген.

Менің де мүгедек әкем, ауру шешем бар. Шахтада жұмыс істеп, соларды асыраймын. Ал Бибиғайша мен Садық барын Ақбаянға жұмсайтын: күн де, жел де тигізбей, гүлдей мәпелеп өсірді.

Ақбаянның шын аты — Баян. Бірақ шешесі қызының жұмыртқадай аппақтығына сүйсініп, «Ақбаяным» деп атап кеткен. Біз де соған үйреніп алғанбыз. Иә, ол Ақбаян десе — Ақбаян. Көркіне көз тоймайтын. Екі беті аппақ қардай. Қазақ «оймақ ауыз, күлім көз» дейді ғой — сол оймақ ауыз, күлім көз ақ құбаның ең көріктісі еді.

Біз қыз бен жігіт болып танысқанда, ол он алтыға жаңа шыққан. Сол кездегі бейнесі әлі көз алдымда: сазды жерге біткен тал шыбықтай сымбатты, сұңғақ бойлы, аш белі үзіліп кетердей жіңішке. Үлкен қара көздері қамыс арасындағы түпсіз қара судай тұңғиық; тек саған қарап күлімдесе ғана қарашықтарында күн сәулесі ойнағандай нұр пайда болатын. Нәзік те жұпар аңқыған ақ гүл секілді, бірақ көктем аяғында толықси бастаған ақ гүлдей еді.

Біз бір-бірімізді қатты жақсы көрдік. Әуелгісі — албырт, балғын екі жастың көз үйренген қуанышы болатын. Бірақ ол сезім жарты жылдың ішінде шын махаббатқа айналды. Бұл ғашықтық дауылсыз, бұлтсыз жаздың ашық күні секілді — ешбір уақиғасыз, бірінен соң бірі салтанатпен өтіп жатты. Тек жүректегі от күн сайын күшейе берді.

Көктемгі кеш және сөздің тууы

Сол күн де бүгінгідей көктемнің тамаша күні еді. Ағаштар жапырақ жайып, гүлденіп, жердің түгі әбден тебіндеп тұрған. Қиялым мәңгі ескірмес гауһардай жарқ етіп, көз алдыма сол кештің суретін әкелді.

Рудник шетіндегі шағын бау-бақша. Күн батып бара жатқан кез. Тапал келген жас қайыңдар арасындағы орындықта Ақбаян екеуміз қатар отырмыз. Қара көлеңке қоюлана бастағанда оның ақшыл жүзі қараңғы түнде көтерілген күміс айдай көрінген. Бақ іші емес, өз жаным махаббат күйіне сыймай кеткендей еді.

Ақбаянды ақ білегінен ұстап өзіме қарай тарттым. Ол қымсына үлбіреп, жел үрлеп жантайтқан бәйшешектей қисая түсіп, басын иығыма салды.

— Сабыр, — деді Ақбаян даусы сыбызғы үніндей дірілдеп. — Сен маған деген махаббатыңды немен атар едің?

Ойланбастан:

— Алтын құс дер едім.

— Алтын құс болады ма? — деді ол. — Болмайды. — Онда неге алтын құс дейсің? Менің саған деген махаббатым — ақиқат қой.

Мен басқа жауап бердім:

— Алтын құс болмайды. Сондықтан да қолға түспейді. Сенің махаббатың да маған сол қолға түспес алтын құс тәрізді.

— Менің махаббатым алтын құс болса, сол махаббаттың иесі — өзім — қолыңда тұрған жоқпын ба? — Алтын құстың ұшып кетуі ғажап па? — Ұшырма. — Ол үшін алтын тор керек... — Сенің алтын торың — сенің махаббатың емес пе? Мықтап құр сол алтын торыңды.

Осыны есіме алғанда жүрегім қайта тыпыршып кетті. Жоқ, толқуға болмайды. Өзімді ұстауым керек.

Бірақ ой деген үзілмес шынжырдай: «Алтын құс!» Расында да, Ақбаянның махаббаты менің қолыма түспес алтын құс болмады ма? Ұзақ жылдардан соң «енді түсті» дегенімде — тағы да ұшып кеткендей. Сонда мен нені дұрыс істемедім? Алтын торымды дұрыс құра алмадым ба? Жоқ, құрдым ғой. Бірақ оны быт-шыт қылған — Ақбаянның махаббаты емес, бөтен күш еді.

Бір күлкі бұзған әлем

Сол кеште лап етіп жанған табиғи махаббат екеумізді де шыдатпады. Бір-бірімізді құмарлана құштық. Ләззаттың дәл сол бір мезеттік рақаты үшін өмір бойы дозаққа жануға да дайын едік. Ақсай айқасқан білектерімізді көзге көрінбес шынжырмен байлағандай — айырылар емеспіз.

Әттең, дүние-ай. Біздің құшағымызды кенет пайда болған күлкі бұзды.

— Міне, ғашықтар деп осыларды айт! — деді қарқылдай күлген қоңырқай еркек дауысы.

Жастықтың алып-ұшқан тойы сап тыйылды. Мөлдір сезімге біреу қара май құйып жібергендей болды. Дауыс шыққан жаққа ренжи қарадық.

Аллеядан қыз бен жігіт шығып келе жатты. Қызы маған таныс: қыпша бел, талдырмаш, қызғылт шашты, ақ сары жүзді. Ал еркегі — грек мүсіншілері мрамордан қашап жасағандай: кең жауырын, арыс кеуде, қара торы, қошқар мұрынды. Қара бұйра шашы ұйысып, бөрік секілді төніп тұр. Кеше ғана көргенім бар еді.

Ол бізге бөтен екен деп қымсынбай, тесіле қарады да, қасындағы қызға орысша сөйледі:

— Қандай көрікті қыз! Ұжмақтан түскен періште тәрізді!

Өзін мақтағанға ма, әлде бұрын көрмеген сымбатты жігіттің көркі тартып кетті ме — Ақбаян оған қарай қалды. Екі отты көз бір сәт бір-бірін тұтатты да, дереу өшті. Мен ұстап отырған Ақбаянның саусақтары дір ете түсті.

Жанындағы қыз жігітке жай ғана:

— Екі жастың жаңа атып келе жатқан таңындай сәулелі шағын бұзбайық, жүріңіз, — деді.

Жігіт есеңгірегендей:

— Қайдағы таң? Қазір түн келе жатқан жоқ па?

Ішімнен ауыр күрсіндім. Сол сәтте махаббатымның жаңа атысқан таңы қара түнге айнала бастағанын қайдан білейін?

Жанындағы қыз сөзін сабақтап:

— Мен жаратылыс түнін емес, махаббат таңын айтып тұрмын.

Екеуі біз отырған алаңды сырттай айналып, кетіп бара жатты. Жігіттің даусы әдейі қаттырақ шыққандай естілді:

— От-дәрі атушы? Періштедей сұлу осындай тамаша қыздың жай бір от-дәрі атушы жігітті сүюі мүмкін бе?

Суық сөз жүрекке жеткенше мұзға айналады. Сол секундта менің ыстық жүрегіме біреу сұп-суық мұз тигізгендей болды.

Бірақ оған жауапты жігіттің қасындағы қыз берді:

— Махаббат адамның қоғамдағы қызметімен байланысты ма? Екі жастың бірін-бірі ұнатуында, сүюінде тек өздеріне ғана аян терең сыр, асыл мағына бар емес пе? Ол сыр жат көзге ойыншық болып көрінуі мүмкін. Ал ғашық екі жас үшін — бар өмірдің тағдыры, қос жүректің ең ыстық жалыны сол сезімде жатады. Олардың махаббатын өз көзіңізбен емес, олардың көзімен қарап көріңізші... Сонда ұғар едіңіз.

Қыз сөзінің соңын толық ести алмадым — олар ұзай берді. Бірақ жүрегім сол сәтте қобалжып қалды. Жігіттің сөзі шолақ әрі топас көрінгенімен, көңілге бір қауіп ұялатты. Айдың жарығы мен қараңғысы араласқандай, өмірдің қуанышы мен қайғысы да араласа жүретінін сол кезде анық сезіндім.

Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық. Қисық сөздің иесі — қисық ойлы жан екенін бірден ұққандай болдым. Неге екенін білмеймін: әлгі бұйра шашты жігіттен кенет сескеніп қалдым.

Дәл сол кезде Ақбаянның дауысы еміс-еміс жетті:

— Бұлар кім? Сен оларды білесің бе?

Сонда ғана ұйқыдан оянғандай, Ақбаянға таңырқап қарадым. Оның үнінен мен бұрын байқамаған бөтен бір сазды сездім. Денем дір ете қалды...